Шымкентте қоғамдық көлікке қатысты дау шығып тұру әдетке айналған. Оған үшінші мегаполис тұрғындарының орналасу аумағының жылдан-жылға кеңейіп жатқаны әсер етсе керек. Одан бөлек, шеткі аймақтарға қоғамдық көліктің қатынамауы, кейбірінің тозығы жетуі де тұрғындар наразылығына негіз болады. Сонымен қатар бағыттарды бөліп алған жолаушы тасымалдаушы компанияларының басшылары, арагідік жүргізушілері де әртүрлі мәселелер бойынша бас көтеріп наразылық білдіреді, бағыттарға шықпай, жергілікті билікті қорқытып тұрады.
Жаңа әкім, жаңа бастама
Мұндай мәселелер қалаға қандай да бір жаңа басшы келген кездері де жиі кездеседі. Себебі жаңа әкім шаһар билігін қолына ала салысымен ең алдымен қоғамдық көлік пен аялдамаларға тізгін салатыны белгілі болып қалған. Әсіресе, үшінші мегаполиске соңғы 3-4 жылда қайта-қайта жаңа автобустар келіп, ескінің қолданыстан ысырылуы кейбір шағын компаниялардың қитығына да тиіп жүр. Осыдан тура бір жыл бұрын Шымкент қаласына әкім болып тағайындалған Мұрат Әйтенов қоғамдық көлікке қатысты түрлі олқылықтардың орнын толтыру үшін жаңа концепция дайындаған. Бұл Шымкент қаласындағы автобус бағыттарында үлкен реформаның бастауы еді. Концепция аясында биыл екінші кезеңмен сыйымдылығы үлкен, сығымдалған табиғи газбен жүретін 590 жаңа автобусты қаржылық лизингпен отандық өндіруші «СарыарқаАвтоПром» акционерлік қоғамынан алу көзделген.Жылдың бірінші наразылығы...
Алайда автобустар қалаға келерден алдын әкімдік бұрынғы жолаушы тасымалдаушы компаниялармен келісімшартты бұзамыз деп қиғылық шығарды. Әкімдердің автобус жаңалатуынан мезі болған жүргізушілер жаздыгүні наразылыққа шыққан. Үш жыл бұрын ғана жаңа автобус алып, әкімдікпен бұрынғы әкімнің кезінде 10 жылға келісімшарт жасасқан тасымалдаушы компаниялар жаңа әкім мен оның айналасындағылардан қысым көріп жатқанын, келісімді біржақты бұзбақ екенін айтып, қоғамдық пікір туғызып, елді шулатқан еді. Үш жыл бұрын ғана алған автобустарының несиесін әлі төлеп бітпегенін, жуырда қалаға келетін табиғи газбен жүретін автобустарды сатып алуды міндеттеп жатқанын да жеткізген. Ал жергілікті билік жаңа автобусы барға тиіспейтінін, бірақ ескімен жүруге тыйым салатынын айтып ақталды. Сөйтіп жолаушылар тасымалдау жүйесін түгелдей өзгертуді көздеген билік жыл соңында 590 көлікті қалаға кіргізіп үлгерді. Бірқатар қоғамдық автобустардың бағыттары да өзгерді. Алайда «Оңтүстікавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов бүгінде қалаға келген 590 автобустың сығымдалған табиғи газбен жүретінінен әзірге бағыттарға шықпай тұрғанын, себебі Шымкентте газ стансасының жоғын айтады. Жергілікті билік бұл мәселенің таяу күндері шешіліп қалатынын жеткізді. Ал жоғарыда айтып өткен келісімшартты біржақты бұзу мәселесі оң шешімін тауыпты. Несиесі барға қолданыстағы автобустарымен жүре беруіне мүмкіндік берген. Айтқандай, концепцияның тағы бір тармағы бойынша қоғамдық көлік жүргізушілеріне әдеп және біліктілігін арттыру сабақтары өтуі тиіс болатын. Бұл мәселе де өткен жылдың соңғы айларында қолға алынды. Қоғамдық көлік жүргізушілері 5 күндік оқу курсына қатысып, мамандардан «Жолаушыларды тасымалдау ережесі» және мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету бойынша білім алуды бастаған. Жүргізуші қызметтік тәртіпті сақтап, жолаушыларға сыпайылық танытуды үйренеді. Сабаққа қатыспаған, сертификатқа ие болмағандар қоғамдық көлікті басқаруға жіберілмейтіні туралы талаптар қойылған.«Төлем» салған сергелдең
