Павлодарда депутаттар қоғамдық мониторингке шықты
Павлодарда депутаттар қоғамдық мониторингке шықты
109
оқылды

Түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары «Қазақ­стан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізді.

Павлодар облысы Мә­де­ниет, тілдерді дамыту және ар­хив ісі басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, халық қалаулылары қаламыз­дың халықпен тікелей жұмыс істейтін, соның ішінде жолау­шы тасымалдайтын мекеме­лерге ат басын бұрды. Бұл жолы мониторинг то­бының құрамында облыстық мәслихат депутаттары Жар­қынбек Амантай, Ирина Чидунчи, Серік Сәдуақасов, Павлодар қалалық мәслиха­ты­ның депутаты Елена Яровенко және Павлодар аудандық мәс­лихатының депутаты Дмитрий Корепанов болды. Депутаттардан құрылған топ мүшелері «Павлодар қа­ласының трамвай басқар­масы» АҚ-да және «№1 автобус паркі» ЖШС-інде болып, қыз­мет­керлердің қызмет көрсету сапа­сы мен тіліне назар аударып, көрнекі ақпараттардың жағ­дайымен танысты. Меке­ме­лердің бірінші басшыларымен жолығып, түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізді. – Бүгін соңғы бір айдың ішінде үшінші мәрте мони­то­рингке шығып отырмын. Бұл – қоғам үшін аса маңызды жұмыс. Оның негізгі мақса­ты – халыққа қызмет көрсету орындарында сапалы екі тілде қызмет көрсету, мемлекеттік және мемлекеттік емес меке­ме­лерде орналасқан тіл заңна­масының талаптарына сәйкес келмейтін жарнама өнімдері мен көрнекі ақпарат мәтінде­ріндегі қателерге және олардың сауатсыз орналасуына жол бермеу. Жолаушы тасымал­дай­тын мекемелерде болып, он­дағы жағдаймен таныстық, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Амантай. Павлодар Ал халық қалаулысы Ирина Чидунчи мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру барлы­ғы­мыздың ортақ міндетіміз еке­нін атап өтті. – Мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңейту, тұр­ғын­дарға екі тілде де сапалы қызмет көрсету бағытына ерекше мән беріліп отыр. Бұл жұмыс күн тәртібінен түспеуі тиіс, – дейді Ирина Чидунчи. Трамвай басқармасында мемлекеттік тілдің талапқа сай қолданылуына жағдай жа­салуда. Кондукторларға апта­сына екі мәрте қазақ тілінен сабақ ұйымдастырылады. Автобус паркінде де жағдай көңіл көншітерліктей. Тек кейбір ақпараттық қағаз ресми тілде ғана орналастырылғаны белгілі болды. Мониторинг тобының өкілдері бұл мәселе бойынша түсіндіру жұмыс­тарын жүргізді.

Әбілмансұр ЖАСАН