2021 жылдан бастап отандық футбол клубтарының жылдық бюджеті екі-үш есе қысқарды. Соның әсері десек те болатын шығар, биыл командалар сапында біраз өзгеріс болды.
Енді қазақстандық футбол клубтарының еурокубоктық ойындарының топтық кезеңіндегі матчтарын көрудің өзі арманға айнала ма? Бұрынғыдан әлдеқайда аз бюджетпен жақсы ойын өрнегін көрсете аламыз ба? Бір қызығы, ұзақ жылдар бойы әлемдік аренада қазақ футболының абыройын асқақтатқан, ел біріншілігінде қатарынан 6 жыл чемпион атанған елордалық «Астананың» жағдайы мәз болмай тұр. Бапкерлер ауысты, клуб сапындағы бірқатар қызметкерлер жұмыстан кетті. Клубтың жылдық бюджеті әлі нақтыланбады. Елордалық команданың басшылығы жаңа демеуші іздестіру үстінде. Бір сөзбен айтқанда, Тихонов жаттықтыратын команданың жағдайы қыл үстінде. Бұрынғы «Астананы» көре аламыз ба, жоқ па, оны алдағы маусымда білеміз. Біздің елімізде, өкінішке қарай әлі күнге дейін отандық футбол клубтарының ешқайсысы мемлекеттің қаржылай қолдауынсыз өз күндерін өздері көре алмай жүр. Қарызға белшесінен батқан павлодарлық «Ертіс» футбол клубының өткен жылы банкротқа ұшырағаны – сөзімізге дәлел. Оның алдында да бірқатар клубтар жабылып, жұмысын тоқтатты. Бұл қазақ футболының басты кемшілігі десек те болады.Расымен, шетелде футбол бизнес деңгейіне көтерілген. Менеджмент, маркетинг, стадион, телевидение – осы төрт құрылым шетелдік футболдың төрт аяғын тең бастырып тұр. Ал бізде ше? Біздің футбол клубтары әр жыл сайын мемлекеттің ақшасына қол сұғуды ғана біледі.
Белгілі спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен отандық клубтардың бюджеті дәл осылай жыл сайын қысқара беретін болса, онда олар уақыт өте келе өз күндерін өздері көруге тырысатынын айтады. – Біздегі клубтардың 80 пайызында маркетинг деген бөлім жоқ. Ірі клубтар ақшасы азайған соң жейделерді, клуб атрибутикаларын сату, жергілікті компаниялардан демеуші іздеу сияқты жұмыстармен айналыса бастайды. Үкімет беретін ақшаны сөйтіп-ақ табуға болады. Бірақ ешкім оны істемейді. Футболды мемлекеттен қаржыландыру тоқтаса, онда Қазақстандағы футбол да тоқтайды. Өйткені өз күнін өзі көріп, қаржы тауып жүрген ешқандай футбол клубы жоқ. Сондықтан бұл жердегі шешім – бөлінетін қаржыны азайту және оның қалай жұмсалып жатқанын қадағалау, – дейді Ермұхамед Мәулен. Расымен, шетелде футбол бизнес деңгейіне көтерілген. Менеджмент, маркетинг, стадион, телевидение – осы төрт құрылым шетелдік футболдың төрт аяғын тең бастырып тұр. Ал бізде ше? Біздің футбол клубтары әр жыл сайын мемлекеттің ақшасына қол сұғуды ғана біледі.