Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова облыстық партия ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға келген өңір тұрғындарының басым бөлігі жұмыспен қамту, әлеуметтік көмектер жөнінде сұрады.
Алдына келген әрбір тұрғынның мәселесін мұқият тыңдаған басқарма басшысы айтылған ұсыныстардың оң шешілуіне ықпал етті. Мәселен, Эдельвейс саяжайының тұрғыны Юрий Иванов ағасын қарттар үйіне орналастырып беруге ықпал жасауды сұрайды. – Ағам Константин Иванов осыдан 2 жыл бұрын инсульт алып, ауырып қалды. Қазір өзіммен бірге тұрады. Жұмыссыз. Өткен жылы жары қайтыс болды. Қараушысы болмаған соң уақытша 4 жасар қызын балалар үйіне өткіздім. Ағама қарауға мүмкіндігім болмағандықтан осындай қадамға баруға тура келді, – дейді ол. Басқарма басшысы мәселені тиісті сала мамандарымен бірлесіп, зерделеп қолдау көрсетуге уәде етті. Ал тағы бір өтініш иесі Фатима Әбдірәсілова 2018 жылы «Оңтүстіктен-солтүстікке» еңбек бағдарламасы арқылы Қостанай облысына жұмыс істеуге кеткен баласы мен келінінің бүгінгі күні жұмыссыз және тұрып жатқан үйлерінде ешқандай жағдай жасалмағанын айтып, жұмыспен қамтуға көмектесуін сұрады. Басқарма басшысы Қостанай облысындағы әріптестеріне қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірді. Алдағы уақытта өтініш иесіне қосымша хабарланатын болып келісілді. Көпбалалы ана Несібелі Сәдуақасова алтыншы баласының жәрдемақысын осы күнге дейін ала алмай келе жатқанын айтып шағымданды. Мәселе Қызылорда облысы бойынша Еңбек, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау департаменті арқылы шешімін табатыны түсіндірілді. Басқарма басшысы қабылдауға жазылып, келе алмай қалған тұрғындардың өтініштері бойынша да оларға хабарласып, онлайн түрде мәселесін тыңдап, нақты кеңестер мен түсіндірме жұмыстарын жүргізді.Әбілмансұр ЖАСАН