Бүгінде алимент мәселесі қоғам үшін тағы бір өзекті дүниеге айналды. Алимент төлеуден жалтарғандардың айыбы бары айтпаса да белгілі. Бірі жұмыссыз болса, келесісі табысын жасырып, қитұрқы әрекетке барады. Бас прокуратура есебіне жүгінсек, 2020 жылы қаржылық борышын төлемеген 216 мыңнан астам отандасымыз анықталыпты. Оның 197 мыңы – ер адамдар. Сот орындаушылары алимент төлемейтін жандарға келгенде неге қауқарсыз? Ал қарызды мүлік арқылы өндіріп алу нәтиже бере ме?
Қазақстандықтардың алимент борышы 14 млрд теңгеден асып үлгерді. Былтыр жыл басында бұл көрсеткіш 5,7 млрд теңге болған. Аз ғана уақыттың ішінде 2,5 есе артып шыға келіпті. Мәселен, былтыр 3 мың адам борышынан қашып, ресми іздеу жарияланғанымен, басым бөлігі табылмапты. Осыдан кейін мемлекеттік органдар мен сот орындаушыларының атқарған жұмысына күмәнмен қарарымыз жасырын емес.– Отбасының бұзылуы – қоғамның бір індеті. Оның себебі көбіне тұрмыстық жағдайға келіп тіреледі. Жиі кездесетін фактор – осы. Сосын келіп алимент өндіру мәселесін қозғаймыз. Отбасының жағдайын жақсарта алдық па, мемлекет қандай қамқорлық жасап жатыр деген мәселе бірінші тұруы қажет. Күн көру басты «құндылыққа» айналып кетті. «Ерлі-зайыптылар және отбасы» кодексінде міндетінен жалтарған азаматтардың дүние-мүлкін тәркілеу, жүрісіне шектеу қою деген шара қаралған. Егер жарты жыл бойы төлемей жүрсе, 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға болады. Алименттің дауға айналған себебі – заңның орындалмауы. Басты себеп – мемлекеттік органдар мен сот орындаушылардың салғырттығы. Жұмыссыздық пен басқа да жайларды алимент төлеуден жалтаруға себеп ретінде қарамауымыз керек, – дейді Жоғарғы Соттың экс-судьясы Әділ Жамбасбайұлы.
Айтпақшы, қазір алимент өндіру процесін дұрыс атқармай, уақыт созып жүрген сот орындаушылары лицензияларынан қағылатын болды. Әр жыл сайын ел бойынша 200 мыңға жуық іс сот орындаушыларына қарыз өндіруге қатысты түсіп отырады екен. Ал бір борышкерге бірнеше бала тиесілі болуы мүмкін. Бірақ ресми есепте алиментке мұқтаж балалардың саны нақты көрсетілмеген. Біз сот орындаушыларын ісіне салғырт деп түбегейлі айта алмаймыз. Жеке сот орындаушы борышкер үкімді орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сотқа ұсыныс тастай алады. Осы жерде екі түрлі жағдай шығады. Алимент төлеуге міндетті адамның бірінің әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз болуы мүмкін. Елімізде тек 9 мың борышкердің тұрақты табысы бар. Ал екінші жағдайда борышкер табысын жасырады. 2,5 мың борышкердің жылжымайтын мүлкі, қымбат маркалы көлігі бар екен. Оның сан түрлі жолы бар. Мысалы, бар мүлкін туыстарының атына рәсімдеп қояды. Ішкі істер органы алимент секілді істерге немқұрайды қарайды, себебі олардың есептілігінде мұндай миссия жоқ. Әкімшілік іс қозғаған күннің өзінде борышкер 2 тәулікке қамалып, аз айыппұлмен құтылады. – Кейбір адам әдейі ақша төлемей қашады. Біреулер жалақысын қолдан аз етіп жаздырады. Ажырасқандар бір-бірін түсінбей жатады. Сондықтан ашуға салатындары көп. Соңында зардабын балалары тартады. Сондықтан мұның бәрін балаға теріс әсер етпейтіндей етіп ойластыру қажет. Біз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз, – дейді жеке сот орындаушыларының Нұр-Сұлтан қалалық палатасы басшысының орынбасары Мадина Жаңысаева. Соңғы кездері алимент мәселесінде борышкер міндетінен жалтара берсе, мүлкін тәркілеу шарасы қолданылып жатыр. 2020 жылы алимент төлемеген жандардан 76 пәтер мен 62 көлік алынған. Бүгінде qamqor.gov.kz сайты міндетінен қашқан азаматтардың суреті мен аты-жөнін жариялап отырады. Әзірге 1 500 адамнан артығын тіркеген. Бұл да бір борышкердің ұятын ояту үшін жасалған әрекетке ұқсайды. – Алимент төлемейтін ер-азаматтар көп. Әдетте бала анасына қалатын болған соң жағдай осылай. Негізі, уақытылы алимент төлемегендер Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі бойынша жауапқа тартылып, 15 тәулікке дейін қамалады. Ал Қылмыстық кодекстің 430-бабы бойынша сот шешімін орындаудан бас тартқан борышкерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға болады. Демек, заң бар, жауапкершілікке немқұрайды қарайтындар көп. Менде де кемі 30-40 іс алимент бойынша тұрады. Ұятын оятып, халық алдына шығарғың да келеді, – дейді алимент мәселесімен айналысып жүрген заңгер Камиша Есмұхамбетқызы. Республикалық сот орындаушыларының мәліметіне сенсек, алимент төлемейтіндердің көбі Қарағанды облысында тұрады. Мұнда 21 мың адам бар. Шығыс Қазақстанда 18 мың адам тіркелсе, үштікке 17 мың берешек тұлғасы бар Алматы облысы жайғасыпты. 2010-2020 жылдар аралығында жарты миллион неке қиылып, оның 3/1 бөлігі ажырасып кеткен. Жалпы, ажырасқан отбасылардың 83 пайызында ортақ бала бар. Одан бөлек, 400 мың жалғызбасты ана мен баласын асырап отырған 60 мың ер-азамат жүр.Мадияр ТӨЛЕУ