72 сағат. Қытай мен Үндістан туристерінен қандай түсім бар?
72 сағат. Қытай мен Үндістан туристерінен қандай түсім бар?
172
оқылды

2020 жылдың 1 қаңта­рынан бастап Қытай мен Үндістан азаматтары үшін Қазақстан арқылы тран­зит­пен ұшатындарға 72 сағаттық визасыз режим ашылды. Аталған шара 2020 жылдың 31 желтоқ­санына дейін күшінде болады.

72 сағаттық визасыз режим Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Тараз қалаларының әуежайлары арқылы транзитпен өтетін жолаушыларға арналып отыр. Бұл туралы толығырақ мә­лі­мет Сыртқы істер министрлігінің Telegram-каналында жарияланды. «2020 жылғы 1 қаңтардан бастап «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олар­дың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республи­касының Мемлекеттік шекара­сынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сон­дай-ақ Қазақстан Республи­касының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкі­метінің қаулысына сәйкес Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақ­тау, Қарағанды және Тараз қа­лаларының халықаралық әуе­жайлары арқылы транзитпен өтетін Қытай Халық Республи­касының және Үндістан Респуб­ликасының азаматтары үшін ен­гізілген Қазақстан Республи­ка­сына кірудің, онда болудың және одан кетудің 72 сағаттық визасыз режимі қолданылады», – делінген хабарламада.

Яғни, алдағы уақытта Қытай және Үндістан азаматтарының паспорттарына Шекара қызметі өткізу пункттерінде мөртаңбалар қойылып, Мемлекеттік шекараны кесіп өту уақыты көрсетіледі. Осы мөртаңбадағы мерзім бойынша 72 сағат ішінде екі елден келген жолаушы Қазақстанда еркін жүре алады.

Жалпы, визасыз режимде саяхаттау жүйесі қазір көптеген мемлекетте қолданыста бар тәжірибе. Қазақстанға 60-қа жуық елдің азаматы үшін визасыз кіруге жағдай жасалған. Әрине, мем­лекетаралық келісімдерге орай әр елдің азаматының жүріп-тұру уақытының мерзімі әртүрлі. Сол сияқты қазақстандықтар да виза­сыз белгілі бір уақытта жүздеген мемлекетке еркін бара алады.

Айта кету керек, Қытай мен Үндістан азаматтары үшін 72 са­ғаттық визасыз рұқсат беру 2018 жылдың көктемінде қабылданған. Бірақ ол кезде Астана мен Алматы қалаларындағы халықаралық әуежайлар арқылы транзитпен ұшатындарға қарастырылған. Биыл тағы төрт қала қосылып отыр. Егер аталған екі елдің азаматы визасыз жүйені бұзатын болса, оларды елден шығарып жіберу үдерісі өз қаражаттарының есебінен жүзеге асырылатыны жазылған. Ал олардың қаржысы болмаса, онда оларды Қазақстанға әкелген авиакомпаниялар мін­детті болады делінген.

Сол жылы қазақстандық БАҚ-на сұхбат берген ҚХР Мә­дениет және туризм министрлігі өкілдігінің басшысы Ван Шулинь 72 сағаттық визасыз режимнің Қытай азаматтары үшін аздық ететінін, себебі Қазақстанда ту­ризм инфрақұрылымы мен қыз­мет көрсетудің даму көрсеткіші төмен болғандықтан уақыт аз екенін, сондықтан визасыз ре­жим­нің мерзімін әлі де ұзарту қажеттігін құлаққағыс еткендей болған.

Расында да туризм саласы дамыған әлем елдері үшін Қытай туристері басты тақырыпқа ай­налып отыр. Ұлыбританияның Daily Mail порталы 2021 жылға қарай әлем елдеріне саяхат жа­сайтын Қытай туристерінің саны 200 миллион адамға жететінін жазады. Бір ғана 2016 жылдың өзінде 135 млн қытайлық турист сапарға шығыпты. Қытай турис­терінің өзге мемлекеттерді қы­зық­тырып отыруының себебі – олар топ-тобымен жүргенді тәуір көретін халық. Яғни, шекарадан қаптаған күйі асып қана қоймай, барған жерінде көп ақша жұм­сауымен ерекшеленеді. Daily Mail-дің жазуынша Қытай ту­ристері британдықтардан бес есе көп қаражат шығарады екен. Қытайлық туристерді Германия, Франция, Италия және АҚШ мемлекеттері қызықтырады.

