Қашықтан оқу білім саласына ауқымды өзгерістер әкелді. Білім соңындағы әрбір жас осы жолда жаңаша форматта ізденді, сынақ тапсырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті Баспасөз жəне электронды БАҚ кафедрасы студенттер мен магистранттардың қашықтан білім алудағы ойлары мен дағдыларын бөлісу үшін «Онлайн креатив: бастысы маңызды» халықаралық студенттік журналистік материалдар байқауын жариялаған болатын. Байқау, міне, мәресіне жетіп, үздік жұмыстар марапатталды.
Байқауға қазақ, орыс және ағылшын бөлімдері, сондай-ақ Вьетнам, Қытай, Ауғанстан, Ресей, Қырғызстан елдерінің журналистика бағдарламасының студенттері мен магистранттары қатысты. Үздік жұмыстардың топтамасы жинақ ретінде баспаға ұсынылды. Халықаралық деңгейде өткізілген жеңімпаздар байқаудан алған әсерлерімен бөлісті. Солардың бірі, Вьетнам Республикасынан қатысқан студент Фан Нгок Май университеттегі бірінші курстың алғашқы семестрін қашықтан оқыды. – Осы кезде өзіндік ізденіспен білім алудың не екенін түсіне бастадым. Журналистік материалдар сайысы тәуелсіз журналистикадағы бәсекелестік ортаға бейімдеді, – дейді Фан Нгок Май. Қазақстанда оқып жүрген қытайлық магистрант Цзяо Хунюнь журналистік материалдар байқауы оқшауланған кезде шығармашылыққа ынталандырды дейді. «Оқшауланудың арқасында білім алудағы әрбір мүмкіндікті бағалай білуге ұмтылдым. Жұмысымды қазылар алқасы жоғары бағалағанына қуаныштымын», деді Цзяо Хунюнь. Байқауда ресейлік студенттер бақ сынады. Үздік жұмыстардың бірінің авторы Алтай мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің 2-курс студенті Настя Кшнякина: «Соңғы кезде түрлі байқауларға қатысу студенттік өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мен байқау туралы аяқталуына жақын қалған сәтте білдім. Айтар ойымды тез жинап, қашықтан оқу туралы өз ойымды ортаға салдым. Нәтижесінде дәрежелі үшінші орынды иелендім. Байқауды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Жас журналистердің танымал болуының алғашқы баспалдағы іспетті. Ең бастысы, идея болса», деп ойын ортаға салды. Алтай университетінің студенті Мария Лаврищева өзінің пандемия жағдайындағы білім алу практикасымен бөлісті. «Мен үшін коронавирус пандемиясы наурыздың соңынан басталды. Ол кезде Мәускеуде досыммен бірге білім беру сайтында редактор едім. Біз де басқа университеттер сияқты қашықтан оқуға көштік. Алғашында біз қашықтан оқуды түсіне қоймадық. Тобымызда қашықтан оқуды қолдағандар да, қарсылық танытқандар да болды. Дегенмен, біз қандай жағдайда болмасын оқудың қажеттігін түсіндік». Төтенше жағдай кезінде білім алудың маңызы мен қажеттігін түсінген жастар байқаудың жалғасын күтетінін айтты. Алдағы уақытта халықаралық байқаудың масштабын арттыру қажеттігін жеңімпаздар мақұлдап отыр. Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті журналистика факультетінің 1 курс студенті Бербаева Айгелия: «Он ай қашықтан оқу кезінде күнде алдыма мақсат қойдым. Онсыз менің білімге деген құштарлығым жоғалар еді. Таңертең жолға кететін уақыттың орнына спортпен айналысуға, кітап оқуға, шет тілін үйренуге уақыт таптым. Біз өмірдегі ең басты сабақты – денсаулық сабағын үйрендік» деді.Гүлмира Сұлтанбаева