Мәулен Әшімбаев: Гуманитарлық ғылымдарды қолдаудың маңызы зор
Мәулен Әшімбаев: Гуманитарлық ғылымдарды қолдаудың маңызы зор
231
оқылды

Бұл жөнінде Сенат Тө­­­рағасы Facebook-те жа­­рия­лаған жазбасында айтты. Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отыры­­сында гуманитарлық сала ма­­­мандарын даярлауға қа­тысты пікір білдіргеніне на­зар ау­дарып, осы бағыттың мән-маңызына тоқталған.

«Қазір жаратылыстану және нақты ғылымдардың басым­­­ды­ғы анық байқалады. Бұл техно­­ло­гияның дамуымен және эко­номикалық өсуге тікелей ықпал ететін ғылыми жаңалықтарға де­ген сұраныстың артуымен тығыз байланысты. Бүгінде философия, тарих, лингвистика, әлеуметтану, психология және тағы басқа гу­манитарлық ғы­лымдар түрлі се­бептерге байланысты 2-орынға ығысып кетті. Мұндай жағдай, әсіресе дамушы елдерге тән. Бірақ адамның дүние­та­­­ны­­мын, айналадағы үдерістерге жан-жақ­ты және шынайы көз­қарас қа­лыптастыратын бағыт гума­ни­тарлық ғылымдар екені сөзсіз. Шын мәнінде, барлық ғылымның негізі саналатын Пла­тон мен Арис­тотель зама­нындағы ілімнің өзі философияға табан тірейді. Сондай-ақ адамға ХХІ ғасырда қажетті білім мен ілімді гума­нитарлық ғылым ғана бере алады. Бұл ретте, ең алдымен аудитория алдында сөйлей білу, өз ойыңды жеткізу және пікіріңді қорғау жө­нінде сөз болып отыр. Қа­зіргідей ашық ақпараттық қоғамда және «халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжы­рымдамасын іске асы­ру кезінде дұрыс дискуссия жүргізе білудің маңызы артып келеді. Ойыңды тұжырымдап, жүйелі және түсінікті түрде қағазға түсіре білудің маңызы зор. Мемлекеттік аппаратта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда ақпарат алмасу негі­зі­­­нен хат күйінде жүргізіледі. Сол жерде жазылғанның негізінде ше­шім қабылданады. Сондықтан көп дүние дұрыс жаза білуге тіке­лей байланысты. Гуманитарлық білімнің тағы бір маңызды компоненті – жүйелі ойлауды қалыптастыру. Уни­верситеттердің деңгейінде жас­тарды қасаң қағидалардан, дог­маттардан арылту қажет. Оның орнына жас буынды ақпаратты дұрыс талдауға және салмақтауға үйрету маңызды. Қоғамның алдындағы мін­деттер уақыт өткен сайын күр­делене түсуде. Адамдармен бір­лесіп жұмыс істей білу қабілеті де ауадай қажет. Өзгелермен қарым-қатынас жасап, тиімді комму­ни­ка­ция құра білудің жаңа әлемдегі өзектілігі артып келеді. Осындай қабілеттер мен дағ­дыларды қалыптастыру біздің бі­лім беру жүйесінің, әсіресе оның гуманитарлық бағытының ажы­рамас бөлшегі болуы шарт. Гума­нитарлық ғылымдар қоғамдық және әлеуметтік үдерістердің мә­нін түсінуге, бірегей көзқарас пен дұрыс танымды қалып­тас­тыруға тәрбиелеуі керек. Сондықтан гуманитарлық ғы­лымды қолдау мен дамытудың, жастардың оған деген қызығу­шы­лығын арттырудың маңызы зор деп білемін. Жоғары оқу орын­дарында осы бағыттағы пәндерді оқыту сапасын көтеру қажет. Бұл жерде тағы да басқа мәселе же­терлік. Десек те, гу­манитарлық ғы­лымдар осынау жаңа заманның көптеген күрделі сұрақтарына жауап табуға сеп­тігін тигізетіні сөз­сіз» делінген жазбада.