Семейдің автобустарына электронды билет жүйесі енгізіледі
Семейдің автобустарына электронды билет жүйесі енгізіледі
119
оқылды

Семей қаласындағы автобустардың бәріне электронды билеттеу жүйесі енгізіледі, – деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімі Ермак Сәлімовтің сөзіне сілтеме жасап.

«2020 жылдың 4 қаңтарынан бастап Семей қаласындағы барлық автобустар, яғни, үш автотұрақ электронды билет жүйесіне көшеді. Бұл күні қала тұрғындары 160 мың көлік картасымен қамтылады деп жоспарланған. Егер карталар болғанда біз электрондық билет жүйесін бұрынырақ енгізіп қояр едік», – деп атап өтті Ермак Сәлімов.

Сонымен қатар әкім көлік картасы және мобильді құрылғымен төлем жасау ақысы бұрынғыша 80 теңге болып қалатынын айтқан. Қала басшысы депутаттармен келісіп, Әділет министрлігінде тіркегеннен кейін бір бағытқа жол ақысы 140 теңге болатын сараланған тариф енгізілетінін мәлімдеді.

«4 қаңтардан бастап – электрондық билет жүйесі, ал 14 қаңтардан – Әділет министрлігінде тіркегеннен кейін сараланған тариф іске қосылады. Яғни, 14 қаңтар күні автобусқа міндің, бірақ көлік картаң болмаса, 140 теңге төлейсің немесе көлік картасын аласың. Біз картаны автобустың ішінде сатып алуға болатын мүмкіндік жасауға тырысамыз, бірақ кондуктордан емес, басқа адамнан», – деп түсіндірді қала әкімі.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 3 желтоқсанында Семей қаласында көлік карталарының жетіспеуінен қала автобустарындағы электронды билет жүйесіне біртіндеп көшу туралы шешім қабылданған болатын.