5 ақпан күні Ұлттық музейде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Таң Шолпан» халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының «Таң Шолпан» атты көрмесі өтеді. Сондай-ақ аталған көрме аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Көрменің мақсаты – халықаралық арт кеңістікте өнердің әртүрлі жанрында жұмыс істейтін, өзінің жеке қайталанбас дүниетанымы, жаңашылдығы бар дарынды, бірегей, жасампаз әйелдердің шығармашылығын дамыту арқылы суретші әйелдің мәртебесін көтеру. «Таң Шолпан» халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қоры 1998 жылы құрылған. Сол жылы «Ұмай Тәңірі» галереясында көрме ұйымдастырылды. Ұзақ уақытқа созылған үзілістен кейін 2019 жылы «Таң Шолпан» қоры шығармашылық қызметін қайта жандандырды. «Таң Шолпан» ХТСӘҚ айналасына жоғары көркемдік білімі бар, кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін сияқты өнердің сан саласында жұмыс істейтін Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы, Аустрия, Германия, Канада, АҚШ елдерінің кәсіби суретшілері бірікті. Олар – республикалық және халықаралық көрмелердің жеңімпаздары, жоғары дәрежелі өнер майталмандары. Аталған көрмеге өзектілігі және ойлау жасампаздығымен ерекшеленген суретші әйелдердің шығармашылық жұмыстары қойылады. Әр туынды өзінің көркемдік стилі және композициялық идеясымен көздің жауын алады. Көрмеде әлем кеңістігі, табиғат пен өмір құбылыстары жайлы сыр шертетін, саналы және эмоционалды идеяларды бейнелейтін көркем образдарға толы картиналар топтамасы ұсынылады. Экспозицияға кескіндемелік, графикалық жұмыстар, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары (гобелендер, киізден жасалған панно, ши өрімі) қойылған көрмеде барлығы 50-ден астам кәсіби суретшінің жұмысы бар.Айбике ЖАНАСЫЛ