Таяу Шығыста «Пандора жәшігі» ашылды
Таяу Шығыста «Пандора жәшігі» ашылды
209
оқылды

Жаңа жыл Таяу Шығыста жаңа дүрбелеңмен бастал­ды. Онсыз да соңғы ширек ға­­сырда түрлі деңгейдегі қақ­тығыстардан көз ашпаған өңірде жағдай ушығып тұр. Қырық жыл бойы бір-біріне тіс қайрап келген АҚШ пен Иран 3 қаңтардан бері тіптен ерегісіп отырған жайы бар. Өйткені АҚШ Иран әскері қол­­­басшыларының бірін өл­тір­ді.

3 қаңтарда АҚШ-тың Парсы шығанағы төңірегіндегі әскери базаларының бірінен ұшып шық­қан ұшқышсыз аппарат Бағ­дат әуежайында Иранның ис­лам революциясын қорғау кор­пусы «әл-Құдыс» күштерінің командирі, генерал Касем Сулей­ма­ниді өлтірді. Оның қасында ирактық «Хашди Шаби» тобы жетекшісінің орынбасары Әбу Мәхди әл-Мухандис болған. Ша­буыл кезінде аталған тұлға­лар­дан бөлек тағы біршама адам көз жұмды. Бұл оқиға Таяу Шы­ғыс­тағы жағдайды шие­­ле­ніс­ті­ріп жіберді. Әзірге тек­етіреске түскен тараптар ашық айқасқа шыға қойған жоқ, бірақ басшы-қосшының түр­лі мә­лім­демелері, дөңайбат көр­се­ту, ақпараттық майдан ашу анық байқалып тұр. Дегенмен дін атын жамылған түрлі топтар Африка мен Таяу Шы­ғыста бірқатар АҚШ нысан­да­рына шабуыл жасаған. Ал жа­һан жұртын оқиға қалай өрби­тіні алаңдататын тәрізді.

 

Парсылар «кек қайтарамыз» дейді

Касем Сулеймани өлтірілген соң парсылар кек қайтаруға мық­­­тап бекінгенін жариялады. Бір­­қатар ақпарат құралдары Иран әскери әуе күштері өз ұшақ­­тарын Иракпен шекараға топтастырып, қолдарындағы барлық зымыранды даяр етіп қойғаны жайлы хабар таратты. Сонымен қатар кек қайтқанша тү­сірілмейтін қызыл туды Джам­­керан мешітіне тігіп, ел тұрғын­да­рын майданға шақырған жайы бар. Түрлі радикал топтарды қа­зірдің өзінде астыртын қол­дап, Иракта, Африканың бір­қа­тар елдерінде шабуылдар ұйым­­дас­­тырған сыңайлы. Кения­да­ғы америкалық Симба әскери ба­засына шабуыл жасаған әл-Ша­баб тобы АҚШ-тың үш аза­ма­тының өліміне себеп бол­ды. Олардың арасында генерал Сти­вен Таунзенд те бар деген дерек тарады. Бірақ ресми Вашингтон генерал жайлы ештеңе демеді. Ал тағы бірқатар қарулы топтар Ирактағы АҚШ елшілігін, осы елдің Мосул қаласындағы әске­ри базаны атқылаған. Бірақ рес­ми Тегеран бұл шабуылдарға қандай да бір қатысы бар-жоғын мәлімдеген емес. Әзірге тек масс-медиа арқылы айбат шегуде. Осынау мәлімдемелердің ішінде «Израиль мен Хайфа қаласын жоқ қыламыз» деген «уәде» де бар.

Ал Ирак билігі Сулейманидің өлтірілуіне байланысты АҚШ әскерлерін елден шығару мәсе­ле­сін көтерді. Оған Дональд Трамп «біздің Ирактағы барлық шығын­­дарымызды өтеп берсеңдер, елден шығамыз» деген мағынадағы жауап қайтарды. Вашингтон аймаққа қосымша әскер жіберуге бекініп отыр. Дегенмен ирандық генералдың өлімі аймақтағы діни алауыздықты үдетіп жі­бе­­руі мүмкін екенін жоққа шы­ғар­­маймыз. Өйткені 2003 жы­лы АҚШ әскеріне айрықша қар­­сылық көрсеткен ирактық шиит дінбасы Муктада ас-Садр өз жақ­тас­тарын қарулануға шақыр­ды.

 

