Пандемияға байланысты карантиндік шаралардың кесірінен 9 ай бойы жұмысы тұралап қалған Петропавл автовокзалы шаш етектен шығынға батты. Жолаушылар тасымалы бірден 4 есеге қысқарған. Кәсіпорын өткен жылды 9 млн теңге көлемінде шығынмен жапқан.
«Автовокзалдың жағдайы қиындап кетті. Біз бүгінгі күні жұмыс істегеннен көрі, өлместің қамымен жүрміз. Әріптестік жасап келген тасымалдаушылар амалсыздан бірінен соң бірі өз бағыттарын жауып жатыр. Автовокзалдың меншігінде техника жоқ. Біздің жұмысымызды заңсыз такси қызметі де бөгеп тұр. Олар аумағымызға келіп, клиенттерді алып кетеді. Олар жеңіл көлікпен ғана емес, шағын автобустармен де жолаушылар тасымалдаумен айналысады. Тасымалдаушыларымыз жарты жылдан бері жақын қалаларға да шыға алмайды. Жұмысты тоқтатып, нысанды сатудан басқа амалымыз қалмады. Автобустардың бос тұрғанына бір жылға жуықтап қалды. Қаншама адам жұмыссыз қалып жатыр. Карантин ешкімге аяушылық танытып жатқан жоқ», – дейді «Петропавл автовокзалы» ЖШС директоры Александра Сысоева. Оның айтуынша, карантин кесірінен бір жылға жуық аралығында 1,4 миллиард теңге кірістен қағылған. Кәсіпкер автовокзал ғимаратын саудаға қойса да, оны сақтап қалудың амалдарын қарастыруда. Алайда карантиндік жағдай тұрақталмай, жолаушылар тасымалы саласының оңалмасы анық. Осыған дейін Солтүстік Қазақстан өңірінің «сарыдан» гөрі «қызыл» аймақта болған уақыты басым. Ал пайдасынан шығыны көп автовокзалдың саудаға шығарылғанымен, сатылуы жайлы болжам жасау қиын. Сондықтан Петропавл автовокзалы да карантиннің кесірінен банкротқа ұшырап, жабылып қалған нысандардың тізімін толықтыруы әбден мүмкін.