Дегенмен осы сәрсенбіде Шымкентте қоғамдық көлікке қатысты тағы бір дау шықты. Бұл концепцияда қаралған тағы бір мәселеге байланысты. Бұл жолы жүргізушілердің наразылығы қараша айынан бастап енгізілген «Төлем» жүйесіне қатысты болуы әбден мүмкін. Электронды төлем жүйесі енгізілгелі бері жолаушылар тарапынан жүйе төңірегінде көп сын айтылып, қызмет көрсетушілерге көңілі толмайтындар көп болды. Себебі валидаторлар жиі істен шығады, не болмаса «Төлем» картасы табылмайды. Кондукторлардың «қолма-қол төлей салыңызшы» дейтінін өзіміз де жиі кездестіреміз. Жолаушылардың арасында бар ақшасын «Төлемге» салып қойып, қолма-қол төлем жасауға мүмкіндігі жоқтар да кезігеді. Электронды төлем жасасақ ақшаның, әрине жүргізуші мен кондуктордың емес бақылаушы органның қалтасына түсетіні белгілі ғой. Сол үшін автобус жүргізушілерінің қолма-қол ақша төлеміне қызығушылығы басым болатыны бесенеден белгілі. Бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқан бұл наразылыққа нүкте қою үшін жуырда әкімдік 1 ақпаннан бастап жол ақысын төлеуге жаңа тәртіп енгізді. Егер қоғамдық көлікте валидатор істен шықса, жолаушы тегін жүруі тиіс. Бұл талап жүр гізушілердің көңілінен шықпайтыны тағы белгілі. Себебі көлеңкелі жолмен келетін табыстан қағылады. Айтса айтқандай-ақ, ақпанның 3-і күні осыдан 4 жыл бұрын Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құрылған Shymkent Bus басқарушы компаниясының қарамағындағы автобус жүргізушілері наразылыққа шығып, бағыттарға шығудан бас тартты. Компания күн сайын 22 бағыт бойынша 250 автобус шығарады. Жалпы, 500-ден астам жүргізуші бар. Олар өздеріне 300 мың теңге көлемінде еңбекақы берілуін талап етіп отыр. Олардың айтуынша, басшылық «Төлем» енгізілгеніне қарамастан күнделікті «план» белгілеп қойыпты. Мұны күн сайын ұлғайтпаса кемітпейді. Қолына 110 мың теңге көлемінде жалақы алатын жүргізуші кондуктордың 70 мың теңге жалақымен жұмыс істейтінін, одан бөлек көлікті жуу сияқты жұмыстарды да қоса атқаратынын айтып ашынды. Компания басшысы Азат Сахатұлы болса жалақының 155 мың теңгеге дейін өскенін айтады. Компания басшылығы жүргізушілердің еңбекақысын 200 мың теңгеге, кондуктордың айлығын 100 мың теңгеге көтереміз деп уәде берді. Алайда осыған да шүкіршілік еткендер көліктерін жүргізіп жұмысқа шықса, кейбіреулері 300 мың теңгеге көтермесе жұмысқа шықпаймыз деп жылжымай қойды. Наразы топпен кездескен қала әкімі М.Әйтенов компания басшылығымен сөйлесіп, бұл мәселені реттеуге уәде берді.Электронды төлем жүйесі енгізілгелі бері жолаушылар тарапынан жүйе төңірегінде көп сын айтылып, қызмет көрсетушілерге көңілі толмайтындар көп болды. Себебі валидаторлар жиі істен шығады, не болмаса «Төлем» картасы табылмайды. Кондукторлардың «қолма-қол төлей салыңызшы» дейтінін өзіміз де жиі кездестіреміз. Жолаушылардың арасында бар ақшасын «Төлемге» салып қойып, қолма-қол төлем жасауға мүмкіндігі жоқтар да кезігеді.