АҚШ: 52 нысананы жоқ қыламыз

Дональд Трамп парсы мем­ле­кеті АҚШ нысандарына ша­буыл жасаған жағдайда 52 ны­­санды жоқ қылуға әзір екенін мәлімдеген. Шамасы бұл нысандарды алдын ала белгілеп қойғанға ұқсайды. Осы тұста атап өтетін бір мәселе, АҚШ пен одақтастары ДАИШ-қа қарсы ұрыс жүргізген кезде сөз басында айтқан «Хашди Шаби»   тобымен де ымыраласқаны бар. Исламның шииттің бағытын ұста­натын азаматтардан құралған бұл топты Сирия мен Ирактағы террористерді жою мақсатында пайдаланған. Кейін бұл топты террористердің тізіміне қоса салды. Ал Сулейманиді Таяу Шы­ғыстағы АҚШ мүддесіне қар­сы жұмыс істеген тұлға ретін­­де бағалайды. Ол Йемен­де­гі, Ирак пен Сириядағы, Ли­ван­­да­ғы қарулы топтардың «үйлес­ті­рушісі» болғанға ұқсайды. Ба­тыс масс-медиасының пікірі осын­дай. АҚШ-тың НАТО-дағы одақ­­тастарының біразы Вашинг­тон­ды қолдауға әзір екенін бай­қа­тып отыр. Ұлыбритания қазірдің өзінде ұрысқа кірісуге даяр еке­нін білдірді. Бірақ кей­бір стра­тегиялық одақтастар «ойын­нан тыс қалуды» құп көрген тәрізді. Атап айтқанда, Пәкістан өңірде қандай да бір әскери операция басталса өзінің әуе кеңістігі мен әскери базаларын АҚШ әскер­­ле­­рінің қолдануына рұқсат бермей­ті­нін мәлімдеді.

Әрине, мұндайда конспироло­гия­ға құмар болған жақсы емес. Алайда Таяу Шығыс елдерінің бірқатар масс-медиасы «даудың басы» болған Сулейманидің аме­ри­калық әскерилермен бірге жүр­ген фотосын да жариялады. Түсі­ніп көріңіз енді.

 

Иран бүлінсе Тұран не болмақ?

Әрине, көптеген сарапшылар Иран мен АҚШ ашық соғысқа бара қоймайтынын айтады. Өйт­кені Парсы шығанағының айна­­ласындағы елдердің біразы­нан онсыз да береке қашқан. Ал аймақ­тағы қуатты ел Иран мен әлемдік супердержава АҚШ ашық майданға кіріссе оның зардабы Таяу Шығыстан асып, Еуропаға, Орталық Азияға дейін тиюі мүмкін. Иранның тәуелсіз түркі мемлекеттерінің үшеуімен құрлықта, бізбен Каспий арқылы шекараласатынын ескерсек, соғыстың зардабы бізге де белгі­лі мөлшерде тиюі мүмкін. Одан ары Каспий теңізіндегі парсы флотының кемелері орта қашықтықтағы зымырандар пай­даланар болса, жауап та ке­шікпейді. Онда бұл аймақтың эко­логиясы мен экономикасына айтар­лықтай зиян келеді. Ірі кө­лемдегі ұрыс бола қалған жағдай­да босқындар мәселесі тағы туындайды. Түркиядағы АНКАСАМ зерттеу орталығы Еу­разия бөлімінің басшысы Дін­мұхамет Әметбектің айтуын­ша, бұл текетірестің түрлі астары бар.

«Мәселені Түркі әлемі тұрғы­сынан сараптайтын болсақ, бұл дағдарыс ең алдымен Түркия мен Әзірбайжан, сондай-ақ Қазақстан және Тұранның өзге де республикалары үшін бір жағынан қауіп-қатер төндірсе, екінші бір жағынан мүм­кін­­шіліктер де ұсынып тұр. Қауіп-қатерден бастайтын бол­сақ, Иранның бүлінуі бүкіл ай­мақ­­тың тұрақсыздануы деген сөз. Ең алдымен Түркия мен Әзірбайжанға жаңа бір босқын легінің келуіне апарып соғады. Иран лаңкестердің жаңа ұясына айналуы ықтимал. Бұл жағдайда Хазар теңізі (Каспий) мен Кавказ аймағының тыныштығы бұзылуы мүмкін. Мұндай қауіп-қатер Ресейдің аймақтағы ықпалын арт­тыра түседі. Әзірбайжан мен Түркіменстанды Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына мүше болуға итермелеуі мүмкін. Яғни, Түркіменстан бейтараптық мәртебесін қайта қарауы ғажап емес.

Экономикалық тұрғыдан Қазақ­станның Иран арқылы Парсы шығанағына шығу бағы­тына қауіп төнеді. Алматы-Бан­­дар Аббас теміржолы же­лі­сі тоқтайды. Әзірбайжан тұр­­ғысынан «Солтүстік-Оңтүстік тасымал коридоры» да үзіліп қалады. Бұл жағдай Бакудың соңғы жылдары Ресей мен Иран қатынасын күшейту арқылы Арменияны тығырыққа тіреу саясатына нұқсан келтіреді.

Мүмкіншіліктерге келе­тін болсақ, Иранның әлсіреуі Теге­ран­ның Ирак пен Сириядағы ық­палының азаюы деген сөз. Бұл жағдайда Түркияның ай­мақ­­­­тағы ықпалы күшейе тү­се­ді. Экономикалық тұрғы­дан қарағанда Иранның тұ­­­­рақ­­­­­сыздануы Әзірбайжан, Түр­кі­­­менстан мен Қазақстан секілді мұ­най мен газ өндіретін түркі елде­­рінің мүддесіне жарайды. Иран­нан өтетін «Орта Азия-Батыс Азия коридорының» іске аспауына немесе кешеуілдеуіне байланысты Түркі кеңесі елде­рі­нің дамытып жатқан орта кори­доры Қытай тұрғысынан ма­ңыз­дылығын арттырады», – деді сарапшы.


Амангелді ҚҰРМЕТ