Қытай туристеріне визасыз режим ашып қойған елдің бірі – Ресей. РФ-да Қытай азаматтары үшін 15 күндік визасыз жүріп-тұру қарастырылған. Осы жүйенің арқасында көрші ел 2017 жылы ҚХР-дан 850 мың турист тар­тып­ты. Ханзулар Ресейге негізінен балет пен музейді тамашалауға және алтын мен янтарь сатып алуға баратын көрінеді. Сондай-ақ революция мен Лениннің жеке басына және Ұлы Отан соғысына қатысты тарихи орындарды кө­руге аса құмартады. Сірә комму­нистік жүйедегі елдің тұрғын­дарын сол жүйенің тарихына қатысты деректер қызықтырса керек. Ресейге 2018 жылы 1 млн Қытай азаматы арнайы туристік топпен бірге келсе, 200 мыңдай адам өз бетінше қыдырып барған.

Халықаралық туристік ұйым­дардың бағалауынша, қытайлық турист ақшалы турист саналады. РФ Орталық банкінің дерегінше, 2019 жылдың алғашқы тоқса­нында қытай туристері ел эко­номикасына 264 млн доллар кіріс кіргізген. Бұл Екатеринбург және Новосібір секілді қалалардың бір жылдық бюджетінен көп сома. Ресей төлем жүйесіндегі дерек бойынша, бір қытай азаматы банк картасы арқылы 25 мың рубльге кәдесый сатып алады екен. Орта есеппен әрбір қытайлық бір кел­генде кем дегенде үш-төрт ақылы музейге кіреді. Демек, Кремль мен Эрмитаждың кассасын Қы­тай туристері толтырып отыр деген сөз.

Әлемдік экономиканың үлкен бір бөлігіне айналған Қытайдың соңынан келе жатқан елдің бірі – Үндістан. Үндістандықтар да соң­ғы уақытта жиі саяхатқа шығып, іскерлік бағытта байланыс ор­натуды қолға алуда. Туристік ұйым­дар есебінше бір үнділік турист сауда-саттыққа 25 мың рупий ($359) жұмсайды. Олар көбінесе өздерімен бірге шоколад, сәнді киімдер мен аксессуарлар алып кеткенді ұнатады. Әрине, Үндістан экономикасының көле­мі мен қаржылық қуаты жағынан ҚХР-дан кейіндеу қалғаны бел­гілі. Десе де, Үндістан әлем бо­йын­ша диаспорасы көп ел. 18 мил­­лион үнді азаматы басқа мемлекеттерде өмір сүріп жатыр. Оның да өз артықшылығы бар. Мәселен, 2018 жылы үнділер шетелден Отанына 80 млрд доллар жөнелтіпті. Бұл көрсеткіш Үндіс­танды сырттан қаржы тартқан алдыңғы қатарлы мемлекетке қосты.

Үндістанның Резерв банкінің мәліметі бойынша 2017-2018 жыл­дардағы елдің ішінде жасал­ған ақшалай аударымдардың өзі сауда дефицитінің 43%-ын жабуға көмектескен.

Әйтсе де, мұның барлығы әлемдік көрсеткіштер. Әлем ке­зіп, жиған-терген қаржысын ту­ризмге тастап жүрген саяхатшылар Қазақстанға келіп қаржысын са­лады деуге әлі ертерек. Бір шын­дық бар, дәл қазір бізге келетін Қытай мен Үндістан азаматтары қыдыру үшін емес, іскерлік ба­ғыт­ты көздейді. Ол дегеніміз Қа­зақ­станда көруге тұрарлық жер жоқ, тамсанарлық орын аз де­ген­дік емес. Апаратын жол мен көр­сетілетін қызмет сапасының төмендігі.

