5 баланың қазасы: екі жылда не өзгерді?

5 баланың қазасы: екі жылда не өзгерді?

Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтан­да бір түнде бес қыздың өмір­ін өрт жалмап әкеткен еді. Евгений мен Жанымгүл Ситерлер Бақыт, Алина, Сабина, Элина, Альбина есімді қыздарынан бір сәтте айырылған. Жүректі ауыртып, сананы сілкінткен бұл оқиғадан соң қоғамда үлкен ре­зонанс туды. Көп­балалы аналар наразылық біл­діріп, мемлекеттен көмек беруді талап етті. Содан бері сең қозғалып, жағ­дайы төмен от­басы­лардың әлеу­меттік жағ­дайы­на билік көз салып, шағымдарына құлақ аса бастады.

Оқиға қалай болып еді?

2019 жыл осындай қайғылы оқиғамен басталғаны көптің есінде. Апалы-сіңлі Ситерлердің үлкені 13-ке толар жасында, кенжесі тоғыз айлық кезінде өмірден өткен. Сол жылы 3 ақпан күні Жанымгүл түнгі кезекте болған. Пластик шығаратын кәсіпорынға жұмысқа орналасқанына да сол кезде үш күн болған екен. Балаларды ешкімнен кем қылмай бағып-қағу үшін әйелдердің жұмысқа орналасып немесе декреттен ертерек шығып, отағасы­на кө­мек­тесуге мәжбүр болуы Қазақстан үшін таңсық жағдай емес. Бұл жағдайда  Жаным­гүлді әбден түсінуге болады. Олардың қан­дай жағдайда тұрып жатқанын көріп-ақ, көмекке мұқтаж болғанын білу қиын емес. Балаларды әкесі алып қалады. Бірақ дәл сол түні техникалық қызмет көр­сету стансасында қызмет ететін Евгенийді аяқ астынан  жұмысқа шақырған. Амалсыз  балаларға қарайлауды сол маңда тұратын туыстарына тапсырып, отағасы жұмысына кетеді. Кейін түнгі сағат 02.34-те көршілері Төтенше жағдай комитетіне хабарласып, өрт болып жатқанын жет­кізеді. Сағат 02.53-те 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы өмірге келген бес қыздың мәйіті табылған. Бір сағатқа толмай өрт то­лық сөндіріледі.

Жалынмен күрес тоқтап,  жақсы өмір үшін күрес басталды

Жалынмен күрес тоқтаса да, сол күннен кейін жақсы өмір үшін күрес, керісінше жандана бастайды. Ертеңіне марқұм қыздарды жерлеу рәсіміне жүз­деген адам жиналды. Қайғыдан қан жұтқан отбасына жан-жақтан қол ұшын беріп жатқандар көп болды. Осы сәтті тіпті оң­тайлы пайдаланып кетуді көздеген алаяқ­тар жалған есепшоттар да көрсеткен. Десек те, ел болып Ситер отбасына біраз көмек­тесті. Жергілікті мешіт пәтер сыйлады. Қарап тұрсаңыз, жұрт болып жиналып көрсеткен көмектің жөні бір бөлек те, хал­қының қамын ойлаған мемлекет басқаша болса керек-ті. Осы жағдайдан соң билікте біраз өзгеріс болды. Қайғылы оқиғаның алдын алатын  шаралардың неге қолданылмағаны да сөз етілді. Сөйтсе, әкімдік «бізден көмек сұрамады, үй кезегінде тұрмаған. Көп­бала­лы отбасы ретінде жәрдемақы алады» деп жауап берді. Қала әкімінен бөлек әр аудан әкімдігінің тұрғындардың хал-ахуалын білуі, жағдайын жақсартуға тырысуы – тікелей міндеті. Бұл оқиға жергілікті ат­қару­­шы органдар жұмысының ақсаған тұс­тарын да ашып көрсетті. 6 ақпан күні елордалық аналар на­разылық білдіріп, билікке талабын қойды. Артынша Алматы, Ақтөбе, Шымкент және өзге де аймақтарда жалғасты. Қоғамда резонанс тудырды деген себебіміз де – осы. Аналардың дауысы өктем шыға бастады, іштегіні сыртқа ақтарып, соның арқасында біраз өзгерістерге жол ашты. Көпбалалы ана­лар баспанамен қамтамасыз ету мәсе­лесіне баса мән беру керек деп талап қой­ған. Одан бөлек, әр балаға сол ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең болатындай көлем­де жәрдемақы беруді сұраған.

