«Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының ІХ есеп беру-сайлау конференциясы онлайн форматта өтті. Оған «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағжан Тілегенов және 30 делегат қатысты.
Конференцияда «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының атқарған жұмысының есебі тыңдалып, «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы болып Әнуар Искарин сайланды. Ақтөбелік жасотандықтардың жаңа көшбасшысын партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағжан Тілегенов таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Асылжан Бүркіталиннің қызметінің жоғарылауын филиалда атқарылған жұмыстың нәтижесі деп бағалап, филиал жұмысына оң баға берді. – Әнуарды «Jas Otan» Жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы болуымен құттықтаймын. «Jas Otan»-да іске асырылып жатқан үлкен стратегиялық құжаттар, бағдарламалар бар. Солардың бірі – 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы. Осы бағдарламаны басшылыққа алып, «Ұрпақтар сабақтастығы», «Еркін пікір», «Ардагерлерді ардақтайық» жобаларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға атсалысуларыңызды сұраймын, – деді ол. Айта кетейік, Әнуар Искарин 1988 жылы дүниеге келген. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Мұғалжар ауданындағы «Мұғалжар» газетінің журналисі болып бастады. Кейін газеттің бас редакторы, аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы, партияның аудандық филиалының «Jas Otan» Жастар қанатының атқарушы хатшысы қызметін атқарған. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап осы кезге дейін партияның Ақтөбе облыстық филиалының саяси жұмыстары бөлімінің консультанты қызметін атқарып келді.Әбілмансұр ЖАСАН