Шешімін таппайтын мәселе жоқ
Шешімін таппайтын мәселе жоқ
138
оқылды

Түркістан облысында «Nur Otan» фракциясының депутаттары тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелерін, шағымы мен өтініш­терін шешуге атсалысып жатыр. Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Темір Қырықбаев «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде қабылдау өткізді.

Сонымен қатар Жетісай ау­дандық мәслихатының депутаты Жұмағали Төреқұл, «Nur Otan» партиясы Жетісай аудандық филиалы төра­ға­сының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Әділхан Асауов та жергілікті тұрғындарды қа­былдап, мұң-мұқтажын тың­дады. Шараға аудан әкімдігінің бөлім бас­шылары да қатысты. Қоғамдық қабылдауға кел­ген азаматтардың бірі – Жаңа ауыл елді мекенінің тұрғыны Шариф Давранов ауылда спорт комплексінің жоқ екенін ай­тып, аталған елдімекен мекте­бінің спорт залында спорттық үйір­мелер ұйымдастыруға көмек сұрады. Сонымен қатар Ын­тымақ ауылдық округінің тұр­ғыны Құрбанай Муссулу­мова әжесінің зейнетақы кө­лемінің тым төмен екенін алға тартса, қабылдауға келген У.Ермахан­бетова өзінің зей­нетақы қо­рындағы қаража­тымен несиесін жабуға көмек көрсетілсе деген өтінішін жет­кізді. Ал Жетісай қаласының екі тұрғыны баспана мәселесін алға тартты. Халық қалаулы­ларының қабылдауында болған Қызылқұм ауылдық округі, Қызылқұм ауылының тұрғыны С.Аджиханов ескі үйі­нің күр­делі жөндеу жұмыс­тарына кө­мек сұрады. Бүгінде 4 пер­зентімен 1950 жылы салын­ған ескі үйде тұрып келе жатқан жалғызбасты әке еденнің ес­кіріп, терезелерінің қирап жат­қанын айтады. Жалғыз өзінің жалдамалы жұмыстан тапқан табысы ас-ауқаттан артыл­майтын көрінеді. Айтылған бұл өтінішке байланысты облыс­тық мәслихат депутаты Темір Қырықбаев алдағы 2 айда өз қаржысы есебінен тиісті жөн­деу жұмыстарын жүргізіп беруге уәде етті. Ш.Ділдәбеков ауылдық округінің Сырабад елді ме­кенінен келген М.Бегалиева­ның да мәселесі оңды шешілді. Кәмелет жасына толмаған аурушаң перзентінің өздігінен жүріп-тұруы қиындаған. Қа­жетті дәрі-дәрмектері табылған жағдайда физиотерапиялық емді 30 күн қабылдауы керек екен. Отағасы екеуі жалдамалы жұмыспен балаларын асырап отыр. Қызының денсаулығы алаңдатқан ана тиісті емдік курсқа қаржының жетпей тұр­ғанын айтып, көмек сұрады. Бұл мәселеге байланысты ау­дандық мәслихат депутаты Жұмағали Төреқұл қаржылай көмек беріп, «Жетісай» аудан­дық ауруханасы дәрілері мен тиісті емдерін тегін жүргізуге уәде берді. Қоғамдық қабылдау бары­сында мәселесін айтқан әрбір азаматқа тиісті сала мамандары тарапынан құқықтық кеңес беріліп, өтініштер бойынша заң аясында жұмыс жүргізілетін болды.

Әбілмансұр ЖАСАН