5 мың ағашты заңсыз кескен
5 мың ағашты заңсыз кескен
158
оқылды

Алматыда тағы да заңсыз ағаш кесу дерегі тіркелді. Бұл жолы заңсыз әрекетке барғандар табиғатқа қомақты көлемде зиян келтірген. Әңгімені тағы да деп бастағаннан-ақ мұндай келеңсіз әрекеттің бұған дейін де талай рет болғанын аңғару қиын емес. Әдеттегідей бұл жолы да табиғатқа экобелсенділер араша түсіп отыр.

«Бостандық ауданы мен Іле Алатауы паркі шекарасында заңсыз ағаш кесілген. Мұнда Қазселденқорғау мен Төтенше жағ­дай мекемелері бірлесіп, селден қорғау ғи­маратын тұрғызбақ. Жасыл желекті кесуге рұқсат берілмеген. Менің шама­лауымша, мұнда 5 мыңнан астам ағаш кесілген. Осы үшін қылмыстық жауап­кершілікке тар­тылуы тиіс», – дейді Kaz Eco Patrol қоз­ғалысының негізін қалаушы, эко­бел­сенді Тимур Елеу­сізов. Қалалық Жасыл экономика басқар­масы табиғат жанашырларының айтып отырған дерегін жоққа шығарған жоқ. Тиіс­­ті мекеме қызметкерлері Бостандық ау­­данындағы Үлкен Алматы өзенінің жо­ғары жағынан Аю­­­­сай өзені сағасынан тө­мен селден қорғау бөгеті салынатынын да айтып өтті. «Шын мәнінде, көрсетілген аймақта ағаш кесілген. Басқарма осы мекенжай бойынша жасыл желектер мен ағаштарды кесуге рұқсат бермеген. Қазіргі таңда ма­мандар кесілген жасыл желектің саны мен ағаштардың түрін және келтірілген шы­­ғынды анықтауда. Нәтижесін кейінірек хабар­лаймыз», – деді қалалық Жасыл эко­номика басқармасы қызметкерлері. Рұқсатсыз 5 мың ағаштың түбіне жет­кендердің заңсыз әрекеті Төтенше жағ­дай министрлігі қызметкерлерінің де құлағына жетіп, олар да түсінік берді. Ми­нистрліктің хабарлауынша, заңсыз ағаш кесу дерегі бойынша жауапкершілікті мердігер ком­пания мойнына алады. «Бүгінгі таңда кесілген ағаштарды қал­пына келтіру жөнінде жұмыстар жүр­гізілуде. «Құрылыс-2» ЖШС мердігер компаниясы шамамен 0,2 гектар аумақты тазалау үшін 15 ағаш пен жабайы өскен бұтақтарды шапқан» деп түсіндірілген министрлік мәлімдемесінде. Жасыл желек жамылған Алматы ша­һарында ағаштардың кесілуі, әсіресе кейінгі жылдары жиілеп кетті. Экобел­сенділер мұндай заңсыз әрекеттерге үнемі үн қатып келеді. Осыдан тура бір жыл бұрын Алматы қаласы тұрғындары Құлжа тасжолының 20-шақырымы мен осы тасжолдың Бұқ­тырма көшесімен қиы­лысындағы жаппай ағаш кесу нау­қанына наразылық танытқан. Бұл мәселеге Ал­маты облысы әкімдігі баспасөз қызметі Алматы – Көкпек – Шұн­жа – Көктал бағытындағы Құлжа тас­жолының 20-ша­қырымындағы ағаштардың кесілу себебі Үлкен Алматы айналма авто­жолының құ­рылысы үшін екенін м­ә­лімдеді. «1 584 ағаш кесіледі. 2019 жылдың 7 қа­­занында оған арнайы рұқсат берілген. Жобаны іске асыру барысында қайтадан ағаш отырғызу қарастырылған. Шабылған 1 584 ағаштың орнына 4 752 көшет отыр­ғызылады», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкел. Осы жағ­дайдан кейін көп ұзамай Алматы қа­ласының Медеу ауданына қарасты Құлжа тасжолы бойында «Mолл Aport East» сауда-ойын-сауық орталығы құрылысын салу үшін 11 мың ағаш кесілгені жөнінде хабар тарады. Қалалық Жасыл экономика бас­қармасы ағаштарды кесу жөнінде еш­қандай рұқсат бермеген. Әкімшілік меншік иесін өз бетінше жасыл желекті кескені үшін сотқа берді. Сол кезде Алматы қа­лалық По­лиция департаментінің ресми өкілі Сал­танат Әзірбек ағаш кесу дерегі бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанынан хабардар етіп, келтірілген шығын сомасы сарапқа салы­натынын айтқан. Өткен жылдың қараша айында Алма­тыдағы Төле би көшесі бойындағы Sulpak сау­­да үйі маңындағы ағаштарды заңсыз кесу әрекеті де қалалықтардың ашу-ыза­сын тудырған. Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың назарын ау­дарған әрекет барысында 13 ағаштың оталғаны анық­талған. Сол кезде Жасыл экономика бас­қармасының басшысы Наталья Ли­винс­кая Sulpak дү­кенінің қо­жайыны аталған іс бойын­ша алматы­лықтардан кешірім сұ­раудан бас тарт­қанын айтып, ағаш кес­кендердің өте­мақысын күтпестен, Әуезов көшесінен Жароков көшесіне дейін ағаш көшеті отыр­ғызы­латынын да жет­кізген. Жасыл экон­омика басқармасы олқылықтың орнын тол­тырғандай болды, дегенмен осы іске ті­келей қатысы бар заңсыз әре­кеттерге бар­­ған жеке компанияға кейін қандай шара қолданылғаны жөнінде еш­қандай ақпарат жоқ. Өткен жылдың қорытындысы бойын­ша баяндама жасаған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мыр­зағалиев Қазақстан орман алқабы аз мем­лекеттердің қатарына жататынын, орман қорына жа­татын жерлердің жалпы көлемі 30 миллион гектар екенін және респуб­ликамыздың 11 пайызын алып жатқанын айтқан. «Мақса­тымыз – 2018 жылы қа­былданған Бонн үндеуі аясында рес­пуб­ликаның орман­дылығын 2030 жылға қарай 5 пайызға дейін ұлғайту», – деді министр. Сондай-ақ ол ағаш­тар мен бұта­ларды заңсыз жоюға байланысты тәртіп­бұзу­шылықтар үшін жаза күшей­тілетінін де тілге тиек еткен. Соңғы кезде елді ме­­­­кен­дерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері жиілегені туралы айта келіп, осыған бай­ланысты ЭГТРМ мүдделі мем­лекеттік ор­гандармен бірлесіп осы тәртіп бұзу­шы­лықтар үшін жазаны кү­шейтуге ба­ғытталған бірқатар шараларды пысық­тағанына тоқталған. «Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер әзір­ленді. Әкімшілік кодексіне дискреция­лық нор­маларды алып тастау және құқық бұзу­шыларға санк­цияларды ұлғайту бөлі­гінде бірқатар өзге­ріс ен­гізілетін бо­лады. Мы­салы, құқық бұзу­шылықтардың қай­та­лануына бай­ланысты айыппұлдарды келе­сідей арттыру ұсы­нылады: жеке тұл­ғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсет­кішке дейін; шағын кәсіп­керлік ны­сан­дарына 30 айлық есептік көр­сеткіштен 450 айлық есептік көр­сет­кішке дейін; орта кә­сіпкерлік нысан­да­­рына 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көр­сеткішке дейін; ірі кәсіп­керлік нысан­дарына 100 айлық есептік көр­сеткіштен 1 500 айлық есептік көр­сеткішке дейін арттыру. Бұдан басқа, ағаш­­тарды заңсыз кескені үшін санкция­ларды қатаң­дату бойынша Қыл­мыстық кодекске де өзге­рістер енгізу көз­деліп отыр», – деді ве­дом­ство бас­шысы. Тәртіп – бәріне ортақ. Сон­­дықтан жасыл желектерді заңсыз ота­ған әрбір азамат тиісті жазасын алуы тиіс.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