«Nur Otan» партиясы әл-Фараби аудандық филиалына қарасты Саяси кеңес бюросының отырысы өтті. Шараға партия филиалы басшылығы, бюро мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Мәжілісте Шымкент қалалық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Бақыт Қыдырбаевтың партиялық жауапкершілігі қаралды.
Осыдан бірнеше күн бұрын «Айғақ» телеарнасында «Халық қалаулысы кәсіпкерге не үшін шүйлікті?» атты репортаж жарық көріп, онда депутат Бақыт Қыдырбаевтың құрылыс нысанында болғаны, мердігер компания жұмысшыларына дөрекі сөйлегені, Әдеп кодексін сақтамағаны туралы айтылды. Бақыт Съездұлының айтуынша, сол күні ол құрылыс жүріп жатқанын көріп мән-жайын сұраған, бірақ артық еш нәрсе айтпаған. Шымкент қалалық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Төрайым Сұлтанова әріптесіне қарапайым болу керегін ескертті. – «Nur Otan» – халықтық партия. Халық бізді депутат етіп сайлады, халықты сыйлап, құрметтеуге, адал қызмет етуге, сенімін ақтауға шақырамын, – деді ол. Ал бюро мүшесі Ерлан Айтбаев партиялық этиканы бұзған партияласына ескерту беру туралы ұсыныс айтты. «Nur Otan» партиясы әл-Фараби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Заңғарбек Усупахметов депутатты халықтың және Елбасының сенімін ақтауға шақырып, партия ережелері мен Жарғысын сақтауды ескертті. Партияның негізгі ұстанымы – елге қызмет ету. Сондықтан халықпен бірдей болу және депутаттық этиканы сақтау аса маңызды міндет. Бюро мүшелері келесі жолы мұндай мәселелер қайталанбайды деген ойын білдіре отырып, Бақыт Қыдырбаевқа «ескерту берілсін» деген шешім шығарды.Әбілмансұр ЖАСАН