Жүргізушіні жазалау жазымды азайта ма?
Жүргізушіні жазалау жазымды азайта ма?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР ҚК 345-1 бабына өзгерістер енді. Бұдан былай мас жүргізушілерді бұрын­ғыдан да қатаң жаза күтіп тұр. Ішімдікке сылқия тойып көлік тізгініне жармасқандар енді он жылға сотталып, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылуы мүмкін. Бұған елдегі жол-көлік оқиғасы көрсеткішінің өсуі себеп. Үкімет осылайша Қазақстан жолдарын қауіпсіз етпек. Ендеше бұл бастамадан не шығарын сараптап көрейік.

Жол апатының азаймай тұр­ғаны рас. Тіпті бұл көрсеткіш соң­ғы жылы артқан. Статистикаға сүйенсек, 2019 жылдың 11 айында барлығы 14 835 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қаза тапқандар саны – 2111, жараланғандар – 19 579. Былтыр дәл осы уақыт аралығында 14,2 мың оқиға тіркеліп, 20,2 мың адам зардап шеккен болатын. Бұл деректер Президенттің мас жүр­гізушілерге арналған жазаны қатайту туралы тапсырма беруіне түрткі болды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың нұсқауымен ҚР ҚК 345-1 бабына өзгерістер еніп, 2020 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұл туралы ОКҚ-де өткен бри­фингте Бас прокурордың орын­басары Марат Ахметжанов мәлімдеген болатын. Оның ай­туынша, жыл сайын мас күйінде көлік жүргізген 30 мыңнан астам жағдай тіркеледі. Мас жүргізуші­лердің салдарынан болған апаттан биылдың өзінде 1000-нан астам азамат зардап шеккен. «Енді заң бойынша қаннан алкоголь та­былса, онда ол бірден ауыр қыл­мыс санатына жатқызылып, татуласуға мүмкіндік берілмейді. 7 жылдан 10 жылға дейін өмір бойына бас бостандығынан айы­рылады, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айырылады. Егер азамат белгілі бір мерзімге жүр­гі­зуші куәлігінен айырылып, кейін оны алған соң қайтадан ұсталып, көліктің рөліне мас күйінде отыр­ғаны белгілі болса, онда көлік жүргізу құқығынан өмір бойына айырылады», – деп нақтылады М.Ахметжанов.

Бұдан бөлек, айыппұл көлемі де артқан. Негізінен бұл АЕК өсуіне байланысты. Биыл ол 2651 теңгеге жетті. Яғни біз бұл мәсе­лені жүргізушіні ғана жазалау әдісімен шешпекпіз. Алайда таяқ­тың екі ұшы бар екенін естен шығармаған жөн. Мәселен түнгі 11-ге дейін ішімдіктер самсап тұратын дүкендер мен масайғанша ішуге мүмкіндік беретін мейрам­ханалар тұрғанда көлігі бар азаматтың татып алмауы қиындай түспек. Әзәзілдің азғыруынан адамдарды сақтау үшін алдымен алкоголь айналымын реттеген абзалырақ болмай ма?

Біздің елде 21.00-12.00 ара­сында құрамында этил спиртінің үлесі 30 пайыздан жоғары су­сындарды сатуға тыйым салынған. Ал 30 пайыздан төмен болса 23:00 мен 08:00 аралығында сатыл­майды. Демалыс күндері 00:00-ге дейін рұқсат етілген. Қалған уақытта лицензиясы бар кез кел­ген дүкен алкогольді емін-еркін саудалай алады. Тұтынушының жасы 21-ге жетсе болды. Бұл нор­маларға қарап отырып, заңы­мыздың әлі де солқылдақ екенін көруге болады. Сөзіміз дәлелді болу үшін шетелдегі алкоголь ай­налымын қадағалайтын ере­же­лерді мысалға келтірсек. Скан­динав елдерінде ішімдік тек мем­лекеттік сауда нүктелерінде ғана сатылады. Швецияда алкогольді 10.00-18.00 арасында, сенбі күні 15.00-ге дейін сатып алуға болады. Ал жексенбі мүлде сатылмайды. Норвегияда да алкоголь өндіріп, сататын бір ғана желі бар. Фин­ляндияда ішімдік саудасы жәй күндері 10.00 мен 17.00 арасында, сенбі 14.00-ге дейін ғана жүреді. Жексенбі арақ-шарап дүкендері жабық. Испания стадиондарында алкогольдің кез келген түрін сатуға тыйым салған. Ал оның Каталония автономиясында 2009 жылдан бастап ішімдік жарна­масын жасауға болмайды. Сон­дай-ақ Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің қолдауымен бұл аймақта тегін алкоголь таратып келушілерді шақыру заңмен қудаланады. АҚШ-тың әр шта­тында ереже әртүрлі. Мәселен, Калифорнияда барларға да, дүкендерге де түнгі екіден таңғы алтыға дейін алкоголь сатуға тыйым салынған. Ал Колорадода 3,2 пайыздық сырадан басқа ішімдіктер тек арнайы дүкендерде сатылады. Штаттардың басым бөлігінде жексенбі күні алкоголь сатылмайды. Кейбіреуінде сайлау мен Рождество кезінде де сатуға тыйым салынған. Осыған ұқсас заң Канадада да бар. Бұл елдегі алкоголь дүкендері сенбі күні 13.00-де дүйсенбіге дейін жа­былады. Алкогольді дүйсен­біден жұмаға дейін 09.00-13.00 және 15.00-19.00 арасында мемлекеттік желілерден ғана алуға болады. Франция болса 18.00-08.00 ара­сында мемлекеттік автожолдар бойындағы мейрамханалар мен дүкендерге ішімдік сатуға тыйым салған. Сондай-ақ алкогольдің жарнамасын жасауға да болмайды. Тіпті көрші Ресейдің өзінде ішім­дік сату мерзімін 22.00-ге дейін қысқартқан. Яғни ащы судың зардабын азайтуға әлем халқы мықтап кіріскен. Жоғарыда көр­сет­кендей дамыған елдердің басым бөлігінде демалыс күндері ішімдік сатылмайды. Яғни, сенбі-жексенбідегі ащы су саудасынан түсетін пайда адам өмірін арзан­датпайды. Сондай-ақ арақ-ша­рапты тек арнайы дүкендерде сату практикасы бар. Бұл да заңсыз алкоголь айналымын азайтудың жақсы құралы.

Алайда біздің елде қорда­лан­ған мәселелер бір бұл емес. Бүгін­де алкоголь айналымын қадаға­лайтын Қаржы министрлігі де­пар­таменті жанынан құрылған бас­қарма ғана бар. Ол арақ-ша­рап­тан басқа да акцизді өнімдерге жа­уапты. Бірақ бұл өнімдердің ішін­де ішімдік пен темекіден бас­қасы дәл осындай әлеуметтік, ме­дициналық сипатқа ие емес. Сон­дықтан мамандар шетелде­гідей бұл мәселемен айналысатын жеке орган құруды ұсынуда. Мә­селен, бұл АҚШ-та федералды деңгейдегі мекемелер болса, Ре­сейде ішімдік­ті 300 қызметкері бар «Росал­ко­гольрегулирование» деп ата­ла­тын орталық аппарат қадағалайды.

2019 жылы жол апатынан бір ғана адам көз жұмған Норвегия астанасындағы жағдай ел назарын аударғаны рас. Биыл Осло көше­лерінде бірде-бір жаяу жүргінші қаза таппаған. Бұған қала ішіндегі жылдамдықтың азаюы, жол сапа­сының жақсаруы сынды фактор­лар әсер еткен. Оған жоғарыда ай­тыл­ған алкоголь нарығындағы мемлекеттік монополияны қо­сыңыз. Жолдарының құрылысы жағынан бізге ұқсас Корей елінде де жол апаттарымен жылдам­дықты шектеу арқылы күреседі. Кәріс ғалымдарының зерттеуі бойынша жылдамдықты 10 па­йызға қысқарту арқылы адам өлімін 50 пайызға азайтуға бо­лады. Мысалы, бұл елде күре жол­дармен сағатына 100 шақы­рым жылдамдықпен ғана жүруге болады. Елді мекендерде жыл­дамдық 60 км/сағ-тан аспау керек. Мектептердің жанында 30, оған жақын маңдарда сағатына 50 ша­қырымнан аспауы тиіс.

Көріп тұрғаныңыздай, жол апатының санын азайту үшін айыппұлды көбейтіп, жазаны қатайту жеткіліксіз. Кешенді шаралар қолданған кезде ғана мәселе шешімін таппақ. Ал заң қабылданған кезде Конституцияда көрсетілгендей, мемлекеттің бас­ты байлығы – адам, яғни адам өмірі мен оның сапасы екенін есте ұстаған абзал.