Рас, ресми деректерде 2018 жы­лы елімізге 8,5 млн турист кел­гені айтылады. Алайда олардың 1,2 миллионы құжат толтырғанда іскерлік мақсатпен келгенін жаз­са, 6,2 млн шетелдік жеке мақ­сат­пен жүргенін айтқан. Тек 81 мыңы туризм үшін келдім деп көрсетіпті.

Ал жеке Қытайдың өзінен іскерлік мақсатта келетіндерді айт­пағанда турист ретінде келе­тіндер саны жылдан-жылға аза­йып келеді. Егер 2014 жылы Қы­тайдан біздің елге 228 мыңдай турист келсе, бір жылдан кейін ол сан 111 мыңға түскен. Сондай-ақ 2016 жылы – 117 мың, ЭКСПО көр­месін өткізген жылы – 94 мың, 2018 жылы 51 мың турист келіпті. Бұл Қытайдан шығатын қыдырымпаздардың саны азайды дегенді білдірмейді, тек олардың Қазақстанға турист ретіндегі көзқарасы өзгерген. Бұл көрсет­кішке іскерлік бағытта келетін­дердің кірмейтіні анық. Басы ашық дүние – Қытай туристерін әлемдік туризм нарығы өзіне тар­тып жатқаны. Жоғарыда келтірген 2021 жылы қытайлық турист 200 миллионға жетеді деген дерек осының айғағы. Демек, еліміз сол 200 млн-ның 20 миллионын сәл аялдата алса да, үлкен олжа түспек.

Өйткені Қазақстан – үлкен аумақты алып жатқан мемлекет. Жүк тасымалы транзиті ғана емес, жолаушылар легі, туристерге қызмет көрсету жағынан да қомақты табыс түсіруге мол мүмкіндік бар. Сондықтан бұл бағытта атқарар шаруа жетерлік.

 


Орденбек МАЗБАЕВ,
география ғылымдарының докторы:

– Біріншіден, 72 сағаттық ви­засыз режим жоғарыдағы бес қа­лаға ғана қатысты ма әлде өңірлер де кіре ме? Сол жағы түсініксіздеу. Екіншіден, Қытай туристері бол­сын, іскерлік мақсатта келген кәсіпкерлері болсын олардың не көздегенін анықтап отыратын тетіктер болуы керек. Оны айтып отырғаным ана жылы Қытайға ғылыми мақсатпен барған кезде жол бастаушымыз қасымыздан бір елі қалмай, жүріс-тұрысымыз түгел бақылауда болды. Қытай­дағы гидтердің көбі бірнеше тіл білетін, арнайы орындарда жат­тыққан қызметкерлер. Біз де осы жағын қолға алғанымыз жөн. Ол қауіпсіздігін ойлаған әр мемлекет үшін қалыпты жағдай. Ал енді қаржы түсіру жағынан келсек, сөз жоқ Қытай туристері ақшалы. Қытайлардың демалысы – сауда-саттық жасағаны. Олай дейтінім таяуда бізге ҚХР-нан ғалымдар келді. Қонақ қылып күтіп, елор­дадағы «Хан Шатыр» сауда орта­лығына алып бардық. Байқа­ға­нымыз, бара сала олар былғары етік, сөмке, оюлы белдіктерге жүгірді. Көзімізше 80-90 мың теңгенің етігін сатып алды. Яғни, қытайлар сауда-саттық жасағанды оның үстіне табиғи өнімді жақсы көреді. Бірақ шекарадан көптеп алып өтуге рұқсат жоқ. Сонымен қатар қытайлар біздің ауыл ша­руашылығы өнімдерімізге қатты қызығады. Егер шекараға біздің таза өнімдерді апарып қойып, жолын тауып саудалай алсақ, тек шикізат емес, дайын өнім экспортын да ұлғайтар едік.