Тұрғындардың арызын тыңдады
Тұрғындардың арызын тыңдады
169
оқылды

Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова облыстық партия ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға келген өңір тұрғындарының басым бөлігі  жұмыспен қам­ту, әлеуметтік көмектер жөнінде сұрады.

Алдына келген әрбір тұр­ғынның мәселесін мұқият тыңдаған басқарма басшысы айтылған ұсыныстардың оң шешілуіне ықпал етті. Мә­селен, Эдельвейс саяжайының тұрғыны Юрий Иванов ағасын қарттар үйіне орналастырып беруге ықпал жасауды сұрайды. – Ағам Константин Иванов осыдан 2 жыл бұрын инсульт алып, ауырып қалды. Қазір өзім­мен бірге тұрады. Жұмыс­сыз. Өткен жылы жары қайтыс болды. Қараушысы болмаған соң уақытша 4 жасар қызын балалар үйіне өткіздім. Ағама қарауға мүмкіндігім болма­ғандықтан осындай қадамға баруға тура келді, – дейді ол. Басқарма басшысы мәсе­лені тиісті сала мамандарымен бірлесіп, зерделеп қолдау көр­сетуге уәде етті. Ал тағы бір өті­ніш иесі Фатима Әбдірәсіло­­ва 2018 жылы «Оң­түстіктен-сол­түстікке» еңбек бағдарламасы арқылы Қостанай облысына жұмыс істеуге кеткен баласы мен келінінің бүгінгі күні жұ­мыссыз және тұрып жатқан үйлерінде ешқандай жағдай жасалмағанын айтып, жұ­мыспен қамтуға көмектесуін сұрады. Басқарма басшысы Қостанай облысындағы әріп­тестеріне қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірді. Алдағы уақытта өтініш иесіне қосымша хабарланатын болып келісілді. Көпбалалы ана Несібелі Сәдуақасова алтыншы бала­сының жәрдемақысын осы күнге дейін ала алмай келе жатқанын айтып шағымданды. Мәселе Қызылорда облысы бойынша Еңбек, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау департаменті арқылы шешімін табатыны түсіндірілді. Басқарма басшысы қа­былдауға жазылып, келе алмай қалған тұрғындардың өті­ніштері бойынша да оларға хабарласып, онлайн түрде мә­селесін тыңдап, нақты кеңес­тер мен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Әбілмансұр ЖАСАН