Олардың қазіргі жағдайы туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мамандары мәлімдеме жасады.
Алматы мен Нұр-Сұлтан ауруханаларында ұшақ апатынан зардап шеккен 30 адам жатыр. Оның жетеуі – бала.
"Алматының стационарларында 27 адам бар, оның ішінде Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының жан сақтау бөлімінде бір науқас бар. Зардап шеккендердің барлығының денсаулығы тұрақты, жағдайлары жақсарып келеді", - деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасы.
Кейбіреулерді Нұр-Сұлтанға тасымалдауға тура келді.
"Әуе апатынан зардап шеккен үш адам одан әрі ем алу үшін санавиация арқылы Нұр-Сұлтан қаласындағы ҰЗМИ-ға жеткізілді. Жалпы дәрігерлер 22 ота жасады. Барлық жүргізілген операциялар сәтті өтті. Екі балаға травматологтар жоғары технологиялық заманауи емдеу әдістерін, атап айтқанда "оң сан сүйегінің иілгіш өзекшелерімен остеосинтез"қолдана отырып, кесусіз ота жасады. Мұндай операцияның артықшылығы оның аз жарақаттауында және жедел емдеуден кейін бірнеше күннен кейін сынған аяқ-қолдарына күш салуға болатынында", - деді дәрігерлер.
Айта кетейік, әуе апатынан 69 адам зардап шекті, оның 9-ы балалар.
Ұшақ бортында 98 адам болған Bek Air әуекомпаниясының ұшағы 27 желтоқсанда таңертең Алматы түбіне құлады. 12 адам қаза тапты. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қаза тапқандардың барлық отбасыларына 4 миллион теңгеден бөлінетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, барлық зардап шеккендерге қажетті қаржылай көмек көрсетіледі. Кейін Amanat компаниясы жәбірленушілерге сақтандыру төлемдерін жүргізетінін мәлімдеді.
Сонымен қатар, ІІМ Bek Air бортсеріктерінен жауап алады. Үкімет Алматы түбіндегі ұшақтың апатқа қатысы бар әрбір адам жазаға тартылатынын мәлімдеді.