Ақмола облысында жол апатынан көлік өртеніп кетті
Ақмола облысында жол апатынан көлік өртеніп кетті
Ақмола облысының аумағында «Нұр-Сұлтан-Петропавл» күре жолында бірнеше көлік соқтығысты, салдарынан бір автомобиль өртеніп кетті. Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 14:00 шамасында Щучье қаласының маңында «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолында боран салдарынан бірнеше көліктің соқтығысқан ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. «Жол апатынан жеңіл автомобиль «Газель» жүк көлігінің артына кіріп кетті. Салдарынан өрт шығып, жеңіл көлік толығымен жанып кетті. Ал, «Газельдің» кузовы зақымданды. Өрт сағат 14:40 сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан 10 қызметкер және екі арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды», – деді ведомство. Төтенше Жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс аумағындағы елді мекендерге жолға шықпауға кеңес береді. Боранға байланысты қазір облыс аумағынан шығатын 6 жол учаскесі жабық.