Заманбек Нұрқаділовтың қарындасы халықтың арқасында баспаналы болды (видео)
Заманбек Нұрқаділовтың қарындасы халықтың арқасында баспаналы болды (видео)
462
оқылды

Кезінде Алматы қаласын басқарған Заманбек Нұрқаділовтың туған қарындасы Рая апайдың үй-күйсіз қаңғып жүргені туралы бұқаралық ақпарат құралдары көтерген болатын.

 – Біз қазір Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Шонжы ауылында тұрамыз. Қолымда анам бар. Екінші топтағы мүгедек. Есімі – Рая Қалабаева. Анам – Заманбек Нұрқаділовтың туған қарындасы. Оған 2018 жылы жүрегіне ота жасалған. Оның үстіне, ұмытшақ ауруына шалдығып, өз-өзін жоғалтып алды. Қазір төсек тартып жатыр. Мүлдем жүре алмайды, сөйлей де алмайды. Ол – 71-де. Басымызда баспана жоқ. Өкінішке қарай, анам мен әкем ажырасып кеткен, – деді Әсел Қалабаева.

Рая апайдың қызы Әсел бұл жайында «Ит өмір» бағдарламасында айтты. Сол бағдарламадан кейін халық Әсел Қалабаеваның есепшотына қаржы аудара бастаған. Айтуынша, алғашқы күні шотына 7,5 млн теңге түсті. Қазір 10,2 млн теңгедей жиналды. Сонымен қатар аудандағы азаматтар да көмек көрсеткен. Міне, сол жиналған қаржыға олар баспана алды. Талай жылғы арманына жеткен Қалабаевтар отбасының қазір қуанышы қойынына сыймай отыр.

– Халқыма деген ризашылығым шексіз. Қазақ халқының рухы мықты екеніне көз жеткіздім. Өмірде жанашыр, мейірімді жандар көп екен. Бізге жылы пейілдерін білдірген, жанашырлық танытқан азаматтарға рақмет. Қазір баспаналы болып отырғанымыз ең бірінші – Алланың, одан кейін халықтың арқасы. Қуанышымды жеткізе алмай отырмын, – деді Әсел Қалабаева.

[embed]https://youtu.be/-zMmCT9Uuz0[/embed]