«Оңтүстікавтотранс» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов жүргізушілердің қойып отырған талабын орынды дейді. «Таңертең 5-тен шығып, жұмысына таксимен келеді, үйіне түнгі 11-де қайтады. Ертесіне тағы жұмыс. Кезекпен жұмыс істейтіндер де бар. Өзіңіз ойлаңызшы, 120-130 мың теңге қайда жетеді? Мейлі «Төлем» болса болсын, бірақ қолына 200 мың теңгеден аса жалақы берсе, жоспарын орындап қойып, жұмысын істеп жүре береді ғой», – дейді.Мәселеге нүкте қойған түн. Бірақ...
Қала әкімі наразы топтың жанына барғанда кешке жүргізушілер мен компания басшылығымен біріге отырып, мәселені шешеміз деп уәде еткен болатын. Кешкі сағат 22.00-де жиналған топтың ішінде қала басшысы М.Әйтенов пен оның салаға жауапты орынбасарлары, басқарма, бөлім қызметкерлері, кәсіподақ, еңбек инспекциясының өкілдері және 50 шақты автобус жүргізушісі болды. Қала басшысы қатысушыларға компанияның бюджетін толық түсіндіріп, таныстырып беруін сұрады. Жалпы, айына 15 күн жұмыс істейтін жүргізушіге сағатына 860 теңге, яғни тәуліктегі 12 сағаты үшін 10 320 теңге төленіп жүр екен. Яғни, егер осы талаптарды толық орындап жүрген жүргізуші 155 мың теңге көлемінде жалақы алып жүр. Бірақ әркімнің жұмысқа шығуы, толық істегені, сонымен қоса жақсы жұмыс істегені үшін алатын сыйақысы есебінен әр жүргізуші ай сайын әрқалай еңбекақы алады екен. Бірі 200, енді бірі 60 мың теңге шамасында жалақы алып жүрген. 171 «А» бағытының бригадирі Асылхан Шеңкебаев таңалакеуімнен тұратын жүргізушілердің жұмысы оңай емес екенін айтады. «Таңғы 4.50-де біз жұмысқа кетіп бара жатқанда үйде жарық болмайды. Ел шырт ұйқыда жатады. Бізге артық бір тиын да керек емес, «план» қоймасын. Сонда жарыспайтын боламыз. Бар болғаны жалақымызды реттеп берсін, бірқалыпты тыныш жұмысымызды істеп жүре береміз. Тіпті, 512 кондукторды да алмай-ақ қойыңыздар. 250 адамды қаладағы әр жерге қойып қойыңыздар. Олар жолаушылардың «Төлеммен» жолақысын берген-бермегенін тексеріп жүрсін деп ұсыныс та айтқанмын. Біз ешнәрсеге араласпайық. Ақша да ұстамайық», – деді ол. Осынау ұсынысты әкім қолдады. Жиында бұдан өзге де бірқатар жүргізуші шығып сұрақтарын жолдап жатты. Тіпті, жүргізушілер кейде кондукторларға беретін ақша болмай қалатын болған соң, өзіне көмектесетін 55 жастағы анасын алып шығатынын да айтып өтті. «Кез келген мәселелеріңіз болса, жұмыстарыңыздағы басшылыққа, олар тыңдамаса, маған келіңіздер. Халық зардап шекпесін», – деді қала басшысы. Сонымен, 1 ақпаннан бастап жүргізушілердің сағаттық жұмысына 1 110 теңгеден төленетін болды. Айына 200 мың теңге көлемінде еңбекақыны місе тұтады. Егер тәуліктік 12 сағаттан аса жұмыс болса, 1,5 мөлшерлемемен төленеді. Компанияда 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Биыл қала бюджетінен берілетін субсидия көлемі де ұлғайыпты. Соған қарамастан компания басшылығы басқа да шығындардың артуына байланысты бұдан артық көтеруге мүмкіндігіміз жоқ деп отыр. P.S.Айта кетейік, негізінен Shymkent Bus компаниясының жүргізушілері тарапынан жиі наразылық болып тұрады. Осыдан 2 жыл бұрын да жүргізушілер дәл осылай жалақы мәселесімен көшеге шықса, одан кейін жұмыс беруші қысқы дөңгелекті ауыстырып бермей жатыр деп тағы шу шығарған. Әрине, жүргізушілердің барлық жағдайы жасалған болса, бұлай өкпе-ренішін таныта бермес еді. Соған қарағанда, жұмыс беруші тарапынан ашуға ерік беретіндей жағдайлар жиі кездесіп тұрады-ау. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген тәмсіл осыған саяды...
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы