Дәріхана төңірегіндегі кезекті дау
Дәріхана төңірегіндегі кезекті дау
211
оқылды

«Қазақстанда дәрі­ха­на­лар­дың 3 пайызы ғана қа­лып, қалғаны тегіс жа­бы­ла­ды» деп бірқатар ақ­парат құ­­­ралдары мен әлеу­­меттік же­лілердің, тіпті де­путат­тар­дың шула­ға­ны­на үш ап­тадай уақыт өтті. Әзір­ге жап­пай жа­­­­­­­былып жат­қан дә­­рі­хана жоқ. Бұл дауға Ден­­сау­­лық сақ­тау министр­лігі­нің көп­те­ген дәрі түрінің ба­ға­сын күрт тө­мендетуі түрт­кі бол­ды. Сол қадамға не се­беп?

Дәріге таңылған ұлт

Бірінші байлық – денсаулық екені айтпаса да түсінікті. Осы сала бизнестің қаптаған секторын – фармзауыттарды, химия өнер­­кәсібін, дәріханаларды, тасымал-логистика компанияларын, дис­трибьюторларды, жарнама қыз­­метін, блогерлерді, басқа да дел­далдарды байытып жатыр. Екі ортада сорлайтыны – сырқат. Денсаулық сақтау министр­лігінің мәліметінше, қазақ­стан­дықтар ауырса, дәрі-дәрмекке өз табысының 19%-ын шығын­дайды. Мемлекет саладағы баға қалып­тастыруды нақты реттей алмай отыр, салдарынан халықтың ден­саулығы мен өмірін сақтайтын ме­дициналық препараттардың баға­сын фармкомпаниялар да, дел­дал­дар да, дәріханалар да өз бетінше еселеп өсіреді. Медициналық сақтандыру жүйе­­сіне сәйкес, медикаменттердің үлкен бөлігін сақтандырылған қа­зақ­стандықтар тегін алуы тиіс. Алайда ӘМСҚ бұл уәдесін орын­дамады: қажет кезде емхана не ау­рух­анада керекті дәрі табылмаған соң ауруы жанына батқан науқастар оны өзі сатып алады. Тегін тара­тылуы тиіс дәрілерін айлап күтіп, жағдайы ауырлаған сырқаттар ша­ғым жазып, дау көтереді. Жалпы, Қазақстанда тегін медицина іс жү­зінде жойылды. Медсақтандыру қорына жарна аудармаған азамат­тарды емхана дәрігерлері қабыл­дамайды. Осы орайда, қазақстан­дықтар­дың 31%-ы ауырса да дәріден және медициналық қызметтерден ақша үнемдеуге тырысатыны анықталды. Бұлай бара берсе, ұлан-байтақ ұлы далада ешкім қалмауы, қалғанның өзінде азын-аулақ әрі ауру-сырқау ұлтқа айналуы кәдік. Елбасының тапсырмасымен, ел Парламенті қабылдаған заңға сәйкес, Денсаулық сақтау минис­трлігі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, барлық дәрілердің бөлшек саудадағы шекті бағасын бекітуге кірісті. Ал «СҚ-Фармация» преп­а­раттарды Қазақстан бойынша дер ке­­­­зінде жеткізуге жауапты оператор ретінде белгіленді. Жағдай күрт жақсарған болар? Қайта нашарлағандай. Сарапшы­лардың айтуынша, ДСМ бекіткен шекті баға – бағаны шектеуге емес, керісінше оны қымбаттатуға ықпал етті. Өйткені бұған дейін препарат­тарды арзанырақ саудалап келген дәріханалардың өзі бағасын ең жоғары, шекті бағаға дейін көтерді. Оның үстіне, емханалардың басқа түгіл, созылмалы дертке ұшыраған жандардың өзіне тегін дәрілерді бермей жатқанына қатысты шағым толастар емес.

Дәріханалар дәрменсіз жағдайда ма?

Биыл қаңтар айының соңында бірқатар ақпарат құралы «Дәрі­ханашылар Қазақстанда таяу күн­дері дәрі тапшылығы бастала­тынын жариялады» деп жарыса жаза бас­тады. Әріптестеріміз бұл шудың ар­тында шағын ғана бизнес тобы­ның лоббиі тұрғанына мән бермеді. Коронавирус індеті ушық­қан кезде мұндай мәлімдеме «төбе­ден жай түскендей» еді. Себебі ха­лықтың қарапайым параце­тамолды таба ал­май, дәріханаларды ша­буыл­дағаны есте. Бұл үрейдің отына ақпарат құ­ралдары май құя түсті: «жақында антибиотиктер мен қызу түсіруші препараттар жоғалып кетуі мүмкін». Осының алдында ғана Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ел Пре­зидентіне дәл осы дәрі-дәр­­­мек­тердің кем дегенде 2 айға жететін қоры жасалғанын хабарлағаны белгілі. Сонда кімге сенеміз? Провизорлардың дерегінше, Денсаулық сақтау министрлігі дә­рілердің біршама арзандатылған шекті бағасын бекітіпті, ол бойын­ша енді медикамент сатып алу тиімсіз болып қалған. Соның ке­сірінен, енді көптеген препарат тү­ріне тапшылық туындайды. «Жоқ, сіз қараңызшы: мына бір дәріні бізге жеткізуші 1 668 теңгеге әкеледі, ал бөлшек саудада оны біз 970 теңгеден сатуымыз керек! Сонда үстеме орнына минус 16,89% шығын шегеміз. Тағы бір ірі жеткізуші 1 214 теңгеге ұсынады. Қисын қай­да? Бү­­гінде дәріханалардың үлкен бөлігі 150-ден астам дәрі түрін сө­реден алып тастады. Бұл жуырда барлық дәріхананың жабылуына соқты­рады» деп КТК арнасынан ашы­­­нысын білдірді дәріханалар желі­сінің директоры Камила Ка­биридзе. Олар мемлекеттен субсидия қар­­­жы алғысы келетіндерін меңзеді. «Жеткізу бағасы қызықты бол­маған соң, біз дәрі түрін дистри­бьютордан сатып алуды тоқтатамыз, ол өз кезегінде өндіруші фармком­панияға тапсырыс беруін доғарады. Дәрі өндіруші Қазақстан нарығын тастап кетеді. Бұл елде дәрі тап­шы­лығына соқтырады» деп өз қисынын алға тартады дәріхана қожайыны Қанат Әубәкіров. Қынжылтатыны сол, дабыра-дүбірге депутаттар ат қосты. «Ақ жол» партиясы атынан депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Айгүл Жұмабаева дәрілерді 48%-ға арзандатқан министрлік  бұй­рығына қарсы шықты. Оған ДСМ-ның тек антиковидтік препа­­­рат­тармен шектелмей, өзге меди­­­ка­менттер бағасын төмендеткені ұна­­майды. – Мысалы, бұйрықтағы тізбеге антиковидтік саналмайтын дәрі-дәрмектер, мысалы аллергияға қар­сы адвантан, естен тану және қатерлі ісікке шалдығу кезінде бе­рілетін преднизолон, сондай-ақ кардио­магнил, көз тамшылары, ауырсыну сезімін басатын жақпалар еніп кеткен. Фармацевтердің мәліме­­­­тінше, парацетамол 80 теңгеден сатып алынады, оны 60 теңгеге сат дейді. ЭКҰ жасатқан әйелдерге қажетті клексанға 13 мың теңге шекті баға белгіленген, ол көтерме ба­ғада 17-18 мың теңгеге сатылады. ДСМ іс-әрекеті кесірінен, ұсақ дәріханалардың 70%-ы зардап ше­геді, ал препараттардың 131 ата­­­лымы дәріханалардан жоғалып кетеді. Бұл бұйрықты орындау дәрі­хана бизнесін шығынға отырғы­зады,– деді депутат А.Жұмабаева. Оның байламынша, Денсаулық сақтау министрлігі қабылдап жат­­қан шаралар «ең көп сұранысқа ие дәрілердің тапшылығына, фар­м­нарықтағы дағдарысқа, дәрі­хана­лардың күйреуіне соқтырады».

Қымбат баға – ұлтқа қауіп

Екі ортада кім құбыжық бол­ғысы келсін?! Дереу жауап қатқан Денсаулық сақтау министрлігі көп­теген препарат бағасын төмен­детуге тура келгенін мәлім етті: ко­­­­ро­нави­рус пандемиясын пайда­ланып, на­рық ойыншылары бағаны ша­рықтатып жатыр. Салада баға спеку­ля­циясы көбейген, ол ел денсау­лы­ғы­на соққы болуы ықтимал. Мысалы, КВИ індеті ушығып, жұрт дәріханаларда ұзын-сонар кезек түзген 2020 жылдың мау­сы­мында салық органы – Мемлекеттік кірістер комитеті онлайн бақылау-кассалық машиналардың көр­сеткіштеріне талдау жүргізді. Сонда тек жаздың екі аптасында ғана дәріханалардың 10 миллиард тең­геден артық табыс тап­қанын ай­қындаған. Оның үстіне, бұл олар­дың ең төменгі табысы. Ко­митет көптеген дәріхананың өз кірі­сін жасырып қалғанын жеткізді. Бірін­шіден, елдегі 10 мыңдай дәріха­наның тек 7 674-інде ғана онлайн БКМ орнатылған. Қалғанында кас­­салық аппарат жоқ. Екіншіден, аппа­раты барларының өзі клиентіне чек бер­мейді. 239 дәріхана кейбір күндері ғана чек басады. 99 дәріхана бір күнгі табысы 5 000 теңгеге де жетпейді деп көрсетеді. Қалғандары көбіне чек бермейді, айлық табысы «0» деп жа­зады. Нәтижесінде, дәрі­­­хана­­лар­дың небәрі 60%-ы ғана табы­­­­сын аз көр­сеткен. Салықшылар азамат­тар­дан дәріханада чекті талап етуді сұрайды.

Бұған қоса, шетелдік зауыт­тар­дың бізге ұсынатын бағасын өзге ел­­дерге ұсынылатын бағамен са­лыс­тыру ісі жолға қойылмаған. Ол не үшін керек? Ресейлік жет­кізуші шетел­дік дәрі өндірушіні жақсы жеңілдік жасауға көндіруі мүмкін. Ал қазақстандық жеткізуші ұсынған ба­­ғаға ала салады. Салда­рынан ко­ронавирус жұқтыр­ған Қазақстан азаматтары қажетті дәрілерді Ресей­ден тасуға мәжбүр болды, сонда ар­зан.

Індет кезінде баға көтеріп, негіз­сіз пайда тапқан дәріха­­­­­на­­лардың және олармен ымыралас делдал­дардың қарау қарекетін Бә­секе­лестікті қорғау және дамыту агент­тігі әшкереледі. Осыған орай, ве­домство ДСМ-ге 2021 жылдың қаңтарында кем дегенде 230 пре­параттың бағасын орташа есеппен 27% арзандатуды ұсынған. Себебі алыпсатарлар бағаны қалыптастыру кезінде-ақ қымбаттатып алу схема­сын қолданыпты. «Мәселен, дистрибьюторлар соңғы жылдағы инвойстар (тауар­дың тізбесінен, сапасы мен жеткізу бағасынан тұратын, сатушы сатып алушыға ұсынатын коммерциялық құжат) ең жоғары бағаны есепке алады. Мұның сыртында көбіне өндірушінің инвойсы ұсыныла бермейді. Бұл дистрибьюторларға дәрілік препаратты өндіруші зауыт­тан емес, әлдебір делдалдан алуына мүмкіндік береді. Сөйтіп, бағаны о бастан қымбат етіп белгі­леуге алғы­шарт түзіледі», – дейді Бәсекелес­тікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Марат Омаров. Бұған қоса, шетелдік зауыт­тар­дың бізге ұсынатын бағасын өзге ел­­дерге ұсынылатын бағамен са­лыс­тыру ісі жолға қойылмаған. Ол не үшін керек? Ресейлік жет­кізуші шетел­дік дәрі өндірушіні жақсы жеңілдік жасауға көндіруі мүмкін. Ал қазақстандық жеткізуші ұсынған ба­­ғаға ала салады. Салда­рынан ко­ронавирус жұқтыр­ған Қазақстан азаматтары қажетті дәрілерді Ресей­ден тасуға мәжбүр болды, сонда ар­зан. Әлеуметтік желіде осы мәселеге пікір білдірген қазақстандықтар мемлекеттің дәріні арзандату та­­л­а­бын бірауыздан құптады. «Дәріханашылар дистрибью­тормен ымыраласып, қоқан-лоқы көрсетуге тырысып жүр. Ал өздері бағаны тоқ­тау­сыз қымбаттатып жатыр. Жақында ата-анамның қан қысымына қа­­тысты дәрілерін Ресейден ал­ғыз­дым, көр­шіде 3 есе арзан. Және ресейлік емес, еуропалық дәрі. Бір еуропалық өн­діруші. Дәрінің сауда атауы да, до­зировкасы да, қаптамасы да бір­дей: Ресейде ол 1 000 рубль, ал бізде ша­мамен 15 мың теңге тұ­рады», – дейді Екатерина К. Андрей Б. тромбоциттің агре­гациясына тосқауыл қоятын Plavix препаратының небәрі 14 таблетка салынған қорабы үшін Қазақстанда дәріханалар 8,5 мың теңге сұрай­тынын, ал оның 100 таблеткадан құралған қорабы Ресейде 17 мың тең­геге түсетінін хабарлады. Дәрі көрші Қытайды айтпағанда, Қыр­ғыз Республикасы мен Өзбекстанда арзандау. Министр Алексей Цойдың ха­барлауынша, қолданысқа енген бұйрық сыртында министрлік «Бөл­шек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттардың сауда атау­ларының шекті бағаларын бекіту туралы» жаңа бұйрық жо­басын әзірледі. – Құжат дәрі мен медициналық бұйымдардың бағаларын теңгерімді реттеуді қамтамасыз етеді. Ондағы шараның орындалуын бақылау үшін өңірлерде топ құрылады, оның құрамына Бәсекелестікті қорғау агент­­тігінің өкілдері кіреді. Топ мүшелері өңірлердегі дәрі­­ханаларда дәрілер мен мед­бұйым­дардың баға­ларына тұрақты негізде мониторинг жүргізеді, – деді Алексей Цой. Әрине, мұның бәрі бұрыннан қолданылған, пәрмені мен қай­тарымы аз шара. Уақыт өте келе, дәріханашылар бәрібір бағасын қымбаттатады. Демек, салаға соны сілкініс, түбегейлі реформа қажет.

АйханАйхан ШӘРІП