Ақтауда үйіндегі құрт-құмырсқаны өз бетінше улаған тұрғын көрші баланың өліміне себепкер болған. Маңғыстау облысы сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақтау қалалық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы, 2-тармағына сәйкес, қала тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Анықталғандай, базардан «Квикфос» атты жәндіктерді улайтын дәріні сатып алып, оны пәтерінің әр бөлмесіне шашып, сеуіп, үйінен кетіп қалған. Салдарынан көршінің баласы уланып, қайтыс болды.
Баспасөз қызметі: «Сотта айыпталушы Н. улы дәріні өзінің пәтеріне көршілеріне ескертпестен, қолданғаны айтылды. Ол барлық бөлмеге улы дәрінінің 4-5 таблеткасын қолданған. Содан соң үйден шығатын барлық тесікті жабысқақ лентамен жапқан. Салдарынан оған көрші тұратын үйдегі кәмелетке толмаған жәбірленуші Ж. уланып, Маңғыстау облыстық ауруханасына түсті. Өкініштісі, бала есін жимаған күйі жансақтау бөлімінде қайтыс болды, – деп хабарлайды.Ақтау қалалық сотының үкімімен сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабы, 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, ол ең төменгі қауіпсіздік түзеу мекемесінде жазасын өтеу үшін екі жылға бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.