Тендерлердің ашық, жария өтпеуі оны жемқорлардың жемсауына айналдырды. Сонымен бірге алаяқтар да сол арқылы баюға тырысуда. Бизнесмендер болса, «бармақ басты, көз қысты» жолмен мемлекеттік сатып алуларда ұтуға болады деп сенеді. Мысалы, Қызылорда қаласында әлдебір адам «Кәсіпкерлерді қолдау орталығындағы конкурста көмектесемін» деп екі кәсіпкердің қаражатын жымқырған.
Оған сенген бизнесмендер делдалдығы үшін алаяққа 1 миллион 200 мың теңге ақшаларын санап берген. Тек ол адам сөзінде тұрмағанда ғана, алданғандарын түсінген. Сөйтіп, Қызылорда қаласының Полиция басқармасына екі кәсіпкерден бірдей мазмұндағы арыз түсіп отыр. «Олар арыздарында бір азаматтың 2020 жылдың қыркүйек айында Кәсіпкерлерді қолдау орталығындағы конкурсқа қатысуға рұқсат алып беру үшін олардың әрқайсысынан 600 000 теңге алғаны көрсетілген. Полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысты жасаған және бұрын сотталған 34 жастағы азамат анықталып, ұсталды. Ол облыс орталығының тұрғыны екені белгілі болды», – деп хабарлады жергілікті полиция. Қазір күдікті тергеу изоляторында қамауда отыр. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1,3-бөліктерімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.Ерік ЕРДЕНОВ