30 миллионға салынған өткелден өту қауіпті
30 миллионға салынған өткелден  өту қауіпті

Жамбыл облысы соңғы жылдар­дың бедерінде жол-көлік оқиғалары бойынша көш бастап тұрған еді. Тек былтыр ғана көрсеткішіміз төмендеп, көпшілік «шүкірлік» айта бастады. Десе де, үлкен тасжол бойы ғана емес, Тараз қаласы  ішінде де тұр­ғындардың қатынауына қауіп төнген кездер болған. Осыған орай, жер­гілікті билік 2016 жылы Төле би көшесінің бойынан  30 миллион тең­геге жерүсті өткелін салған еді. Қазір аталған өткелден қара халық жанын шүберекке түйіп өтіп жүр. Себебі қор­шаулары қираған нысаннан бала­лар түгілі, ересектердің өзі төмен қарай сырғып, құлап кетуі мүмкін.

Ата-аналар неге шырылдайды?

Балалар туралы бекер айтып отыр­ғанымыз жоқ. Себебі дәл сол өткелмен №12 Керімбай атындағы мектеп-гим­назияның оқушылары күнделікті қа­тынайды. Ал ата-анаға  баласының өткел­ден өтіп,  мектепке барып-келуі – мұң-қайғы. – Ұлым бастауыш  сыныпта оқиды. Таңертең сабаққа барып, түске қарай қайтады. Кейде өзім апарып тастаймын. Алғашқы  кезде жолүсті өткелінің жабын­дысы қирап, төменнен жол көрініп тұр­ғанын байқап төбе шашым тік тұрды. Тө­менде зуылдап ағып жатқан көліктер.  Қуыс­тан баламның аяғы жазатайым тайып кетсе, болмаса ойын балалары ғой, бір-бірін итеріп жіберсе не болмақ? Осыны бір қалыпқа келтіріп қою әкімдік үшін қиын ба? – дейді баласына алаңдаулы Мөлдір Болатханқызы. Сол маңдағы тұрғынның бірі  Қаракөз Құр­манбекова да өткелден өту, қыл көпір­ден  өтумен пара-пар болғанын айтады. – Осы уақытқа дейін балаларым мек­теп­ке өздері барып келетін. Мына жарық­тарды  көрген соң, өзім апарып, алып ке­ле­тін  болдым. Төбесі опырылып, қоршауы сынып жатқан өткелден көрі ары-бері көлік жүйткісе де, жолмен өткен қауіпсіз ба деп ойлаймын кейде, – дейді Қаракөз.

Көріп тұрып, үнсіз отыр

Бұқараның базынасына құлақ түрген­нен кейін қаладағы жерүсті өткеліне жауап­ты Тұрғын үй және коммуналдық-шар­уашылық бөліміне хабарластық. Мұндағы мамандар өткелді күрделі жөн­деуден өткізу үшін қомақты қаражат қажет екенін алға тартты. Сол себепті бұл мәселе қала әкімдігінің сессиясында қаралмақ екен. Алайда қазынадан қаржы қашан бөлінетіні белгісіз. өткел – Ол өткелдің жағдайын өзіміз де көріп отырмыз. Бірақ бюджеттен оны жөндеп, жамауға ақша бөлінбесе, басқаша жөндеп бере алмаймыз. Өткелді  жөндеуге ұсыныс жасаймыз. Бұл ақпан айында болатын сессияда қаралады. Қаржы бөлінсе жөн­деледі. Жалпы, алдағы уақытта сол төбе­сіндегі жабындысын мүлде алып тастайтын шығармыз. Себебі  жабынды ауа райына  шыдамай сына береді. Есесіне қоршайтын темірлерін көбейтсек пе деп отырмыз. Жабындысы болған  соң, ол жерге түнде үй-күйі жоқ қаңғыбастар да жиналуға үйір, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі автомобиль жолдары секторының мең­герушісі Дамир Айманов.

15 жылға берілген кепілдеме қайда?

Жауапты сала маманынан осындай жауап естігеннен кейін өткел құрылысы  алғаш қолға алынған кездегі деректерге көз жүгірттік. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, «Строители Века» ЖШС өткелдің құ­рылысын 2016 жылдың шілде айында бас­таған және сол кездегі құрылыс учаскесінің басшысы өткелге 15 жылдық кепілдеме берген болатын. «Қазір көпір құрылысының дені аяқ­талды. Тіреулердің тереңдігін үш метр жер­ден қазып, бетонмен орнаттық. Енді өткел­дің  темір құрастырма жұмыстары жү­ріп жатыр. 12 жұмысшымыз бен тех­никамыз күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Бар­лық материал отандық өндіріс орын­дарынан жылдам  жеткізіліп жатыр. Бұйыр­тса, нысанды қыркүйек айының ая­ғы­на қарай  пайдалануға береміз. Нысан кем дегенде 15 жыл тұратын болады», – деген еді осыдан төрт жыл бұрын  құрылыс учаскесінің басшысы Болат Шажаев. Ендігі сауал құрылыс компаниясы өт­кел­ге 15 жылға қалай  кепілдеме берді? Қала әкімдігі құжаттарды көтеріп, неге осы мә­селені қарамайды? Егер нысан кепілдік берілген мерзім ішінде бұзылып жатса, оны мердігер қалпына келтіріп беруі керек емес пе? Олай болатын болса, қазынадан қаржы қараудың қажеті қанша?

Адам өтпейтін өткел

Негізі,  «Строители Века» ЖШС жер­үсті өткелін Тараз қаласына дейін  Алматы сияқты үлкен шаһарда салғаны айтылған. Ал Жамбылда Төле би көшесінен бөлек, тағы екі көше бойынан жерүсті өткелін салу жобасы бар болатын. Алайда бір ны­сан­ды өткізгеннен кейін мердігер  ізім-қайым жоғалып кетті. Осының өзі көңілге күдік ұялатады. өткел Тараз қаласы әкімдігінің Тұрғын жай-ком­муналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары не себепті екі өткел салын­бағанына қатысты  түсініктеме берді. Олар­дың айтуынша, Төле би көшесі бойындағы облыстық мешітке баратын жолға және Қойгелді көшесінен екі өткел салу шыны­нда жоспарланыпты. Алайда аталған жол­дардың астында шағынаудандарға шыға­тын  коммуналдық құбырлар жатқандықтан өткел құрылысы аяқсыз қалған. Осылайша, жоба жарым жолда үзіліп, мердігер «іс бітті, қоян зытты» болған. Осы тұста айта кетер бір жайт, Тараз қаласында 2016-2017 жылдары негізінен  екі өткел салынды. Бірі біз қозғап отырған жерүсті өткелі болса, екіншісі – Төле би көшесінің аяғындағы өткел. Алайда адам аз баратын ол маңға жерүсті өткелін салу кімге керек болғаны түсініксіз. Аталған өткелден  бүгінде өтіп жатқан жанды көр­мейсің. Сонда ол өткел сәндік үшін ғана тұр ма?

«Залиний» тұрғындарының зарын кім тыңдайды?

Жалпы, Тараз қаласы аумағында темір­жолдан өту мәселесі «Қант зауыты» тұр­ғын­дарының да, құмшағалдық қауымның  да қабырғасына батып тұр. Себебі талай жылдан бері тап осы теміржолдан өтемін деп мезгілінен бұрын мерт болғандардың ішінде қария да, бала да, аяғы ауыр ана да бар. Әсіресе, «Залиний» тұрғындары таң­ның атысынан, күннің батысына дейін бо­лат жолдың бойын жағалап жүруге мәж­бүр. Себебі онда не жерасты жолы, не жер­үсті өткелі жоқ. – №1, 2, 3 Қарасу, 1, 2, 3 Наурыз, Ты­ныш­баева (Залиний) көшелерінің тұр­ғындары теміржол арқылы өтеді. Себебі «Залинийдің» ішімен бұл көшелерге авто­бус жүрмейді. Тұрғындар теміржолдан өтіп Байзақ батыр көшесінің соңындағы Эле­ватор аялдамасынан қоғамдық көліктерге мінеді. Халық жолдан өту үшін пойызды  қырық минут күтіп тұрады. Себебі пойыз біресе алға, біресе артқа жүреді, ал біресе тоқтап тұрып алады. Жүрісінің өзі баяу. Халық таңертең жұмысына, кешкісін үйіне осы пойыздардың арасымен өмірін тәуе­кел­ге тігіп жүруге мәжбүр. Бұл мәселені қала әкімдігіне айта-айта шаршадық, – дейді «Залиний» тұрғыны  Әлия Иманбай. Міне, осы халықты зар жылатқанша неге бір өткелді осы темір жолдың үстіне салып бермеске? Қазынадан қаржы қарау оңай  болмаса, Төле би көшесінің соңында құр тұрған өткелді сонда көшіру қиын ба? Ары кетсе бетондалған тіреулерін бұзып, құрастырылмалы нысанды сонда апарып  қайта құрастыра салар. Ол үшін бір үлкен ақылдың  қажеті жоқ. Тіпті, бір мердігерге бұл жұмысты міндеттедік дегеннің өзінде, оған қомақты қаржы кете қоймас. P.S.

 Шыны керек, қазір Төле би көшесінің бо­йындағы алғашқы жерүсті өткелінің жағ­дайы аянышты. Қоршаулары қирап жатқаны былай тұрсын, іші ластанып, қабырғаларына кім көрінген ойына келген сөздерді жазып кеткен. Ең болмаса Тараз қаласы әкімдігі осы жағын реттеп, өткелдің ішін тазалап қойса болады ғой. Өйткені қаланың қақ ор­та­сында тұрған нысанның мұндай күйде тұр­ғаны әкімдіктің  жұмысына үлкен сын.

Ал өткелдің кепілдеме мерзімі мен құ­рылыс компаниясына қатысты мәселеге кел­сек, жерүсті өткелі Тараз қаласын қазіргі Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров басқарып тұрғанда салынды. Одан кейін қала тізгінін қазіргі Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет, одан соң бүгінгі Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов ұстады. Оның артынша  шаһарды жеті ай Еңбек инспекциясы басқармасының бас­шысы Қайрат Досаев басқарды. Бір шаһарды  төрт жылда төрт әкім басқарғанына  қарап, Тараз қаласының қазіргі әкімі Айтқазы Қарабалаевты жамандыққа қимайсың. Се­бебі қазіргі әкім өткелге қатысты құжаттар мен сұрақтарды қаланы өзіне дейін басқарған төрт әкімнің қайсысынан сұрайды? Оған қоса, әр әкімнің тұсында  Тұрғын жай-ком­муналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас­шылары да қоса ауысып отырды.

Әрине, бұл қала әкімдігінің жұмысына жұ­бату бола алмайтыны анық. Себебі кейінгі кел­гендер алдыңғылардың бүлдіргенін бүтін­дейтіні – жазылмаған  заңдылық. Сондықтан қала әкіміне қоластындағы мамандарды ши­ра­тып, ең болмаса жерүсті өткелін жөнге кел­тіріп қойса, ешкім қой демес. Әйтпесе, мұ­­ның арты жақсылыққа апармайтыны тағы белгілі.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы