Ер адам полиция қызметкерінің мойнына пышақ сұғып алған
Ер адам полиция қызметкерінің мойнына пышақ сұғып алған
124
оқылды

Өскемен қаласында полиция қызметкерімен жаға жыртысқан ер азамат билік өкіліне күш қолданып, жарақат келтіргені үшін қамауға алынды.

Ағымдағы жылдың ақпан айының 8-і күні әдеттегідей өздеріне бекітілген аумақта қызмет атқару барысында «102» арнасынан көпқабатты үйлердің бірінен түнгі уақытта тыныштықты бұзған азаматтарға шара қолдану бойынша шақырту түседі. Аталған шақыртуға жедел жеткен жаяу патрульді полиция батальонының қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанты Нұржан Какеев пен Бекарыс Абдолданов көпқабатты үйдің 9-қабатында екі жігіттің ішімдік ішіп, бір-біріне дауыс көтере сөйлесіп тұрғандарын көреді. «Полиция қызметкерлері оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, түнгі уақытта тұрғындардың мазасын алмауды өтінеді. Алайда тәртіп сақшысының ескертуіне құлақ аспаған екі жігіт дөрекілік танытып, бірі күтпеген жерден полиция қызметкерінің бірінің мойнына пышақ сұғып алып, төменгі қабат арқылы сыртқа қарай қаша жөнеледі», - делінген хабарламада. Алған дене жарақатына қарамастан полиция қызметкерлері арнайы құрал резіңке таяқшамен қолынан соғу арқылы қолындағы пышағын жерге құлатады. Қазір ұсталынған 24 жастағы ер адам тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция аға лейтенанты Нұржан Кәкеевке қажетті ота жасалып, қазір оның өміріне қауіп төнетіндей алаңдаушылық жоқ.