Демографиядағы дүмпу

Демографиядағы дүмпу

2020 жылы 425 625 бала өмірге кел­ген. Осылайша, ел тарихында ре­корд орнады. Бұған дейінгі ең жо­ғары көрсеткіш 1987 жылдың ен­шісінде болған. Ол кездегі бэби-бум шамасы 417 мыңды межелеген. Енді араға 33 жыл салып, ол рекорд жаңар­ды. Кейбірі бала туу көрсет­кішінің өсуіне пандемия әсер етті деп жатыр. Статистикаға шын мәнінде не әсер етті? Мамандар не дейді? Со­ны­­мен бірге ажырасу санын да шо­лып шыққанды жөн көрдік.

Түркістанда туу көрсеткіші жоғары

Сүйінші хабар ел арасында демде тара­ды. Әлбетте, демографиялық дүмпуді күтіп жүрген көпшілік үшін бұл жаңалық майдай жағады. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ресми деректерді жариялаған екен. Біз де анық-қанығын білмекке тырысып, кестені жүктеп алдық. Ресми статистикаға тоқталсақ, 2019 жылы 403 064 бала өмірге келген. Былтырғы шама – 425 625. Соның ішінде қала халқының бала туу көрсеткіші жоғары – 248 669. Қалғаны ауыл халқына тиесілі. Аймақтар бойынша жіктейтін болсақ, 2020 жылы шаңырағында сәби күлкісі көбірек сыңғырлаған аймақтардың үштігінде: Түркістан облысы (61 186), Алматы облысы (54 130) және Алматы қаласы (35 450) тұр. Керісінше, көрсеткіші төмен аймақтар қатарында  Солтүстік   Қазақстан облысы (6 886), Қостанай облысы (11 702) және Павлодар облысы (11 861). Еліміздің оңтүстік өңірі мен сол­түс­тік аймағында осындай айырмашылық болатыны бесенеден белгілі. Бұл жолы да өзгеріс жоқ.

 Ұлттар үлесі қандай?

Статистикалық мәліметтерді әрі қарай жалғасақ, былтыр өмірге келген сәбилердің ұлтына байланысты көрсет­кіштер де қолда бар. Бұл жерде деректер анасының ұлты бойынша келтірілген. Былтыр дүние есігін ашқан балалардың басым бөлігі – қазақтар. Атап айтқанда, 339 705 сәби. Сонымен бірге 33 690 – орыс, 18 706 – өзбек, 6 381 ұйғыр бала өмірге келген. Бұл – бізде тұратын ұлт өкілдерінің ішінде 2020 жылы туған сәбилер саны жөнінен алдыңғы шепте тұрғандар. Ал Қазақстандағы жапон, серб, француз, итальян және т.б ұлт өкілдерінің санатына былтыр бір-бірден өкіл қосылған. Ал 11 баланың ұлты ата-анасының шешімімен көрсетілмеген.

20 миллионғақашан жетеміз?

Бұған дейін жасалған демографиялық болжамдарға көз салсақ, 2030 жылға қарай қазақстандықтар саны 20 миллионнан асып жығылуы мүмкін делінген еді. Атап айтқанда, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ осындай болжам жасаған. Орталықтың мәліметінше, егер демо­графиялық көрсеткіштер осы динамикада жылжитын болса, 2050 жылдары Қазақстан халқының саны 25,4 миллионнан астам болуы ғажап емес. Оның ішінде, 16,7 мил­лионы қалада тұрса, 8,7 миллионы ауылдық жерде тұрады-мыс. Жалпы алғанда, жыл сайынғы деректен байқа­ғанымыз, урбани­зация қарқыны күшейіп келеді. «2030 жылға қарай республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­ларында барлық тұрғынның 27,4 пайызы тұрады. Ал 2050 жылдары бұл көрсеткіш 36 пайыздан асады. Тағы бір айта кететін жайт, бол­жамымыз бойынша 10 жылдан соң Алматы және Түркістан облыстарында – 2 мил­лион, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қара­ғанды облыстарында 1 миллиондай тұрғын болады. Ал Ақтөбе, Атырау, Маң­ғыстау, Қызылорда облыстары миллион тұрғыны бар аймақтардың қатарын толық­тырады» делінген орталықтың бол­жамында.

