Бүгін таңертең Щучинск қаласынан Нұр-Сұлтан қаласы бағытындағы жолда, Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетау, Қостанай бағытына қарай шыға берісте 800-ден астам жеңіл және жүк автомашинасының кептелісі орын алған. «Сағат 13.15-те Щучинск қаласы бағытында 300-ге жуық автомашинадан тұратын автокөлік құралдарының колоннасы полиция қызметкерлерінің және жол қызметтерінің жетегімен жолға шықты. Сонымен қатар 500 автомашинадан жасақталған колонна Нұр-Сұлтан қаласына шықты. Сағат 15.30-да Щучинск және Нұр-Сұлтан қалаларына автокөліктердің кіруіне тыйым салынды. Қазіргі уақытта Қостанай облысының автожолында автомашина кептелісі жоқ»,– деп хабарлады ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли. 6 ақпанда еліміздің сегіз өңірінде Нұр-Сұлтан қаласындағы, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында автожолдар жабылған болатын.