Балқаш қаласында 7 жасар қызды зорлаған ер адам 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы сот үкіміне қарсы шығып, полиция өзін азаптады деп айыптады.
Қылмыс 2019 жылдың қараша айында Балқаш қаласындағы пәтерде болған. Шалғай ауылдан медициналық тексерістен өту үшін Балқашқа келген әйел бір азаматпен танысады. Ер адам оны үйіне бірнеше күн бірге тұруға шақырады. Паналайтын баспана таппаған әйел келіседі. Әрі медициналық тексеріс те ұзаққа созылады. Кейін әйел қалаға қызын алып келіп, ер адамның үйінде тұруын жалғастыра береді. Бір күні 44 жастағы қожайын әйелді дүкенге жұмсайды да, өзі қызбен қалады. Әйел дүкеннен оралғанда жартылай жалаңаш қызын көреді. Баласын жанталасып киіндірген әйел далаға атып шығып, көмек шақырады. Көршілер полицияға хабарлайды. Үйдің қожайыны әйелді тоқтатуға тырысады, қыз бала барлық жері ауырып тұрғанын айтып, жылап тұрады. Жедел жеткен полиция Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлімі бойынша «Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер» бойынша қылмыстық іс қозғады. Іс Қарағанды қаласының қылмыстық соты бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Айыпталушы 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Ер адам жауап алу кезінде полиция қызметкерлері қатты азаптады деп айыптады. Ол аяғы сынып, ауруханаға түскен екен. Бірақ сотта бұл дерек оған көмектеспеді. Сот қызға шабуыл жасаған кезде оның мас болғанын ауырлататын жағдай деп шешті. Психиатриялық сараптама сотталушыға химиялық кастрацияны қажет етпейтінін көрсетті. Азамат сот үкіміне қарсы шығып, шағым түсірді. Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі оның шағымы қабылданбағанын, үкім заңды күшіне енгенін хабарлады.Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы