Аталмыш тиындардың қолданылу мерзімі - 10-15 жыл.
Қазақстан Ұлттық банкі биыл номиналы 200 теңгелік монетаны айналымға шығарады, деп хабарлады "Хабар 24". Ұлттық банктің маңызды міндеттерінің бірі қолма-қол ақша айналысында жүрген қолма-қол ақшаның сапасын қамтамасыз ету болып табылады. Бұл банкнотты эстетикалық тұрғыдан қабылдау, оның санитарлық қауіпсіздігі және қорғалу мәселесі. "Төмен номиналдағы банкноттар 1-1,5 жыл ішінде тозады. Салыстыру үшін, жоғары номиналдағы банкноттар және монеталардың қолданылу мерзімі көбірек. Монеталардың қолданылу мерзімі - 10-15 жыл", - деді қолма-қол ақша айналысы департаменті басшысы Жомарт Қажмұратов. Қолма-қол ақша айналысын тиімді ұйымдастыру және төмен номиналдардың қолданылу мерзімін ұлғайту мақсатында, Ұлттық банк номиналы 200 теңгелік айналыстағы монетаны шығару туралы шешім қабылдады. "Номиналы 200 теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және төлемдердің барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті. Олар табиғи тозуына қарай айналымнан алынады", - деді Ұлттық банктің өкілі. Номиналы 200 теңгелік айналыстағы монеталарды айналымға шығарудың жоспарланып отырған көлемі айналымдағы монеталардың жалпы сомасының 26 пайызы болады.