«Алтын глобусты» кім алады
«Алтын глобусты» кім алады
138
оқылды

5 қаңтарда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анжелес қаласында «Алтын глобус» сыйлығын тапсыру рәсімі өтеді. Бұл сыйлық осымен 77-ші рет кино және телевидение саласындағы үздік туындыларға табыс етілгелі отыр.

Салтанатты рәсімді NBC телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Кеш жүргізушісі – британдық комик Рики Жервэ. Кеште 25 санат бойынша номинанттар есімін Тим Аллен, Дакота Фаннинг, Сьюзен Келечи Уотсон, HFPA президенті Лоренцо Сория, Дилан мен Парис Броснан, сондай-ақ Бэрри Адельман жариялайды.

«Алтын глобуста» Сесиль Б. Де Мильдің арнайы сыйлығын Том Хэнкс алады, ал Эллен Дедженерес таяуда ғана тағайындалған Кэрол Бернетт сыйлығына ие болады. «Үздік драмалық фильм» аталымына Тодд Филлипстің «Джокер», Мартин Скорсезенің «Ирландық», Сэм Мендестің «1917», Ноа Баумбактың «Неке туралы хикая» және Фернандо Мейреллиштің «Қос әке» фильмдері ұсынылып отыр.

Бүгінгі шарада «Неке туралы хикаяда» басты рөлді сомдаған Скарлетт Йоханссон, «Дау-дамайдағы» Шарлиз Терон, «Кішкентай әйелдер» фильмінде ойнаған Сирша Ронан, «Джуди» фильмінің бас кейіпкерін сомдаған Рене Зеллвегер және «Гарриеттегі» Синтия Эриво «үздік актриса» атану үшін бақ сынайды.

Ал «Үздік актер» аталымына номинанттар қатарында Кристиан Бэйл («Форд пен Феррари»), Антонио Бандерас («Қасірет мен атақ»), Адам Драйвер («Неке туралы хикая»), Хоакин Феникс («Джокер») және Джонатан Прайс («Қос әке») бар.

Үздік анимациялық фильм номинациясы үшін «Мұзды өлке-2», «Айдаһарды қалай қолға үйретуге болады-3», «Арыстан патша», «Жоғалған буын» және «Ойыншықтар хикаясы-4» мультфильмдері таласады.

Айта кетейік, «Алтын глобус» сыйлығын 1944 жылдан бері Голливудтың шетелдік баспасөз қауымдастығы тапсырып келеді. Ол жыл сайын 90-ға жуық халықаралық журналистің дауыс беру нәтижесі бойынша қаңтар айында өтеді.