БҚО-да нәрестесін өлтірген бойжеткен сотталды
БҚО-да нәрестесін өлтірген бойжеткен сотталды
5,094
оқылды

БҚО-ның Казталов ауданының 19 жастағы тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол баланы целлофан пакетіне орап, көшедегі дәретханаға тастап кеткен. 4 ақпанда Казталов аудандық №2 сотында аталған іс бойынша сот үкімі жарияланды. Үкімді судья Айвар Бижанов жария етті.

Былтырғы жылдың күзінде жоғары педагогикалық колледждің екінші курс студенті өзінің досынан жүкті болғанын білген. Бірақ ол бұл туралы ешкімге айтпаған. "23 қарашада қыздың іші ауыра бастайды. Сағат 16.00 шамасында қыздың анасы дүкенге кетеді, ал қалған отбасы мүшелері өз бөлмелерінде болған. Содан қыз дәлізге шығып, үй ішіне көрсетпестен баласын босанады. Қатты шошынған жас ана баланың кіндігін қайшымен кесіп, целлофан пакетіне орап, жер үйдің сарайында орналасқан көше дәретханасына лақтырады. Осылайша, сәбиін өлтірген. Содан кейін ол дәліздегі қанды сүртіп, жуынып, бөлмесіне барып жатқан. Ал дүкеннен оралған қыздың анасы оның нашар сезінгенін көріп, ауруханаға апарған. Міне, сол жерде оқиғаның қалай болғаны анықталған", –  делінген үкімде.

Сарапшының қорытындысына сәйкес, баланың өліміне механикалық асфиксия себеп болған. Бала шамамен 8-8,5 айлығында дүниеге келген. Жас ана кінәсін толық мойындаған. Айтуынша, баланың әкесі жауапкершіліктен бас тартқанын. Сондықтан ол ата-анасынан қорыққанынан айтпаған екен. Сот үкімімен Казталов ауданы Жаңажол ауылының тұрғыны ҚР ҚК-нің 100-бабы «Жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі» бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сөйтіп, екі жылға бас бостандығынан айырылды.