Бозжыра жыры жалғасуда: қоғамдық тыңдау өтті
Бозжыра жыры жалғасуда: қоғамдық тыңдау өтті
184
оқылды

Бозжыра – боз даланың мұңы ма, әлде мұраты ма? Бізге керегі қор­шаған орта ма немесе инвестиция ма? Бір жылдан бері сөз болып келе жатқан бұл мәселе кеше тұң­ғыш рет қоғамдық тың­дауда кеңінен тал­қы­ланды. Туризмді қолдайтындар мен тұмса та­­биғатты қорғайтындар әлі де болса – екі лагерь. Бірақ екі тараптың ымыра табатын бір тұсы бар, ол – эконо­миканың экологияға зияны ти­­­мегені. Сол себептен де қоғам өкіл­дерінің жобаны ұйымдас­ты­­ру­шыларға ең қатты шүй­ліккен тұ­сы – туристік нысан мен табиғи ны­санның ара­­сының жақындығы. Небәрі – төрт шақырым. Қалай де­генде де, Боз­жыра қоғамдық ре­зонанс жағы­­нан Көк­жайлау­дан кейінгі екінші жо­ба бол­ғалы тұр.

Алыс та болса жақын шоқылар

Қоғамдық тыңдау жобаны ұсыну­­шылардың туристік нысан құрылысын, нақтырақ, оның қор­шаған ортаға тигізетін әсерін ба­ғалау жобасын таныстырудан басталды. Әрине, көрнекі муль­­типли­кация­да бәрі тамаша. Визит орталық, қонақ үй, СПА-орталық, хауызды виллалар мен сансет мей­рамханалар, қолөнер цехтары, мә­дени көрмелер, табиғи тағамдар дүкені, түрлі инсталляциялар, тік­ұшақ қону алаң­дары және тағы басқалар. Ең бірінші ерекшелік – тұмса табиғат аясындағы жанға жайлы демалыс. Атпен саяттау, жаяу сер­уендеу. Бозжыраның, ел аузында «Наути­­лиус» және «Азушоқы» атанып кеткен қос табиғат шедев­ріне тамсана отырып ты­ныстау немесе бассейнге түсу. Марстық пейзаж аясында батып бара жатқан күн шапағына малынып сәулетті мейрамханада кешкі ас ішу. Туристік техникалар тізбегі тек тік­­ұшақ­тар­мен шек­тел­меуі мүмкін. Вело­сипед, квадро­­циклмен саяхаттау да қа­растырылмақ. «Мұндағы ғимараттардың бар­лығы бір қабатты орын­жай­лардан тұрмақ. Бұл ең бірінші ке­зекте табиғатпен жымдаса, қор­шаған ортадан оғаш көрінбеу үшін жа­салып отыр. Өйткені біз ту­ризмнің экологиялық түрін қолдап отырмыз. Сонда ғана Боз­жыраның геогра­фиялық әсемдігін ғана емес, фло­расы мен фаунасын да та­­ма­ша­лауға мүмкіндік тумақ. Қор­шаған ортаға әсер етуші фак­торлардың барлығын ес­кердік. Дыбыс, діріл, жарық сияқты тех­ногендік көздерден туатын барлық әсерді барынша минималды күйге түсіретін бо­ламыз. Сондықтан да нысан­дарымызды неонды немесе гало­генді жарықтармен әше­кейлеу қарастырылмаған. Соның ішін­де хауыздарға да түнгі декоративті жарық­­тандыру жүйесін ор­нат­паймыз. Дауыс зорайтқыштарды қолдану көзделіп отырған жоқ. Бұл сол жердің аң-құсына жайсыз тиіп, ауа қоныстануына алып келуі мүм­кін. Теріс әсер етуші техногендік фак­торлар тек құрылыс жұмыстары кезінде ғана көбірек болуы мүмкін. Одан кейін мұндай әсер тек апаттық генератордың жұмысынан туын­дауы мүмкін. Онда да мұндай жағ­дай сирек болады деп санаймыз. Нысанның пери­метрінде шарбақ қоршауы болмайды. Бұл да таби­ғатқа етене жақын бола түсудің бір үлгісі», – дейді жоба авторлары. Қоғамдық тыңдау онлайн фор­матта, ZOOM платформасында өтті. Оған 96 адам қатысты. Әйтсе де, техникалық жағынан ұйым­дастыру жұмыстары нашар бол­ғанын айта кету керек. Мәселен, оған көптеген адам кіре алмай қи­налса, қатысып отыр­ғандардың микрофондары қосулы қалып, ол трансляция сапасына теріс әсер етті. Орысша сөйлеушілердің қа­­­зақша аударма жасауы да орын­сыз. Қатысушылардың наразылығын тудырған бұл жайт ұйым­дас­ты­­рушылардың осы мәселеге деген көз­қарасын білдірсе керек. Жиынға қоғам тарапынан экологтардың үлкен дайын­дықпен келгенін аң­ғаруға болады. Со­лардың бірі Айгүл Маликова ұйымдас­тыру­шы­лардың Қоршаған ортаға тигізетін әсе­рін бағалау туралы жобасын сынап тастады. «Жобаларыңыз шикі. Мұнда таза эко­логиялық құжат көріп тұрған жоқпын. Негізгі назарды туристердің жайлылығына сал­ғансыздар. Мәселен, канализация суының қайда кететіні, тікұшақтың дірілі­нің жан-жануарларға әсері, атқораның қиы қайда жөнелтілетіні және басқа да көптеген жайттар айтылмаған. Жобаға ескірген әде­биеттерді пайдаланғансыздар. Түз тағы­ларының миграциясына жел­і­лік инфра­құрылымдар қатты әсер етеді. Ол жайт қарастырылмаған. Жабайы жануарлардың ең жақын көші-қон жолы – 3 шақырым. Бұл өте аз. Дайындықтарыңыз техни­калық жа­ғынан да, мазмұндық жағынан да нашар. Қоғамдық тың­дауды жарамсыз деп танып, қайта өткізуді ұсынамын», – деді ол. Көптеген қатысушылар сөз сөйлеп, сұрақ-жауап, ұсыныс-пікір ретінде өрбіген тыңдауда көп жайт сөз болды. Соның негізгісі – шо­қыларға дейінгі арақа­шық­тықтың жақындығы. Кіші шоқыға дейін 3,8 шақырым болса, үлкен шоқыға дейін 2 шақырым, ал Жабайұшқан қорығының шекарасына дейін – 3 километр. Бұл тұста пікір екіге жа­рылды. Бірі – жақын болса, екінің бірі барып тау-тасты тоздыра береді, сондықтан кем дегенде 20 шақырымға орналастыру керек десе, екінші тарап – алыс болса адамдар машинамен қатынап, дала төсін айқыш-ұйқыш қатынап тоз­дырады деген уәж айтты. Қалай болғанда да, бүгінде геодезиялық жұмыстар жүріп жатқанына қара­ғанда нысан сол белгіленген жерге салынатын сияқты. Ал одан да аны­ғы – нысанның салынатыны нақты екені. Оның құрылысына қарсы шығып жүр­гендердің енді байбалам салуы бекершілік.

