Миллион адам эвакуациялана ма?
Миллион адам эвакуациялана ма?
92
оқылды

Биыл 600 мыңға жуық адам тұратын 905 ауыл мен қала су астында қалуы мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев хабарлады. Сонымен бірге Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында тоңның былтырғыдан тереңірек қатқаны анықталып отыр.

Жалпы алғанда, биыл елімізде қар аз түскен. «Қазгидрометтің» алдын ала болжамынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қа­зақстан облыстарының өзен бас­сейндеріндегі ылғал мен елі­міз­дегі жалпы қар қоры орташа көп­жылдық деңгейден төмен. Алайда бәрібір су басу қаупі сақ­талуда. Жалпы, елімізде «Су тасқыны қаупінің алдын алу және оларды жою жөніндегі шаралар кешені» аталатын жол картасы аясында 4 жыл ішінде қорғаныс бөгеттерін салу, қорғаныс құрылыстарын жөндеу, жағалауды бекіту, су тас­қыны қаупі бар өзендердің арна­ларын тереңдету және түзету ба­ғытында 402 іс-шара орын­далған. Жол картасындағы іс-ша­ралар 315 елді мекенде су басу қаупін толығымен жоюға және 314 елді мекенде азайтуға мүм­кіндік берді. Қалың тоң кешірек ериді. Әзірге еріген қарға байланысты 276 елді мекенге тасқын қаупі төніп тұр. Биыл еліміз бойынша әкім­діктер төтенше резервтер мен шұ­ғыл шығындарға арналған ре­зервтерге 36,6 миллиард теңге бөл­ді. 180 мың тонна жанар-жа­ғармай, 142 мың тонна инертті материал, 700 мың қап және жа­рылғыш зат дайындалыпты. Қажет болған жағдайда зардап шеккен адамдарды уақытша ор­наластыру үшін 3 мыңнан астам пункт ашылады. Оған 1 миллион адамды орналастыруға мүмкіндік бар. 10 өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қостанай, БҚО, СҚО, ШҚО және Түркістан облыстарында 60 аса ірі су қоймасына апта сайын мониторинг жүргізілуде. Ал нау­рызда «Көктем-2021» респуб­ликалық оқу-жаттығуы өткізіледі. Оның басқару штабы Павлодар қала­сында орналаспақ. Елді мекендерден қар шы­ғаруға, гидро­техникалық құры­лыстардың суды қабылдауға және апатсыз өткізуге дайындығына қатысты бірқатар мәселе бар. Сондай-ақ 344 ғимарат жөндеуді қажет етеді. ТЖМ күштері мен құралдары көктем мезгіліндегі төтенше жағ­дайларға дайын екені мәлім етілді. 10 мыңнан астам қыз­мет­кер және 1 800 бірлік техника жұмыла кетуге әзір.

Е.СЕНБАЙ