Шығыс Қазақстан облысында көліктің артына резеңке баллонды тіркеп сырғанаған екі адам жол апатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға Бесқарағай ауданында болды. Nissan Terrano машинасының 19 жастағы жүргізушісі көлігінің артына резеңке баллон тіркеп, 2001 және 2002 жылы туған екі танысын мінгізіп, сүйреткен. Семей – Дөлен жолындағы Стеклянка ауылынан жеті шақырым жерде жігіттер Nissan X-trail маркалы көлігімен соқтығысқан. Салдарынан баллонда отырған екі жігітті көлік соғып, олар әртүрлі дене жарақатымен оқиға орнында мерт болды. 19 жастағы көлік жүргізушісін Бесқарай аудандық полиция қызметкерлері уақытша ұстау изоляторына қамады. Сараптама жасалып жатыр. Жол ережесін бұзып, абайсыздық таныту салдарынан екі адамның қайтыс болуына қатысты ҚР ҚК 345-бап, 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.