Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралауда
Мәжіліс депутаттары аймақтарды аралауда
136
оқылды

Аймақтарда Мәжіліс де­путаттары, Nur Otan партиясы фракциясы мүшелерінің сайлаушылармен кезде­сулері басталды. Сапар ба­ры­сында Парламент мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан хал­қына Жолдауын іске асыру­дың басымдықтары мен барысы туралы әңгімелеп, олардың заңнамалық жұ­мыс­тары туралы баяндайды. Депутаттар сондай-ақ жеке мәселелері бойынша аза­маттарды қабылдап, барлық сауалдарға жауап береді.

Халық қалаулылары әлеу­меттік қамсыздандыру мәсе­ле­ле­ріне, атап айтқанда атаулы әлеу­меттік көмекті тағайын­дау­дың жаңа форматына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтан­дыруды енгізуге баса назар ау­дарады. Аймақтардағы жұ­мысы аясында Мәжіліс де­путат­тары өндірістік және әлеу­меттік ны­сандарға барып, кәсіп­орын­дардың, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің еңбек ұжым­дарымен кездеседі. Депутаттар тек облыс және аудан орталық­тарына ғана емес, шалғайдағы елді мекендерге де баруды жос­парлап отыр.

Іс-шараның алғашқы күні Павлодар облысында Мәжіліс депутаттары Айзада Құр­манова, Айгүл Нұркина және Александр Суслов Тереңкөл ауда­нындағы Песчаное ауылының тұрғындарымен кездесті, ал Нұржан Әшімбетов пен Мейрам Пішембаев «Абай» ЖШС өндірістік цехының бір күндік жұмысымен танысып, қызметкерлермен жолықты.

Шара барысында депутаттар елордадағы бірқатар нысанды аралады. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төра­ғасы Гүлшара Әбдіқалықова мен депутат Михаил Чирков Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жастар» театрының ұжымымен кездесті. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарақұсова мен Татьяна Яковлева «Эндохирургия кли­никасы» елордалық бастауыш партия ұйымының өкілдерімен жүздесті. Ал халық қалаулылары Светлана Бычкова мен Қанат Мусин Оқу­шылар сарайына барып, ондағы қызметкерлермен кездесу өткізді.

Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Сапар Ахметов, Павел Казанцев және Жәмила Нұрманбетова сайлаушылармен кездесулер аясында «Астана-Теплотранзит» метрополитен кәсіпорнында болып, еңбек ұжымының тыныс-тіршілігімен танысты. Ұжыммен әңгіме ке­зінде мәжілісмендер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық сұхбат – Қазақстанның тұрақты­лығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелерін жүзеге асы­руды талқылады, сондай-ақ олар­­дың ағымдағы Парламент сессия­сындағы заңнамалық қыз­меті туралы айтты.

Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов қылмыстық заңға, мас күйінде көлік жүргізу, зор­лау және педофилия үшін жауап­кершіліктің қатаңдағаны туралы хабарлады. Ал депутат Жәмила Нұрманбетова әлеуметтік сала­дағы жаңалықтарды сөз етті. Әсіресе, мұғалімнің мәрте­бе­сін көтеру мәселесіне ерек­ше тоқ­талды. Содан соң кәсіпорын­ның жұмысымен және оның даму перспективаларымен танысып, тарифтер мен ескірген жылу жүйелерін құру мәселелерін тал­қылады.

«Астана-Теплотранзит» АҚ Басқарма төрағасы Василий Куриско елордадағы жылу тари­фінің жайын баяндады.

– Жылумен жабдықтау же­лісінің тозуы бүгінде – 56 пайыз. Әзірге кешіктірілген жөн­деу жұмыстары жоқ. Енді біз 2021-2025 жылдарға арналған тарифті қорғаймыз. Егер біз мәлім­­деген тариф берілсе, онда желіні жөн­деуде кідірістерге жол бермейміз. Егер олай етпесе, онда өздеріңіз білесіздер, қаржы құйылмаса қиындықтар туындауы мүмкін, – деп атап өтті Василий Курисько Мәжіліс депутаттарымен кездесу барысында.

Кәсіпорын басшысы елор­дада соңғы 5 жыл ішінде жылу тарифтері қаншаға кө­теріл­геніне де қысқаша тоқ­талды. Ол сондай-ақ кәсіп­орын­дағы жұмысшылардың жалақысы орташа есеппен 200 мың теңге екенін айтты.

– Тариф динамикасына келер болсақ, өсім бар, соңғы бес жылда бізге бірінші жылы 7%, екінші жылы 6,6% және соңғы екі жылда 5,5 пайыздан өсіруге рұқсат етілді, – деді Василий Куриско.

Мәжіліс депутат­тары­ның аймақтарға сапары 14 қаңтарға дейін жалғасады.