Мәселе көп, мақсат – біреу

Жоба аумағында білікті маман­дар ар­хео­логиялық зерттеулер жүр­гізген. Олар бұл маңда тарихи ес­керткіштер жоқ деп отыр. Ең жа­қын қойымдық – Жабайұшқан қауымы. Ол үш шақырым жерде және Боз­жыра аумағынан тыс жатыр. Ұйымдас­тырушылар, жо­баның қауіпсіздік деңгейін бесінші сы­­ныпты, төртінші санат деп ба­ғалап отыр. Бұл өндірістік құ­рамдас бө­ліктері жоқ, таза экологиялық жоба дегенді біл­діреді. Ұңғы қазу және құбыр тарту жұмыстарын жүргізбеу үшін су сырттан та­сы­малданатын болады. Әйтсе де, құ­ры­лыс жұмыс­тары кезінде ны­санның сани­тарлық аймағы бе­кітілмеген. Қоғам бел­сен­ді­лерінің жобаға айтар сыны өте көп. Үш жа­­рым сағатқа созылған тың­даудың да мақсаты мәселенің мәнін нақтылап алу болса керек. «Жаңа нысанның аумағы қалай бол­ғанда да қорық аумағына ұм­сынып жатыр, бұл жағы заңмен қан­­шалықты реттелген? Жоба Қарақия ауданының әлеуметтік-эконо­микалық жағдайына оң әсер етеді делінеді. Әйтсе де, оның нақты эко­номикалық негіздемесі жоқ. Қанша салық түседі, қанша жұмыс орны ашылады, жергілікті адамдар жұмыспен қамтыла ма, олардың айлығы қанша болады? ҚОӘБ жо­басында Бозжыра табиғи ес­керткіші туралы бір ауыз сөз жоқ? Оны қорғау мә­селесі, оның басына шығу қауіп­сіздігі қа­растырылмаған. Сұрақ көп, жауап жоқ», – дейді «Экофорум Қазақстан» ұйымының өкілі Свет­лана Могилюк. Онлайн жиында сөз алып, пікір айт­қандар көп болды. Әр сұрақ жауапсыз қал­ған жоқ. Бірақ көп­шіліктің қанағаттана қоймағаны байқалады. Нысандар пайда­лануға берілгеннен кейін оның бағасы қолжетімді боларына көпшіліктің күмәні бар. Қоғам белсендісі Мұх­тар Үмбетов «бұл тек байлардың ермегі үшін бе?» – дейді. Өйткені «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» демекші, мейрамханада ас жей сала хауызға түсу, шаң-тозаң­мен қа­баттасып, СПА қа­­былдау, терра­саларда тербеліп жатып, жай­лы жерде әйнек қабырғадан таби­ғатты тамашалау бай­шы­кештердің «өмір салты» болса ке­рек. Бұл да болса, әлемдік дәре­жедегі маркаға лайық туризм қа­лыптастыру бас­тамасы болса құп­тарлық-ақ. Бол­маса, басқа өңір­лердегі жерлес­тердің қалай түсіне­тіні белгісіз, Маңғыстау халқы үшін қасиетті әу­лиелер жатқан сар даланы сауық-сай­ранмен сыналау санаға сый­майды. Тіпті, моральға оғаш, мен­тали­тетімізге жат. Бү­гінгі күннің түйіні – мәселе көп, мақсат – біреу. Табиғат игілі­гінің экологияға зия­ны тимей, эко­номикаға пайдасы тигені. Ал қо­ғамдық тыңдау тағы да жалғаспақ. Өйткені бұл – Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы.

Нұрлан ҚОСАЙ