«Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облысы Алтай қалалық филиалына көп жылдан бері жеке куәлігін ала алмай жүрген қала тұрғыны Галина Пантелеева хабарласып, көмек сұрады.
Өтініш иесі 1997 жылы азаматтығын ауыстыру туралы шешім қабылдап, Ресей төлқұжатын алу үшін көші-қон қызметіне құжаттарын тапсырғанын айтты. Кейін ол Қазақстанда қалатын болып, азаматтығын қайта ауыстырғысы келген. Төлқұжатын өзгерту үшін құжаттарын тапсырып, көші-қон қызметінің көмегіне жүгінеді. Алайда ол осы уақытқа дейін азаматтық ала алмай, тек ықтиярхатпен жүргенін жеткізді. «Nur Otan» партиясының филиалы мен көші-қон қызметі келіссөздер қорытындысы бойынша қажетті құжаттарды жинауға бірлесіп көмектесуге келісімін берді. Сондай-ақ Ресей Федерациясының елшілігінен азаматтығының жоқтығы туралы анықтама алу керек екенін түсіндірді. Көп өтпей Галина жеке куәлігін рәсімдеп, Қазақстан азаматтығын алды. Бұл күнді ұзақ күткенін айтқан өтініш иесі филиал қызметкерлеріне алғыс білдіріп, еңбектеріне табыс тіледі.Әбілмансұр ЖАСАН