Көкшетауда үш баласы бар жалғызбасты ана жекеменшігіндегі жатақхананы жергілікті билікке «сыйға» берген. Кәмелет жасына толмаған балалары бар ана бұлай етпеске амалы қалмағанын айтады. 20 жыл бойы пәтер кезегінде тұрған ол баспанаға енді қолым жетті-ау дегенде қолында барынан айырылған. Көкшетау қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуымен ол жатақханасын мемлекет меншігіне осы бөлім атына аударып жіберген. Ең қызығы, жылжымайтын мүлікті «сыйға беру операциясы» еш нотариуссыз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде жүзеге асырылған. Баспананың дауымен басын тауға да, тасқа да соққан ана бізге көкейіндегі жанайқайын жасырмай айтты.
Гүлнәр Жұмановаға қаладағы Елемесов көшесі 67-мекенжайында орналасқан бұл жатақхананы сонау 1997 жылы әкесі сатып алып берген. Бір бөлмелі шағын жатақхана тарлық еткендіктен, ол 1999 жылы қалалық әкімдікке барып, тұрғын үй кезегіне тұруға өтініш жазған. Алайда баспана кезегіне тұрдым деген қуанышы ұзаққа бармапты. 2004 жылы кезегінің қанша жылжығанын білу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне барған әйелдің құжаттары із-түзсіз жоғалып кеткен. Ал кезекке тұрғанын дәлелдей алмаған ол «Nur Otan» партиясына шағымданыпты. Партия арнайы сұраныс жолдағанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арнайы жауап жазып, ол хатта әйелдің балаларының туу туралы куәлігі берілмегендіктен, кезекке қойылмағанын көрсетеді. «Сол кездегі қала әкімдерінің бәрінің қабылдауында болдым. Кезекке тұрған құжаттарымды жоғалтып алған бөлім қызметкерлері түрлі сылтау тауып, мені кезектен мүлде шығарудың амалын қарастырды. Жоғалған құжаттар шкафтың артына түсіп кетіп, сол күйі табылмай қалған. Ақыры балаларымның куәлігін уақытында бермеді деген сылтаумен кезекке қойылмағанын айтты. Мен құжаттарым мен өтінішімнің көшірмесін сұрадым. Бергісі келмей зорға дегенде көшірмесін алдым. Сөйтіп, бес жыл бұрын тұрған кезегімнен айырылып, 2004 жылы баспана кезегіне қайта қосылдым», – дейді Гүлнәр Жұманова. Арада 20 жыл уақыт өткен. Үлкендері ер жетіп, оқуларын аяқтап шаңырақ көтерген. Үлкен ұлы елордаға жұмысқа орналасып, мекеме талабына сай сонда тіркеуге отырған. Бұл баспана алуға да кесірін тигізген. «2019 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан телефон шалып, кезегім жеткенін айтып, бөлімге келуімді сұрады. Бірден жетіп бардым. Ұлымның тіркеуден шығуына байланысты бұл үйге жазылмайтынын айтты. Маған екі бөлмелі пәтерді бермек болды. Бірақ олардың айтуынша, менің басымда ешқандай мүлік болмауы тиіс екен. Сөйтіп, бөлім мамандары маған атымдағы жатақхананы тұрғын үй-коммуналдық бөліміне «сыйлық құжатпен» беруімді сұрады. Ал оны бермесем, кезекпен келіп тұрған қос бөлмелі пәтерден айырылмақпын. Үйге барып ойланбақ болдым. 85 жастағы анаммен ақылдасып едім, ол «осы қиналғаның да жетер, екі бөлмелі пәтер болса, соны алғаның жөн» деді. Қолдың қысқалығынан заңгерлерден де кеңес алуға мүмкіндігім болмады. Содан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің ғимаратында маманның айтқанын жазып, жатақханамды «сыйға» бердім. Бірақ «сыйға» берген жатақханамның жалдамалы тұрғын үйдің қарызын азайтуға еш септігі тимеді», – дейді Гүлнәр Ақпарқызы. Арада екі ай өткенде барып «сыйға» берілген жатақхананың орнына әкімдік Сарыарқа шағынауданынан 15/6-үйдің 16-пәтерінен тұрғын үйдің келісімшарт құжаттары мен кілтін берген. Баспананың дауымен басы қатқан әйелдің қиындығы