Терең батырады, абай болсақ керек-ті...

Терең батырады, абай болсақ керек-ті...

Жайық өзеніне сырға­на­мақ болып кеткен жас­өс­пірімнің бірі тілсіз жау­дың құрығынан босай ал­мады. Учаскелік поли­цей­лер өр өзеннің суық құ­ша­ғынан екі жасөспірімді жан­таласа құтқарып ал­ды. Біреуі өзен тереңіне қарай ағып, келесі күні мүрдесін құтқарушылар тапты.

Оқиға қаңтардың 4 күні кешке болған. 11-15 жас аралы­ғындағы төрт жасөспірім Атырау қаласының шетінде орналасқан Томарлы-2 ауылы тұсындағы Жайық өзенінде мұз үстінде ойын қызығымен жүргенде мұз ойылып кеткен. Батып бара жат­қан жерлерінен бір жасөспірім өзі шығып үлгеріп, ұялы теле­фонымен 19 сағат 40 минут ша­масында «102 операторына» хабарласады. Атырау облыстық полиция департаментінің бас­пасөз қызметінің мәліметіне сү­йенсек, хабарлама түскен бой­да сол маңайдағы барлық пат­рульдерге хабар жеткізген. Ау­мақта қызмет атқарып жүрген Аты­рау қалалық №2 полиция бө­­лімінің учаскелік полиция инс­пекторлары полиция капи­таны Қуандық Сүйіндіков пен полиция аға лейтенанты Тимур Балмағанбетовтер жағалауға же­теді. Қараңғылық пен қалың тұ­маннан айналаны көру қиын­дығын ескерген полиция қыз­мет­керлері қызметтік көліктің жары­ғын жағып, жағалауда қал­дырады. Күн жылылығынан жұ­қа­лай ғана қатқан өзен бетімен жүріп, дыбыс тыңдап, ойылып кет­кен мұздан тек бастары ғана шы­ғып тұрған екі жасөспірімді су­дан шығарып алады. Аяқ-қол­да­ры құрысып, қалшылдап то­ңып, сөйлесуге жағдайлары жоқ балалардың үстеріндегі мұз қат­қан киімдерін шешіп, инспек­торлар өздерінің киімдерімен орап, жағалауға жеткізіп, жедел жәрдем қызмет­керлеріне тап­сырады.

Ал суға батқан 2004 жылғы жасөспірімнің денесін құт­қа­рушылар 5 қаңтар күні кешке тапқан.

«Естігенде есіміз шықты, ба­лаларымызды судан шығарып құтқарып алған полиция қызмет­керлеріне айтар алғысымыз шек­сіз...», – дейді 11 жастағы жасөс­пірімнің анасы Құралай Мусина.

Оқиға болған күннің ертеңіне полиция департаменті балаларды құтқарған полицейлердің бейне тіркегіш жетонына жазылған бейнекөріністі жұртшылық на­зарына ұсынды. Ол бейнедеректе судан басы ғана шығып, құтқа­рыларына үміті қалмаған жасөс­пірімнің бірінің «Мама, мен сені жақсы көремін. Аға, мен сені жақсы көремін...» деген әлсіз естілген сөздері жазылып қалған. Бұл бейнедеректі көрген жұрт­шылық осы сөздерді айтқан баланың отбасында адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіргеніне ризашылық білдіріп, судан құт­қарылмай қалған жасөспірімнің өліміне қайғыра көңіл айтты. Өзен суының ауа райының жы­лылығынан әлі де қатпағанын ескертіп, қайғының алдын алуға кеңес берді.

Атырау облысы Төтенше жағ­дайлар департаменті 2019 жылы Жайық өзенінде суға батқан­­дардың жалпы саны – 12 және 4 адам судан құтқарыл­ған деген де­рекпен бөлісті. Са­йып келгенде тілсіз жаумен арпа­­­лыста аман қалу көп жағдайда мүмкін емесін ойын баласы тұр­мақ, ересектер есте сақтай бер­мей­тіні қайғылы жағдайға әкеледі.

 

Атырау облысы