Облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мағжан Ералиев әлеуметтік жағынан аз қамтылған екі бірдей отбасына қаржылай қолдау көрсетті.
Атап өту керек, партия филиалдарының қабылдау бөлмелерінде арнайы бекітілген кестеге сәйкес фракция мүшелері тұрғындарды қабылдап, көтерілген мәселелердің оң шешілуіне ықпал етуде. Мәселен, партия ғимаратында қабылдау өткізген облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев екі бірдей әлеуметтік жағдайы төмен отбасына қаржылық жағынан көмектесті. Халық қалаулысының қабылдауына алғаш келген қала тұрғыны Жансая Жақсылықова асыраушысынан айырылып, жалғыз өзі үш бала тәрбиелеп отыр. Өзі жұмыссыз әрі жалдамалы пәтерде балаларының жәрдемақысына күн көріп отырған ол азық-түлікпен қолдау көрсетуге көмек сұрады. Ал көпбалалы ана Жанар Ләпбаева қазір жолдасының жұмысқа жарамсыз екенін алға тартып, жалдап тұрып жатқан пәтер ақысын өтеуге қаржылай қолдау болса деген өтінішін жеткізді. Жалпы, қабылдауға келушілердің басым бөлігі материалдық көмек жөнінде өтініш білдірді. Фракция мүшесі әрбір азаматтың көтерген мәселесіне қатысты кеңес беріп, оларды назарға алды. Ал аналар өтінішіне сәйкес қаржылай қолдау көрсетті. – Тұрғындар тілегін тыңдап, олардың ұсыныстарын билікке жеткізу депутаттық парызым десем, жабырқаған жанға қолдау көрсету – азаматтық парызым. Әрине, өмір болған соң түрлі жағдай болады. «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасында негізгі басымдықтар халық игілігіне бағытталып отыр. Біз партия мүшелері ретінде осы міндеттерді тиімді іске асыруға бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Еліміз тыныш, халқымыз тоқ болып, жаңа белестерді бағындыра берейік, – деді өз сөзінде Мағжан Ералиев.Әбілмансұр ЖАСАН