Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қазақстан тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өткенін, қуатты мемлекеттің іргесін қалағанын, енді егемендіктің төртінші онжылдығына қадам басқанын, бұл еліміз үшін аса маңызды кезең екенін атап өтті. Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды. – Тұтас мемлекетті қамтитын ауқымды іс-шараларды өткізген кезде айқын көзқарас, нақты ұстаным болуы шарт. Себебі өңірлердің бәрі орталыққа бейімделіп жұмыс істейді. Сіздерден бағдар алады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек, – деді Президент. Мемлекет басшысы қазір заман басқа, адамдардың санасы айтарлықтай өзгергенін, оған қоса бүгінде барша әлем жұртшылығы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын айтты. Қаржыны оңды-солды жұмсап, ұлан-асыр той жасайтын уақыт емес екенін, тиімсіз форумдар мен конференциялар өткізудің қажеті жоқтығын қадап тұрып жеткізген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайына баса мән беру керегін, елдің тұрмысы түзелмесе, жетістіктерді мақтан етудің қажеті жоғын атап өтті. – Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануы тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны, – деді Мемлекет басшысы. Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталды. Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса айтты. – Бүгінде біз іске асырып жатқан елімізді жүйелі түрде жаңғырту жұмысы адамдардың қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Мемлекеттік жоспарлау мен басқару салаларындағы соңғы өзгерістер де осы мақсатты көздейді. Біз өңірлік деңгейдегі теңсіздіктер мен кедергілерді біртіндеп жоямыз. Өйткені бізге қуатты тәуелсіз Қазақстанды құру үшін аймақтардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты дамығаны керек, – деді Мемлекет басшысы. Президент 2025 жылға дейін 5 триллион теңгеге бағаланатын мемлекеттік активтерді жекешелендіру арқылы кәсіпкерлік саласының әлеуетін айтарлықтай арттыра алатынымызды атап өтті. «Халықтық IPO» бағдарламасын жаңғырта отырып әрбір қазақстандықтың ұлттық байлығымыздың бір бөлігіне ие болуына және отандық экономиканың көшбасшыларын дамытуға өз үлесін қосуына мүмкіндік жасаймыз. Мемлекет басшысы адам капиталының сапасын арттыру біз жүргізіп отырған саясаттың негізгі бөлігі екенін жеткізді. Айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы – Президент қойған басты талаптың бірі. Себебі елде не жасалса да, бәрін болашақ ұрпақ үшін жасалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары, жастардың құлшынысы зор екенін айта келе, осы белсенділікті бәсеңдетпей, оларды жаңа мақсаттарға жұмылдыру қажеттігіне тоқталды. – Жастарға қатысты келесі мәселе – жұмыспен қамту. Бұл, әсіресе өңірлерде аса өзекті. Біз жұмыссыз жастарға жол сілтеп, бағыт-бағдар беруіміз керек. Олардың тұрақты кәсіп табуына көмектесуіміз қажет. Қазір жұмыспен қамтуға бағытталған бірнеше бағдарлама бар. Бірақ жастардың көбі сол шаралар туралы білмейді. Мемлекет ұсынып отырған түрлі қолдау жұмыстарынан хабарсыз. Бұл мәселе тек жалаң үгіт-насихатпен шешілмейді. Үкімет пен әкімдер жастарды жұмыспен қамту мәселесімен арнайы айналысып, күнделікті назарда ұстауы қажет, – деді Мемлекет басшысы. Қазір жастар саясатына қатысты заңдарға қажетті түзетулер енгізілуде. Енді жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылады. Бұл осы бағыттағы шаралардың тиімділігін арттырады. Президент жастар саясатына арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты біртұтас ұлттық жоба әзірлеген жөн екенін атап өтті. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды жүйелеу үшін әр бағыт бойынша бытыраңқы жүзеге асырылып жатқан жобаларды бір арнаға тоғыстыруды тапсырды. Ал оны дайындауға, одан соң талқылауға бүкіл жастар және студенттер ұйымдарын, азаматтық белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарту керек. – Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент талантты жастарымыздың креативті экономика құрудағы рөлінің маңызына назар аударды. Өйткені креативті индустрия әлемдік экономикада ең жылдам дамып жатқан сегмент. Дамыған мемлекеттерде аталған сала ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын құрайды. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын ойластыруды тапсырды. Президенттің пікірінше, оның негізін қалаушы бөліктің бірі ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша Ұлттық білім хабы болуы қажет. «Таланттар фабрикасы» іспетті бұл орталық еліміздің барлық өңірлеріндегі дарынды жастардың кәсіби мамандардан білім алып, олардың шеберлік сағаттарына қатысуға жол ашады. – Біз ел дамуына жас таланттарымыздың белсене араласуына баса назар аударуымыз керек. Олардың әрқайсысы Отанымыз жеткен жетістіктерге қатысы бар екенін сезініп, табыстарын мақтан тұтуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол үшін біздің қоғамда да меценаттық пен қайырымдылықтың дәстүрін біртіндеп дамыту қажет. Мемлекет басшысы бүкіл әлемде ұжымдық ынтымақтастықтың бір түрі ретінде краудфандинг бағытының танылып келе жатқанын тілге тиек етті. Оны азаматтардың қоғамдағы өзекті проблемаларды шешуге қатыстырудың негізгі бағытының бірі ретінде бағалады. Сонымен қатар Astana Hub технопаркінің базасында бірыңғай краудфандинг тұғырнамасын жасаудың мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.