мұнымен бітпепті. Жалдамалы пәтерді жекешелендіруге рұқсат берілмеген. Ал тұрғын үй мүлдем сапасыз салынған. «Екі бөлмелі пәтерді алғаныммен үйіміз сапасыз болып шықты. Қабырғалары жарылып, балконымның төбесі құлауға шақ қалған. Электр розеткілері дұрыс істемейді. Үйде ер адам болмағандықтан, оны да жөндей алмадым. Көмек сұрап баяғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне бардым. Олар құрылыс бөліміне жіберді. Сөйтіп, бірталай уақыт өткенде келіп жөндеген болды. Ал сыртынан сылап қойған жарықтары сапасыз жасалған. Әжетханадағы ванна мен унитаз, асүйдегі кранымыз, бөлмелердің есіктері түртіп қалсаң, құлағалы тұр. Әлі күнге үйге газ баллон қолданамыз. Ал үйдің құжаттарында газ тартылған деп тұр», – дейді Г.Жұманова. Расында да, тұрғын үйді пайдалануға беру және техникалық құжаттарында газ тартылғаны көрсетілген. Бірақ табиғи газдың құбыры орнатылғанымен, газ қосылмаған. Аталған жайды біз Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінен білмек болдық. Мемлекеттік мекеме басшылығы құрылысты салған мердігер компанияның кінәсінен болғанын мойындап, жақын арада кемшіліктің түзетілетінін мәлімдеді. «Аталған тұрғын үй 2017 жылдың 10 сәуірінде салына бастаған. Үйді Көкшетау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен «Эксперт Арсенал» мердігер компаниясы салған. 2019 жылы салынып біткен үйді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тапсырып, үй баспана кезегінде тұрған адамдарға бөлініп берілді. Бейнеүндеуде негізінен үйде газ баллонын қолданатыны және газбен қамтылмағаны айтылған. Бұл уақытша екенін айтқым келеді. Бүгінде біз газбен қамту бойынша ескертпелерді жойып жатырмыз. Бізде «ГазСтройСервис» ЖШС-нің ескертуі бар. Аталған ескертулер тұрғын үй пайдаланылуға берілгеннен кейін анықталған. Газ тарту бойынша айтылған ескертулерді мердігер компания ескеріп, кемшіліктерді ерікті түрде немесе мәжбүрлі түрде түзететін болады, – дейді Көкшетау қаласы құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбар Сауытбеков. Ал баспана алу үшін жалғызбасты ананың меншігіндегі жатақхананың неліктен «сыйға» берілгенін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен сұрадық. «1969 жылы туған Гүлнәр Жұманова 2004 жылы пәтер кезегіне тұрған. Тұрғын үй кезегіне қойған кезде оның меншік құқығында Елемесов көшесі 67-мекенжайдағы жатақханада 306-бөлмесі болды. Гүлнәр Жұманова өз қолымен кезекпен пәтер алған жағдайда мемлекетке жатақханадағы бөлмесін беруге міндеттелетіні туралы өтініш жазған. Аталған бөлме қазір І топтағы мүгедек адамға берілген. Бөлменің санитарлық-техникалық жағдайына және тұрғын үй алаңының кеңейту шартымен тұрғын үй комиссиясының шешімімен Гүлнәр Жұмановаға екі бөлмелі пәтер берілді,– дейді Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тұрғын үй секторының меңгерушісі Жанаргүл Баймұқанова. Қолда бар мүлкінен осылайша айырылып қалған Гүлнәр Жұманова мәселенің шешімін табуға құқық қорғау органдары мен қала басшылығы көмектессе дейді. P.S.Ақпанның 6-ы күні осы үй тұрғындарының қатысуымен жиын өткізілмек. Оған қала әкімі Амангелді Смайылов шақырылыпты. Гүлнәр Жұманованың айтуынша, үй аламын деп баспанасынан айырылған адамдар бар. Бірақ Үкімет үйін тартып ала ма немесе жұмысынан айырылып қаламын ба деп қорқып айтудан қашқақтайтын көрінеді. Біз алдағы уақытта да аталған жайттың қалай аяқталатынын назарда ұстаймыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы