Жамбыл облысы соңғы жылдардың бедерінде жол-көлік оқиғалары бойынша көш бастап тұрған еді. Тек былтыр ғана көрсеткішіміз төмендеп, көпшілік «шүкірлік» айта бастады. Десе де, үлкен тасжол бойы ғана емес, Тараз қаласы ішінде де тұрғындардың қатынауына қауіп төнген кездер болған. Осыған орай, жергілікті билік 2016 жылы Төле би көшесінің бойынан 30 миллион теңгеге жерүсті өткелін салған еді. Қазір аталған өткелден қара халық жанын шүберекке түйіп өтіп жүр. Себебі қоршаулары қираған нысаннан балалар түгілі, ересектердің өзі төмен қарай сырғып, құлап кетуі мүмкін.
Ата-аналар неге шырылдайды?
Балалар туралы бекер айтып отырғанымыз жоқ. Себебі дәл сол өткелмен №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияның оқушылары күнделікті қатынайды. Ал ата-анаға баласының өткелден өтіп, мектепке барып-келуі – мұң-қайғы. – Ұлым бастауыш сыныпта оқиды. Таңертең сабаққа барып, түске қарай қайтады. Кейде өзім апарып тастаймын. Алғашқы кезде жолүсті өткелінің жабындысы қирап, төменнен жол көрініп тұрғанын байқап төбе шашым тік тұрды. Төменде зуылдап ағып жатқан көліктер. Қуыстан баламның аяғы жазатайым тайып кетсе, болмаса ойын балалары ғой, бір-бірін итеріп жіберсе не болмақ? Осыны бір қалыпқа келтіріп қою әкімдік үшін қиын ба? – дейді баласына алаңдаулы Мөлдір Болатханқызы. Сол маңдағы тұрғынның бірі Қаракөз Құрманбекова да өткелден өту, қыл көпірден өтумен пара-пар болғанын айтады. – Осы уақытқа дейін балаларым мектепке өздері барып келетін. Мына жарықтарды көрген соң, өзім апарып, алып келетін болдым. Төбесі опырылып, қоршауы сынып жатқан өткелден көрі ары-бері көлік жүйткісе де, жолмен өткен қауіпсіз ба деп ойлаймын кейде, – дейді Қаракөз.Көріп тұрып, үнсіз отыр
Бұқараның базынасына құлақ түргеннен кейін қаладағы жерүсті өткеліне жауапты Тұрғын үй және коммуналдық-шаруашылық бөліміне хабарластық. Мұндағы мамандар өткелді күрделі жөндеуден өткізу үшін қомақты қаражат қажет екенін алға тартты. Сол себепті бұл мәселе қала әкімдігінің сессиясында қаралмақ екен. Алайда қазынадан қаржы қашан бөлінетіні белгісіз.15 жылға берілген кепілдеме қайда?
Жауапты сала маманынан осындай жауап естігеннен кейін өткел құрылысы алғаш қолға алынған кездегі деректерге көз жүгірттік. Қолда бар ақпаратқа сүйенсек, «Строители Века» ЖШС өткелдің құрылысын 2016 жылдың шілде айында бастаған және сол кездегі құрылыс учаскесінің басшысы өткелге 15 жылдық кепілдеме берген болатын. «Қазір көпір құрылысының дені аяқталды. Тіреулердің тереңдігін үш метр жерден қазып, бетонмен орнаттық. Енді өткелдің темір құрастырма жұмыстары жүріп жатыр. 12 жұмысшымыз бен техникамыз күн-түн демей еңбек етіп жатыр. Барлық материал отандық өндіріс орындарынан жылдам жеткізіліп жатыр. Бұйыртса, нысанды қыркүйек айының аяғына қарай пайдалануға береміз. Нысан кем дегенде 15 жыл тұратын болады», – деген еді осыдан төрт жыл бұрын құрылыс учаскесінің басшысы Болат Шажаев. Ендігі сауал құрылыс компаниясы өткелге 15 жылға қалай кепілдеме берді? Қала әкімдігі құжаттарды көтеріп, неге осы мәселені қарамайды? Егер нысан кепілдік берілген мерзім ішінде бұзылып жатса, оны мердігер қалпына келтіріп беруі керек емес пе? Олай болатын болса, қазынадан қаржы қараудың қажеті қанша?Адам өтпейтін өткел
Негізі, «Строители Века» ЖШС жерүсті өткелін Тараз қаласына дейін Алматы сияқты үлкен шаһарда салғаны айтылған. Ал Жамбылда Төле би көшесінен бөлек, тағы екі көше бойынан жерүсті өткелін салу жобасы бар болатын. Алайда бір нысанды өткізгеннен кейін мердігер ізім-қайым жоғалып кетті. Осының өзі көңілге күдік ұялатады.«Залиний» тұрғындарының зарын кім тыңдайды?
Жалпы, Тараз қаласы аумағында теміржолдан өту мәселесі «Қант зауыты» тұрғындарының да, құмшағалдық қауымның да қабырғасына батып тұр. Себебі талай жылдан бері тап осы теміржолдан өтемін деп мезгілінен бұрын мерт болғандардың ішінде қария да, бала да, аяғы ауыр ана да бар. Әсіресе, «Залиний» тұрғындары таңның атысынан, күннің батысына дейін болат жолдың бойын жағалап жүруге мәжбүр. Себебі онда не жерасты жолы, не жерүсті өткелі жоқ. – №1, 2, 3 Қарасу, 1, 2, 3 Наурыз, Тынышбаева (Залиний) көшелерінің тұрғындары теміржол арқылы өтеді. Себебі «Залинийдің» ішімен бұл көшелерге автобус жүрмейді. Тұрғындар теміржолдан өтіп Байзақ батыр көшесінің соңындағы Элеватор аялдамасынан қоғамдық көліктерге мінеді. Халық жолдан өту үшін пойызды қырық минут күтіп тұрады. Себебі пойыз біресе алға, біресе артқа жүреді, ал біресе тоқтап тұрып алады. Жүрісінің өзі баяу. Халық таңертең жұмысына, кешкісін үйіне осы пойыздардың арасымен өмірін тәуекелге тігіп жүруге мәжбүр. Бұл мәселені қала әкімдігіне айта-айта шаршадық, – дейді «Залиний» тұрғыны Әлия Иманбай. Міне, осы халықты зар жылатқанша неге бір өткелді осы темір жолдың үстіне салып бермеске? Қазынадан қаржы қарау оңай болмаса, Төле би көшесінің соңында құр тұрған өткелді сонда көшіру қиын ба? Ары кетсе бетондалған тіреулерін бұзып, құрастырылмалы нысанды сонда апарып қайта құрастыра салар. Ол үшін бір үлкен ақылдың қажеті жоқ. Тіпті, бір мердігерге бұл жұмысты міндеттедік дегеннің өзінде, оған қомақты қаржы кете қоймас. P.S.Шыны керек, қазір Төле би көшесінің бойындағы алғашқы жерүсті өткелінің жағдайы аянышты. Қоршаулары қирап жатқаны былай тұрсын, іші ластанып, қабырғаларына кім көрінген ойына келген сөздерді жазып кеткен. Ең болмаса Тараз қаласы әкімдігі осы жағын реттеп, өткелдің ішін тазалап қойса болады ғой. Өйткені қаланың қақ ортасында тұрған нысанның мұндай күйде тұрғаны әкімдіктің жұмысына үлкен сын.
Ал өткелдің кепілдеме мерзімі мен құрылыс компаниясына қатысты мәселеге келсек, жерүсті өткелі Тараз қаласын қазіргі Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров басқарып тұрғанда салынды. Одан кейін қала тізгінін қазіргі Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулет, одан соң бүгінгі Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов ұстады. Оның артынша шаһарды жеті ай Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев басқарды. Бір шаһарды төрт жылда төрт әкім басқарғанына қарап, Тараз қаласының қазіргі әкімі Айтқазы Қарабалаевты жамандыққа қимайсың. Себебі қазіргі әкім өткелге қатысты құжаттар мен сұрақтарды қаланы өзіне дейін басқарған төрт әкімнің қайсысынан сұрайды? Оған қоса, әр әкімнің тұсында Тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары да қоса ауысып отырды.
Әрине, бұл қала әкімдігінің жұмысына жұбату бола алмайтыны анық. Себебі кейінгі келгендер алдыңғылардың бүлдіргенін бүтіндейтіні – жазылмаған заңдылық. Сондықтан қала әкіміне қоластындағы мамандарды ширатып, ең болмаса жерүсті өткелін жөнге келтіріп қойса, ешкім қой демес. Әйтпесе, мұның арты жақсылыққа апармайтыны тағы белгілі.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы