Биылғы қыс еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлері үшін толассыз жауған қарымен есте қалмақ. Жауған қардың мөлшері былтырғы осы уақытпен салыстырғанда үш еседен асып түсті. Омбы қарға ысқырығы жер жарар боран қосылып, елді әбігерге салып жатыр. Әсіресе, қаңтардың 26-нан 27-іне ауған түн құтқарушылар үшін де, қар құрсауында қалғандар үшін де ауыр болды.
Ал кеше Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай жарияланды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары мен ел астанасында жедел штабтар құрылды. Штаб құрамында ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің, QazAvtoJol ұлттық компаниясы, ІІМ Төтенше жағдайлар мен Әкімшілік полиция комитеттері мен Ұлттық гвардия қызметкерлері бар.
Өткен тәулікте 13 өңірде дауылды ескерту жарияланып, республикалық маңызы бар 61 учаске, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 34 учаскесі жабылды. Республикалық маңызға ие жолдардың 3 учаскесінде жүк және жолаушы көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды.
Нұр-Сұлтан – Шучинск жолында екі бағытта да көліктерден құралған ұзын-сонар кептелістен аса күрделі жағдай қалыптасты. QazAvtoJol ұлттық компаниясы Ақмола облысының әкімдігімен бірге екі бағыттағы көлік құралдарының легін арнайы техниканың, патруль көлігінің сүйемелдеуімен өткізу туралы шешім қабылдады.
26-27 қаңтарда қабылданған шаралардың арқасында 2 мыңнан астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Олардың ішінде жүзге жуық бала бар. Қар құрсауынан 1 400-ге жуық техника құтқарылды. Айта кетерлігі, жекелеген жүргізушілер бекеттерді айналып өтіп, өз өмірімен бірге жолаушыларға да қауіп төндірген.