Алматыда 3 балаға жаңа әдіспен ота жасалды
Алматыда 3 балаға жаңа әдіспен ота жасалды

№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында ота жасау үшін Ресейден әйгілі балалар хирургиясының хас шебері Юрий Козлов арнайы шақыртылған. Отаға жергілікті мамандар қатысып, жаңа әдістің қыр-сырымен танысты.

Юрий Андреевич Козлов – 30 жылдық тәжірибесі бар Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері. Балалар хирургі барынша ұсақ тілімдермен жасалатын оталарымен танымал. Осының арқасында науқастар отадан кейін тез айығып, оңалту кезеңі жеңіл өтеді.

«Бүгін ота үшін 3 науқасты таңдап алдық. Екеуіне шап жарығы диагнозы қойылған. Ал үшінші пациенттің жүрегіне жақында ғана ота жасалыпты. Алайда оның диагфрамасы маңынан ісік пайда болып көкірек қуысына кедергі келтіруде. Нәтижесінде баланың тыныс жолы жабылып қалған. Оталарды барынша ұсақ аспаптармен жасаймыз», – деді балалар хирургі Юрий Козлов.

Шеберлік сағаты осыдан 2 ай бұрын көз жұмған профессор, хирург Алмас Ормантаевтың құрметіне арнайы ұйымдастырылып отыр. Марқұм көзі тірісінде жүздеген баланы ажалдан аман қалып, ондаған хирург мамандарын дайындап шығарған. Жалпы анестезиямен жасалатын шап жарығы операциясы дүниежүзілік тәжірибе бойынша орта есеппен 30-45 минут уақыт алады. Ал, ресейлік маман науқас алатын жарақатты бірнеше есе азайтуға мүмкіндік беретін жаңа әдіс ойлап тапқан. Нәтижесінде, отаға бар болғаны 15-20 минут уақыт кетеді.

Ота жасау процесін Қазақстанның түкпір-түкпірінен Zoom платформасы арқылы онлайн қосылған хирург мамандары бақылады. Ресейлік маман келесі шеберлік сағатын өткізу үшін Нұр-Сұлтан қаласына аттанады.