Теннистегі айтулы жарыстардың бірі – Аустралия ашық чемпионаты кейінге қалмайтын болды. «Үлкен дулыға» турнирінің жеребе тарту рәсімі жұма күні өтеді, ал спорттық дода 8 ақпан күні басталады.
Теннисшілер тоқтаған Мельбурн қонақүйі күзетшілерінің бірінен коронавирус анықталғаннан кейін аталған турнир кейінге қалуы мүмкін деген ақпарат тараған. Бұл мәселеге байланысты Tennis Australia басшысы әрі Australian Open директоры Крэйг Тили арнайы мәлімдеме жасап, нақты қандай іс-шаралар қабылданғанын айтып берді. – Осы жағдайға байланысты Мельбурнда өтіп жатқан ATP және WTA турнирлерінде бейсенбіге белгіленген матчтар кейінге қалдырылды. WTA жарыстары 5 ақпан күні жаңа сипатта жалғасатын болады. Яғни, теннисшілер толық екі сетті өткізеді. Үшіншісі қажет болған жағдайда тай-брейк түрінде 10 ұпайға дейін созылады. ATP және ATP Cup додалары дәстүрлі түрде жалғасады, – деді ол. Жалпы, ковидке 500-ден астам адам тест тапсырады, соның ішінде 160 теннисші бар. Нәтижесі көп ұзамай белгілі болады. Ал жарысты ұйымдастырушылар жұқтыру деңгейі өте төмен болады деп есептейді. Айта кетейік, Аустралия ашық чемпионатында Қазақстанның атынан 7 теннисші бақ сынайды. Әйелдер арасында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Дияс және Ярослава Шведова, ерлерден Александр Бублик пен Михаил Кукушкин жарысқа қатысады. Оған қоса, Александр Бублик Андрей Голубевпен бірге жұптық сында да өнер көрсетеді.Абылайхан ЖҰМАШ