Ресейлік Воронеж қаласының сотына банкке жасалған қарулы шабуыл ісі бойынша материалдар жолданды. Істе 38 жастағы Қазақстан азаматы күдікті ретінде танылған. Бұл жайында Воронеж облысы прокуратурасының ресми сайты хабарлады.
Прокурор қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау қорытындысын бекіткен. Ол аса ірі көлемде қарақшылық жасады деп айыпталуда (РФ ҚК 162 бабы, 4 бөлімі). Оқиға 2020 жылдың маусым айында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы күндіз жергілікті банктердің бірінің кеңсесіне кіріп, клиенттермен жұмыс терезесіне барған. Артынша менеджер әйелді пневматикалық тапанша мен граната муляжымен қорқытып, өзіне 5 млн рубльді беруін талап еткен.Дәл осы схеманы келесі терезеде де қолданған. Өз өмірі үшін қорыққан банк қызметкерлері қаскөйдің талаптарын орындап, кассаға қарай өткен. Ол бөлмеде тағы екі қызметкер болыпты. Әріптестердің артынан барған ер адам оларды қорқытып-үркіткен. Кассирлер түрлі валютадағы ақшаларды алып, жалпы сомасы 2 млн 800 мың рубльді тонаушының сөмкесіне салған. Күдікті ұрлаған ақшасымен бірге қашып кеткен.
Іс Воронеждегі соттардың біріне жолданған. Жоғарыда көрсетілген бап бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.