Пандемия және бэби-бум

Қазіргі демографиялық көрсеткіштер сақталса, 20 миллиондық межеге жетуіміз мүмкін деген пікірге демограф Аяулым Сағынбаева да қосылып отыр. Әрі бұл ре­кордтың көпшілік ойлағандай, карантин кезінде халықтың үйде «қамалып» отыр­ғанына тікелей байланысты деген қате түсінік екенін айтады. «Біріншіден, мұны пан­демиямен байланыстыруға болмайды. Себебі жанама ғана әсер етпесе, толықтай соның есебінен өсті деу қисынға келмейді. 30-дан асқан әйелдердің репродуктивті қабілетін барынша пайдаланып қалу үшін, екінші, үшінші не төртінші баланы өмірге әкеліп үлгеруге асыққанның әсері десек болады. Мысалы, бұрын 30-ға толғанша бір бала туып алайын дейтін болса, жасы ұлғайған соң 35-ке келгенше тағы екеуін туайын дейді. Жалпы, демографияға 30 жыл сайын бэби-бум қайталанып тұрады деген бар. Яғни, 1987 жылғы рекорд 33 жылдан кейін нәтижесін беріп отыр. Қазір әйелдер білім алып, экономикалық, қар­жы­лық сауаты артқан сайын бала туу тура­лы шешімді саналы түрде қабылдайды. Қан­ша баланы асырай алады, жақсылап ойланады. Дегенмен мұның табиғи процесс екенін ескеру керек. Ешкімді тууға күштеп не тыйым салуға құқымыз жоқ. Егер осы қар­қын сақталатын болса, 20 миллиондық ме­жеге жетіп қалуымыз әбден мүмкін», – дей­ді сарапшы.

«Біріншіден, мұны пан­демиямен байланыстыруға болмайды. Себебі жанама ғана әсер етпесе, толықтай соның есебінен өсті деу қисынға келмейді. 30-дан асқан әйелдердің репродуктивті қабілетін барынша пайдаланып қалу үшін, екінші, үшінші не төртінші баланы өмірге әкеліп үлгеруге асыққанның әсері десек болады.

 

Ажырасу саны азайған, бірақ…

Карантин кезінде ажырасу саны ұл­ғайды деген ақпараттың тарағаны да көптің есінде болар. Әйтсе де, нақты статистика әлі жарияланбады. Демо­графия­лық көр­сеткіштерден құралған кестеге көз салсақ, 2019 жылы 59 797 отбасы екіге кеткен. Ал 2020 жылы 22 513 шаңырақ шайқалған. Ажырасу саны шамамен үш есе азайды екен деп бөркімізді аспанға атуға әлі ерте. Себе­бі байқасақ, әлі статистикалық мә­лімет­тің жанында жұлдызша, яғни ескертпе тұр. Бұл дегеніміз – 22 мыңдай ажырасу шамасы Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының деректері бойынша ғана жасалған. Қысқаша түсіндіретін болсақ, бұл жерде сот арқылы ажырасқандардың дерегі тіркелмеген. Елімізде арада баласы жоқ ерлі-зайыптылар сот шешімінсіз екіге ажырайды. Ал енді балалы болса, онда некені бұзу процесі біршама ұзайды. Демек, 2020 жылы ажырасқандар нақты саны қанша екені әзірге белгісіз. Бәлкім, одан бір жыл бұрынғы межеден да асып жығылар. Мұны ресми деректер жария­ланған соң біле жатармыз. Ал енді шаңырақ көтергендер санына келсек, 2019 жылы 139 504 жұп қосылса, былтыр одан сәл аз – 128 838 жұп.

Жақындардан айырған жыл

Пандемия кезінде қанша адам туған-туысын ақтық сапарға аттандырғаны белгілі. Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде өлім-жітім көбейгендей көрінді. Ендеше ресми дерек не дейді? Шолып шығайық. 2019 жылы 133 489 адам өмірден өтсе, 2020 жылы 162 613 адам қайтыс болған. Оның ішінде ерлердің үлесі – 53,8 пайыз. Қалған 75 055-сі – әйел адам. Қайтыс болу себебіне келсек, аса үлкен өзгеріс жоқ. Шамасы жөнінен ерекше өсім байқалғаны – тұмау, ТЖАА мен өкпенің қабынуы, инфекциялық және паразитарлы аурулар. Мысалы, 2019 жылы бірінші себеппен 4 164 адам өмірден өтсе, пандемия жылында 61,9 пайызға көп –10 947 адам. Сол сияқты 2019 жылы инфекциялық ауру­лардан 1 366 адам көз жұмса, былтыр ол шама 2 921-ге жеткен.

Жадыра АҚҚАЙЫР