“Халықтың ақшасына шалқып жүрсің”: Қарақат Әбілдина өзін шетелге қашып кетті деп айыптағандарға жауап берді
“Халықтың ақшасына шалқып жүрсің”: Қарақат Әбілдина өзін шетелге қашып кетті деп айыптағандарға жауап берді
Әнші Қарақат Әбілдинаға оқырмандары шетелде жүргеніне қатысты түрлі  сыни пікір айта бастаған. Ол  шетелге қашып кетті деп айыптағандарға жауап берді. «Жақсы сөз сөйле, болмаса үндеме» деген әз Пайғамбар (Алланың сәлемі болсын). Қайырлы күн, қазақ елі! Жұма құтты-берекелі, дұға-тілек қабыл болсын! Осынау бір қасиетті күнде сіздерге бір ой айтсам деймін.Осы кездерде жазып жүрген ойларымның астына жылы жүректі, ақ ниетті көп қауым игі, ізгі сөздер жазады, Алла сізді қуантсын! Сонымен қатар, салмақты ой, саралы сөздің мән-мағынасын да ұқпай, әй-шәй жоқ киіп кетіп, жеке құқығыңды таптап өте шығып, іріткі салатын “кіл ақылдылар” жазып жататын пікірлер де көзімнен қашпайды. 1. «Қиындықтан көз ашпай біз жүрміз, сен жатырсың жылы жақта» деп бұлданған бір адам. Отбасым болса мынау, күйеуім — анау, сендер кеттің елден қашып» деген неткен көп кісі. Айналайындар-ау, мен елден қашатындай жау ма едім?! Әлде елім маған жау ма еді?! 2.“Елдің ішінде неге отырмадың” дейсіз, қатаң карантин енгізілді дегеннен балаларымды бауырыма қысып, тапжылмай жатқан жоқпыз ба үйден шықпай. Осы тура 9 ай сыртқы есіктен қадам аттап баспай отырдық та қойдық. Не өзгерді?! Менің қолымда тұрған не бар? Батпандап келген дерттен мен кімге араша бола алам? 3. “ Халықтың ақшасына шалқып жүрсің” деп кінәлай ма тағы. Кімнің жолын тосып, кімнің тонын шешіп алдық екен?! Біреудің ақысына кіріп, ала жібін аттаудан Құдай сақтасын! Алла кәсібіміздің берекесінен, балаларымның несібесінен, ерімнің адал еңбек етіп тапқан нәпақасынан айырмасын. Мүлде басқа нәрсені меңзеп тұрған постың астына кеп “ақталып жатырсың баа” дей ме... Неліктен ақталайын?! Кімге барып, не үшін ақталуым керек? Алланың алдында ғана ақталамын. Ал кісі алдында арым да, ақым да ақ! Сөз соңында айтарым: оффлайн өмір болсын, онлайн өмір болсын сөздеріңді саралап, айтарыңды бағамдап алғанға не жетсін! Отыз екі тістен оқтай ұшқан ауыр сөз қайта айналып кеп қақ маңдайдан соққандағы салмағына төтеп бере алар ма екенбіз, соны да ойлап қою керек-ау... “Ләқ” еткізіп айта салған, жаза салған кесірлі сөздің киесі иесіне, не ұрпағына, ұрпағының ұрпағына әсер етпесіне кім кепіл? Өйткені, бұл өмірде бәрі бумеранг заңымен өзімізге қайтып келеді. Жақсы сөз сөйлейік ағайын! Болмаса үндемейік!», – деп жазды әнші әлеуметтік желідегі парақшасында.