Жаңа төрағаға сәттілік тіледі
Жаңа төрағаға сәттілік тіледі

«Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының ІХ есеп беру-сайлау конференциясы онлайн форматта өтті. Оған «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағжан Тілегенов және 30 делегат қатысты.

Конференцияда «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының атқарған жұмысының есебі тыңдалып, «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалы­ның төрағасы болып Әнуар Искарин сайланды. Ақтөбелік жасотан­дық­тардың жаңа көшбасшысын пар­тия­ның облыстық филиалы төраға­сы­ның орынбасары Бағжан Тілегенов таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Асылжан Бүркіталиннің қызметінің жоғарылауын филиалда атқарылған жұмыстың нәтижесі деп бағалап, филиал жұмысына оң баға берді. – Әнуарды «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиа­лының төрағасы болуымен құттық­таймын. «Jas Otan»-да іске асырылып жатқан үлкен стратегиялық құ­жаттар, бағдарламалар бар. Солар­дың бірі – 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы. Осы бағдарламаны басшылыққа алып, «Ұрпақтар сабақтастығы», «Еркін пікір», «Ардагерлерді ардақ­тайық» жобаларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға атсалысуларыңызды сұраймын, – деді ол. Айта кетейік, Әнуар Искарин 1988 жылы дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық инс­ти­тутын қазақ тілі мен әдебиеті ма­мандығы бойынша бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Мұғалжар ауданындағы «Мұғалжар» газетінің журналисі болып бастады. Кейін газеттің бас редакторы, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы, партияның аудандық фи­лиа­лының «Jas Otan» Жастар қанаты­ның атқарушы хатшысы қызметін атқарған. 2020 жылдың қаңтар айы­нан бастап осы кезге дейін партия­ның Ақтөбе облыстық филиалының саяси жұмыстары бөлімінің кон­сультанты қызметін атқарып келді.

 Әбілмансұр ЖАСАН