21 мың теңгенің «жыры»

Араға екі жарым аптадай уақыт салып, Үкімет отставкаға жіберілді. Кейіннен билікке әлеуметтік реформаларға ерекше назар аудару тапсырмасы берілген. Жаңа Үкімет құрамында бес министр ауысты. Оның ішінде Ситер отбасындағы қайғылы жағдай кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Мәдина Әбілқасымова да бар. Орнына әлеуметтік жағдайды реттеуден алдына жан салмайтын басшы ретінде белгілі Бердібек Сапарбаев бекітілді. Дәл осы жағдайдан соң аз қам­тыл­ған отбасындағы балаларға төленетін жәр­демақы 21 мың теңгеге көтерілді. Жос­пар бойынша Үкімет 800 мыңға жуық адам­ды атаулы әлеуметтік көмекпен қам­туы тиіс болған. Ал есептей келе, көмекке зәру шаңырақ саны одан үш есе көп – 2,2 млн адам екені анықталады. Бұл да болса, қанша қазақстандықтың қандай ауыр жағдайда өмір сүруге мәжбүр екенін айқын көрсеткен жағдай болды. Атаулы әлеуметтік көмектің «жыры» аз болған жоқ. Тағайындалып, беріле бастағанда көп ана алғысын білдіріп, бұрын-соңды бес балаға 100 мың теңгеден жоғары алып көрмегендерін айтты. Деген­мен бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Өйт­кені әлеуметтік қамтамасыз ету заңы қайта қарал­ды. Әрі мемлекеттің «мойнына» мініп, масыл болуға ұмтылатындар көбейеді деген қауіппен атаулы әлеуметтік көмектің берілу тәртібі өзгертілді. Жалпы алғанда, 2020 жылдың соңына дейін көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгеден беріп отырды. Бүгінде мемлекет беретін жәрдемақы төрт балаға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жетіден көп болса 74 388 теңгеге тең.

Мемлекеттік жәрдемақы 236 млрд теңгені құрады

Десек те, жағдай соншалықты нашар емес. Себебі бұрынғымен салыстырғанда, азаматтардың әлеуметтік жағдайына мемлекет тарапынан назар аударыла бас­тады. Жауапкершілік артты. 2020 жылы мем­лекеттік жәрдемақыны  392,4 мың көп­балалы отбасы алған. Жалпы сомасы – 236,1 млрд теңге. Сонымен бірге көпбалалы от­басылар төмен пайызбен ипотекаға үй ала ала­ды. Әкімдікте үй кезегінде тұрғандар бас­тапқы жарна 10 пайызбен, жылдық мөл­шерлемесі 2 пайыз болатын бағдарламаға қа­тысып, баспаналы болуына мүмкіндік бар. 20 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Жаңа салынған үй, қолданыстағы пәтер не жер үйді қалауына қарай таңдайды. Бастысы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қала­ларынан ең жоғары сома – 15 миллион тең­геге, өзге өңірлерден 10 миллион тең­геге баспана алады. Отбасының әр мү­шесіне шаққанда бір айлық табыс мөлшері соңғы алты ай ішінде ең төменгі жалақы – 42 500 теңгеден аспауы тиіс. Мемлекеттік жәр­демақы кіріс ретінде саналмайды. Мәселен, егер отбасында алты адам болса, жалпы кіріс 255 000 теңгеден (6 адам х 42 500 теңге = 255 000 теңге) аспауы керек. Міне,  әлеуметтік осал топ өкілдеріне мемлекет тара­пынан осындай кішігірім қолдау беріліп жатыр. Мем­лекет қазақ­стандықтардың жағдайын жақ­сартып, мәселесі біткеннің бәрін шешіп бер­месе де, сол мақсатта қадам жасалды. Ха­лықтың үніне құлақ асу жағынан да бір­шама алға жылжу байқалады. Бұл – қуан­тарлық жағдай. Әлбетте, адам өлімі сынды ауыр салдар болғаннан кейін ғана білек сыбана кіріскен жөн емес. Алдын алып, барынша реттеу міндет. Айтпақшы, бір түнде бес бірдей қызынан айырылған Ситер отбасы былтыр жыл соңында ұлды болғаны туралы сүйінші жаңалық тараған. Күллі елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғаның енді қайталанбағаны жақсы.

Айша ЕРСҰЛТАН