Былтырғы маусымдағы Мақтаарал оқиғасын ешкім ұмыта қойған жоқ. Ол техногендік сипаттағы апат болатын. Ал табиғи сипаттағы апаттар Қызылағаш, Көкпекті, Атбасар, Оразақ сынды тағы да басқа оқиғалармен есте қалды. Ендеше осы оқиғалардан қандай сабақ алдық? Олардың себебі не еді? Жаңа су тасу маусымында мұндай оқиғалар қайталанбай ма? Биылғы дайындыққа төтеншеліктермен бірге көз жүгіртіп көрген едік.
Қары қалың, суы аз көктем
Былтырғы қыс ерекше қарлы болғаны есімізде. Ауыл жолдары тұрмақ халықаралық трассаларды да қар басып қалды. Алыс аудандар түгілі астананың өзі көшелерін тазалап үлгерген жоқ. Оның аяғы «көктемгі су тасқыны алапат апатқа ұрындыра ма?» деген қауіп те болды. Пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай оқыс оқиғаға ұласып кетпесе игі деген қорқыныш та болған. Бірақ абырой болғанда күндіз жылып, түнде салқындаған ауа температурасы қалың қардың аз-аздан еріп кетуіне қолайлы болды. Енді биылғы маусымдағы жағдай қалай болмақ? «ІІМ құрамында болған кезінде ТЖ комитеті Үкіметтің тапсырмасымен «Табиғи апаттардың алдын алу және салдарын жою бойынша 2017-2020 жылдарға арналған жол картасын» жасап шығарған. Онда 1 000-нан астам шара қарастырылған. Картада тек біздің комитетке ғана қатысты емес, жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін жұмыстар да қамтылды. Тек облыстық бюджеттен емес, республикалық бюджеттен де қаржы бөлінді. Осы картаны біз 98%-ға орындап шықтық. Бұл іс-шаралар елімізде тек төтенше жағдайлардың салдарына ғана ақша бөлінетінін білдірмейді. Сондай-ақ алдын алу жұмыстарына да ақша бөлінеді. Ол – біздің жұмысымыздың көрсеткіші. Егер салдарын жою жұмыстарына ғана ақша бөлумен шектелетін болсақ, біз жаман жұмыс істеген болар едік», – дейді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин. Былтыр су тасқыны күтпеген жақтан келгенін білеміз. Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, оңтүстік өңірді су алған Мақтаарал оқиғасы кезінде 620 үй суға кетіп, 7 мың адам эвакуацияланған болатын. Сол кезде 22 эвакуациялау пункті тұрғызылып, ТЖК-нің барлық өңіріндегі материалдық-техникалық базасы жұмылдырылды. Төтеншеліктер әдеттегідей өздеріне тиесілі міндетті жоғары дәрежеде атқарып шықты.Жаңа маусымға дайындық жоғары
Еліміздің географиялық белдеулерде орналасуына қарай су тасқыны тек Маңғыстау өңірінде ғана жүрмейді. Қалған облыстардың барлығында өзен-көлдер жетерлік. Солардың ішінде оңтүстік өңірлерде су тасқыны ерте көктемде басталатын болса, солтүстік және шығыс өңірлерде қар одан бір-екі ай кейін ериді. Тіпті, Шығыс Қазақстан облысында тау басындағы мұздың кеш еруіне қарай мұнда су тасу қаупі жаздың ортасына дейін сақталады. Төтеншеліктердің тілімен айтсақ, су тасқыны жыл он екі ай назарда. Көктемгі маусымға дайындық сол кезең өткен бойдан басталады да, жаз-күз мезгілдерінде барлық жер қазу, бөген тұрғызу жұмыстары жүргізіліп, алдын алу шаралары жыл бойы жүреді екен. Барлық департамент су жаңа министрлікке биылғы дайындық жоғары деңгейде деп баяндап жатыр. Биыл республика бойынша түрлі табиғи апаттардың салдарын жою үшін 39 млрд тенге қарастырылған екен. Оның ішінде су тасқынынан келетін зардаптар да бар. Бұл сома жергілікті әкімдіктердің бюджетінде тұр және тек ТЖ болғанда апат салдарын жоюға ғана пайдаланылады. Егер биыл пайдаланылмай қалса, онда күйіп кетпейді, кейін республикаға қайтарылмайды, келесі жылға ауысады. Бұл қаржы, мәселен әкімдік жеке адамдардан техникаларын жалға алатын болса және т.б. мақсаттарға жұмсалады екен. Сондықтан да мемлекет табиғи апаттың алдын алуға ғана емес, салдарын жоюға да дайын.Судың тасығанына қуан
Еліміздегі өзендердің басым бөлігі трансшекаралық өзендер. Ертіс бастауын Қытайдан алса, Есіл аяғын Ресейге апарып құяды. Сырдария Қырғыз елінен басталып, Тәжікстан мен Өзбекстанды көктей өтеді. Іле, Тобыл, Талас, Жайық барлығы да сондай. Тек Нұра өзені ғана ішкі су көзіне жатады. Осындай географиялық ерекшеліктерді ескеріп, жаңа министр су қорын жинау керек екенін айтады. «Әлемдік климаттың өзгеріп, су қорының азайып бара жатқаны бүгінгі күннің ақиқаты екенін түсінетін уақыт жетті. Жаһандық жылынудан таулардың басында мұз қабаты жұқарып келеді. Бұл қалай болғанда да табиғаттағы су алмасу процесіне өз ықпалын тигізеді. Сондықтан да осы бастан қолға алып, жасанды гидротехникалық ғимараттарды көбірек салып, көктемгі су тасу маусымын пайдаланып, суды жинап алу жүйесін қалыптастыруымыз керек. Оған дәл қазіргі уақытта мүмкіндігіміз бар. Бұл бір жағынан, ауыл шаруашылығына артық қор болса, екіншіден су шаю оқиғаларының алдын алуға септеседі. Бұл туралы Мемлекет басшысының да тапсырмасы бар», – дейді Юрий Ильин. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда 6 000-ға жуық гидротехникалық нысан бар екен. Оның тек 250-і жекеменшік, қалғаны мемлекеттік. 7 нысан иесіз болғандықтан, оларды мемлекет балансына қайтарып алу бойынша сот процесі жүруде. Қолданыстағы заңнама, яғни Су кодексі бойынша гидронысандарға тікелей пайдаланушы ұйым жауап береді. Мәселен, Қызылағаш және Көкпекті оқиғаларында жарылған бөгендердің иелері жеке адамдар болған. Министр су қоймаларының жарылуының бәрінде адами фактор болғанын, бірақ одан қорқып, артық су қорын жинау мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайтынын айтады. Ең бастысы – бәрін сауатты ұйымдастыра білу. «Мәселен, Көксарай контррегуляторын салғанша Қызылордада ұзақ жылдар су тасқыны болып тұратын. Ол салынғаннан кейін су шаю оқиғалары сап тыйылды деп айтуға болады. Сол кезде көптеген ауылшаруашылық өндірушілері бұған қарсы болған. Ал іс жүзінде контррегулятор науасындағы 3 млрд текше метр судың жаз мезгілдерінде ауылшаруашылық мақсатында молынан жетіп отырғанын көріп отырмыз. Оны арғы жағында Сырдарияның жоғары бастауында Шардара су қоймасы бар. Оны көлемі – 5 миллиард текше метр. Осы сияқты етіп, өзге өзендердің бойында да науасы үлкен гидротехникалық нысандарды көбейту керек», – дейді министр. Климаттық өзгерістердің кесірінен елімізде үш өңір – Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстары жазғы мезгілде су тапшылығын тартуда. Ендеше мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесімен су нысандарының құрылысы жүргізілетін болса, бір оқпен екі қоян атқандай мүмкіндігіміз бар екен.Нұрлан ҚОСАЙ